Тылсым дүние

Жол бойындағы қария кім болды екен?

Жол бойындағы қария кім болды екен?

Бір жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өтетін ақындар айтысына шақырту алып, өз көлігіммен жолға шықтым. Шымқалаға келіп тұрып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қалайша ғибадат етпейсің. Түзу жолмен барған адамға Шымкент шаһары мен Түркістанның арасы – 150 шақырым. Алайда, ол жақта Қожа Ахмет Яссауиге міндетті түрде Арыстан баб кесенесі арқылы баратын, ежелден қалыптасқан дәстүр бар екен. Аңызда Қожа Ахмет кесенесінің қабырғаларын үш мәрте көтеріп, үшеуінде де құлап қала берсе керек. Содан кесенені салдырушы Әмір Темірдің түсінде «Әуелгі құрметті Арыстан бабқа көрсет, ол – Ахметтің тәлімгер-ұстазы» деген аян беріліпті.
Қалыптасқан қағиданы ұстанып, Арыстан бабқа мен де бұрылдым. Кесенеге он екі шақырым жетпей, Шәуілдір ауылын басып өтуге тура келді. Көшеде тірі жан жоқ. Неше күн толассыз жауған жаңбырдан жердің ми батпағы шығып жатыр. Батпақтан бұрын ауыл ішінің тас төселмеген қиқы-шойқы жолымен жүру мұңға айналды. Көлік бірде оңға, бірде солға тартып, әзер ілбіп келеді. Бір-екі жерде жылдамдатқышты сәл қаттырақ басып қалып, жолдың шетіндегі батпаққа мүлдем батып қала жаздадым. Осылайша ақ тер, көк тер болып келе жатсам, жолдың қақ ортасында көнетоз киінген бір ақсақал қол көтеріп тұр. Аяғындағы керзі етігі тізесіне дейін балшық. Мәселе, балшықта да емес. Мен тоқтасам орнымнан қайта қозғалып кетуім мүмкін болмай қалайын деп тұр. Осы жағынан қауіптеніп, ақсақалдың қасынан әупірімдеп, тоқтамай өтіп кеттім. Қасымда отырған жолдасым: «Үлкен кісі екен, не де болса тоқтап, ала кетпедік пе?» деді. Бұл кезде біз ауылдан шығып кеткен едік. Сол әупіріммен бір сағат шамасында кесенеге де жеттік. Ауа райы жайсыз болғасын ба, кісі қарасы аз екен. Тіпті, жоқ десе де болғандай. Көлігімізді арнайы тұраққа қойып, кесенеге беттедік.

«Біссіміллә!» – деп, кіреберіс холдың сол жағындағы Арыстан баб мүрдесі жерленген бөлмеге бас сұққанымыз сол, босағадан аттар-аттамаста сілейіп тұрдық та қалдық. Мына ғажапты қараңыз. Манағы Шәуілдірде алмай кеткен бейтаныс қария Арыстан баб бейітінің басында екі көзін тарс жұмып ап, құран оқып отыр. Біздің енгенімізді елең де қылған жоқ. Қанша түстеп қарасам да, сол ақсақал екендігіне еш күмәнім қалмады. Екі жақтап қараймыз, сол. Бас киімі де, басқасы да. Білген құранымды оқып болып, кесене ішін бейнекамераға түсіре бастадым. Естелік үшін құран оқып отырған қарияны да біраз түсірдім. Кесененің басқа бөлмелерін аралап, ондағы жәдігерлерді де камераға тартып, манағы бөлмеге қайтып оралсам, әлгі ақсақалым жоқ орнында. Кесенені әлденеше айналып, маңайдағы көз жетер жердің бәрін қарадым. Зым-зия, жер жұтып қойғандай. Ең ғажабы, камерадағы бейнежазбаның бәрі бар да, дәл қарияны түсірген жерлер біреу әдейі өшіріп тастағандай, ізім-қайым жоқ.
Бұл жайында кейін бір діндар ақсақал: «Үлкен кісіні ала кетпегенің жөн болмаған екен, жастығың болар. Кей жағдайда Қыдыр қарияның бейшара адам кескінінде көрінетіні де болады» – деген еді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button