Инфрақұрылым

Жолаушы тасымалының үлесі артып келеді

Облыста елді мекендерді тұрақты жолаушы тасымалымен қамту үлесі 74 пайыздан асады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында 340,3 млн. жолаушы тасымалданып, елді мекендерді тұрақты қатынаспен қамту үлесі 74,6 пайызға жетті.

Әлеуметтік маңызы бар әрі жергілікті бюджеттен субсидиялауға жататын облысішілік қатынастарға былтыр  3,7 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталса, оның басым бөлігі автобус маршруттарын, екінші бөлігі теміржол маршруттарын, ал үшінші бөлігі әуе маршруттарын қолдауға бөлінді. Сонымен қатар өңірде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың тегін жол жүруін ұйымдастыру үшін қосымша қаражат көзделіп, елді мекендердегі 6,5 мың бала үшін 140,5 млн. теңге бағытталды.

Былтыр Өскемен қаласының әуежайын қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, облыстың бас шаһарындағы қоғамдық көлікті жаңарту бойынша жұмыстар жалғасын тапты. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар маршруттар мен азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санатын субсидиялау, жол жүру ақысы мен диспетчер қызметінің автоматтандырылған жүйесін дамыту, Зайсан қаласындағы әуежайды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.

Оған қоса, облыста жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтсақ, өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар 244 шақырым жол мен елді мекендердің көшелері және алты көпір жөнделді. Жалпы, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге, күтіп-ұстауға және көше-жол желісін қалпына келтіруге 12,8 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды.

Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 91 пайызға жеткізілді.

Осы айдарда

Back to top button