Өзекті

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ МАМАНДАРЫ ҚАЖЕТ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Физика, химия, математиканы миға құйып, техникалық мамандықтарды меңгеру керек.  Осы бағыттағы мамандықтарға оқуға түсетіндерді ынталандырып, жеңілдіктер жасау керек. Керек, керек дегенімізбен, табылмай, аса тапшы болып отырған техникалық мамандық иелерінің бірі жол құрылысының мамандары.

Жұрт аңсап жүрген сапалы жолды салмақ түгілі, автокөлік жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарын ойдағыдай жүргізе алатын жол шеберлері, инженер-құрылысшылар, инженер-сметашылар, зертханашылар, арнайы техника машинистері, асфальт-бетоншылар сияқты білікті, білімді мамандар да аз.

Елімізде зәрулік тудырып отырған жол құрылысы саласының мамандарын даярлау үшін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының  мамандары былтыр облыстың қалалары мен аудандарындағы 160 мектепке барып, мектеп түлектерін осы мамандыққа тартуға орай кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізген. Орталық филиалының мамандары бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын айтады, ағымдағы жылы колледждерді де қамтымақ. Иә, мектеп түлектері жаппай экономист, заңгер, филолог мамандықтарын оқып, жұмыссыздар армиясын көбейтпей, табылмай жатқан осындай жол құрылысы саласының, басқа да техникалық мамандықтарды  меңгергені жөн.

Өткен аптада филиал мамандары Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттерімен кездескен. Әрине, оқу орны түлектерін алдымен жол саласы мамандарының еңбекақысы, еңбек жағдайы қызықтырған. Жол саласы мамандарының алып отырған жалақысы орта есеппен 300 мың теңге және одан жоғары көрінеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК-ның сарапшылары жол салатын мамандардың жетіспеу себептері: ЖОО-ларда мамандарды дұрыс даярламаудан, жұмыс істеп жүрген мамандардың өз білімін жетілдіруге құлықсыздығынан, жол саласы ғылымын жеткілікті деңгейде қаржыландырмаудан, кәсіби мамандарға деген қажеттіліктің дұрыс зерттелмеуінен деп санайды. Сарапшылар Қазақстанда күн тәртібінен түспей келе жатқан жол мәселесін шешу үшін, кезінде ЖОО-ларда өз алдына дербес оқытылған автожолдар мен әуеайлақтар құрылысы мамандығын қайтадан ашып, жеке оқыту да өзекті болып отырғанын айтады. Бүгінде бұл мамандықтар сәулет және құрылыс  бағытындағы мамандыққа қосылып оқытылып жатыр. Осының салдарынан болашақ жолшылар өз мамандықтары бойынша тиісті деңгейде білім ала алмауда. Сондай-ақ сарапшылар жол құрылысы құнының 0,5 пайызын жобалардың ғылыми сараптамасын жүргізуге және  жол саласы ғылымын дамытуға бөлу туралы ереже қабылдап, заңды түрде бекіту керек деп есептейді.

Былтыр «Қазжол» ҒЗИ маман тапшылығын шешу мақсатында жол саласы мамандарының бірыңғай біліктілік базасын, нақтырақ айтқанда, салалық еңбек биржасын құрған. Ақпараттық жүйеге кәсіби жолшыларды даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектері, жұмыс орындарында жұмыс істеп жүрген инженерлер, шеберлер, жобалаушылар, жол құрылысының басқа да қажетті мамандары енгізілген. Бұл салалық еңбек нарығын талдап, болжауға мүмкіндік бермек. Мердігерлер аталған жүйе арқылы онлайн түрінде жолдарды жобалау, жолдарды жөндеу технологиялары тағы да басқа салалық мәселелер бойынша білікті мамандарды таба алады. Мамандар цифрлық база кадр тапшылығын шешуге көмектесіп, жол құрылысының сапасына оң әсерін тигізеді деген сенімде.

Жол құрылысы саласының еңбек биржасы жол мамандарына деген сұранысты қаншалықты шешетіні әзірге белгісіз. Белгілісі, Мемлекет басшысы айтқандай: «Жалпы, бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтарға әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру қажет. Инженерлер мен  өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын өсіріп шығару қажет».

 

Осы айдарда

Back to top button