Инфрақұрылым

Жол жөндеуден көш бастап тұрмыз

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанда болды. Облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге ол Өскемен Талдықорған, Қалбатау Майқапшағай автомобиль жолдарының құрылыс барысымен танысты.

Автомобиль жолдары – бұл үлкен геосаяси және стратегиялық маңызы бар мемлекеттердің көлік артериялары. Біздің республикамыз да – ірі тасымалдаушы ел. Сонымен қатар қалалар мен аудандарды байланыстыратын жолдардың жағдайы транзиттік, туристік әлеуетке тікелей әсер етеді. Сондықтан облыстық және республикалық деңгейдегі жолдарды жөндеуге көп көңіл бөлінуде.

Қашықтығы 763 шақырымға созылатын Өскемен – Талдықорған тас жолы Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз, Шынқожа және Үшбиік, Алматы облысындағы Қойлық елді мекендерін айналып өтпек.

Жолдарды қалпына келтіру жұмыстары үш мердігер ұйым арасында – «CITIC Cinstruction Co. Ltd» ЖШС (консорциум жетекшісі), «К-Дорстрой» ЖШС және «Todini Central Asia» ЖШС арасында бөлінген.

«К-Дорстрой» ЖШС учаскелерінің бірі бойынша жоба жетекшісі Валерий Жұмағазиновтың айтуынша, қайта жаңғырту кезінде жаңа техникалар қолданылуда, жобаны іске асыру кезінде Шығыс Қазақстанның климаты ескеріледі.

– Біз жобаны 2017 жылы бастадық. Алдымен жобалық-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынды. Біздің басты ісіміз осы жылы атқарылмақ. Жол негізінің жоғарғы қабаты қиыршық тас-құм-цемент қоспасынан тұрады. Жабынның үстінгі қабаты – қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон. Жөндеусіз бұл жол кем дегенде 8-10 жылға шыдас береді, – дейді жоба жетекшісі.

Төтенше жағдайдың енгізілуі учаскелердегі жұмыстарды тоқтатқан емес. 2020 жылдың соңына дейін тас жолмен автокөлік қозғалысын ашу жоспарлануда.

– Бүгінде еліміз жол құрылысына үлкен қаражат жұмсауда, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. – Биыл Қазақстанда 4 мың шақырым жергілікті жолдар жөнделеді. 2021 жылға қарай 2,6 мың шақырым жол аяқталуы керек. Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан жолдарды қайта жаңғырту бойынша көш бастап келеді. Жол құрылысының көптеген адамдарға жұмыс орындарын ұсынатыны қуантады. Бұл адамдарға біліктілік алуға да мүмкіндік береді.

2021 жылы Өскемен-Талдықорған тас жолының қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Қалбатау – Майқапшағай тас жолының жөндеу жұмыстары мердігерлер – «КазГерСтрой» БК» ЖШС мен қытайлық «СиньСин» компаниясының қазақстандық филиалы арасында бөлінген. Қайта қалпына келтірілетін учаскенің жалпы қашықтығы – 415 шақырым. Жаңа жол жүру уақытын қысқартып, өткізу қабілетін арттыратын болады. Қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп көзделуде.

Дарья Антон

Осы айдарда

Back to top button