Ауыл шаруашылығы

«Жоңғар» бос жатқан жерді игеріп жатыр

«Жоңғар» бос жатқан жерді игеріп жатыр

Түгін тартсаң, майы шығатын өңірдің игілігін көріп отырғандардың бірі – «Жоңғар» шаруа қожалығы. Қазірде біздің өңірде аты бар да, заты жоқ шаруа қожалықтарының аткөпір екенін жасырып қайтеміз. Бірақ, бұл қожалық олардың қатарынан емес.

«Жоңғарлықтар» Кендірлік өзенінің бойындағы, Жарсу ауылының тұсындағы сары жазыққа сары бұршақ салыпты. Бұрындары бұл дақылды аталмыш өңірдің бірлі-жарым адамдары тиіп-қашып, аздап еккенімен, дәл бұлардай көлемді жерді тұқыммен көмкерген ешкім болмапты.

Іргетасын 2006 жылы қалаған шаруа қожалығы бастапқы жылдары картоп егумен айналысқан екен. Бірақ, түсімі жақсы болғанымен, базары бәсеңдеу, оның үстіне сақталуы қиын картоппен «Жоңғардың» бас иесі өткен жылы қайыр-қош айтысқан көрінеді. Сонымен Талдықорған өңіріне барып, ол жақтағы елдің тыныс-тіршілігін зерделеген қожалық иесі Болатбек Мизамхан Зайсан жеріне де сары бұршақ егуге болатынын бағамдап қайтыпты.
Біз егістік алқапқа сары алтындай сары бұршақ орылып жатқан шақта бардық. Бардық та, басшы Болатбектен дәл осы дақылды егуіне не себеп болғанын сұрадық.

Көзін тырнап ашқаннан Жер-Ананың төсін еміп келе жатқан қожалық иесі әуелгі сөзін сары бұршақтың тиімді тұстарынан бастады.

– Сары бұршақтан да, күнбағыстан да май алынады. Алайда, мұның майы күнбағыстың майына қарағанда анағұрлым жақсы, таза болады. Ең бастысы, ол егістік жерге күнбағыстай зиянды емес, биыл еккен жеріңе келесі жылы да сала беруіңе болады. Тегінде, көп дақылдың дәнін ғана аласың да, сабағы пайдалануға жарамай, бекерге қалып қояды ғой. Ал сары бұршақтың бір пайдалы тұсы: сабағы – бордақылайтын малға таптырмас азық, – дейді шаруа қожалығының иесі Болатбек Мизамхан.

120 гектарға егілген сояны жап-жаңа комбайн қомағайлана жұтып барады. Қасында алтын дәнге алақанын жайып, тіркемесін сүйреген трактор жүр. Бұл екі техника да жуықта ғана Қытайдан кіргізген жаңа дүниелер екен. Жаңа үлгідегі комбайнды 9 миллион теңгеге сатып әкеліпті. Және ауданнан да, облыстан да көмек сұрамай, өз күшімен жеткізіп алған. Ал жаңа техниканың игілігін бидай орған кезде көрші ауылдардың егіншілері көрген. «Мен қазір ешкімге алақан жайып, көмек сұрамаймын, тек аудан сұраған жерімді берсе болды» – дейді еңбекқор қожалық иесі.
Бұлай айтып отырғаны, алдағы жылдары егістік жердің аумағын 800-1000 гектарға дейін жеткізбек. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің азаматтары бұл мәселені тастай ғып, Болатханның сұраған жерінің барлығын реттеп қойғандарын айтады.

Жалпы, соя егушінің сөзіне қарағанда, өнім әр гектарынан 1,5 тоннадан айналып жатқан көрінеді. Бұл қалыпты түсім екен. Егер көктемде тұқымды 20 күн жай сеппегенде бұдан да жақсы өнім алар ма еді, кім білсін. Биылғы жылдан тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған диқан келесі жылы мұндай олқылықтарға жол бермеймін деп, білек сыбанып отыр.
Қазірде Талдықорғаннан сояның әр келісін 75 теңгеден алушылар табылып, сұраныс түсіп жатқан көрінеді. Өскеменнен де алушылар шыққанға ұқсайды. Ал өнім иесі «қайсысының бағасы қымбатырақ болса, соған сатамын» деп отыр. Соған қарағанда, сары бұршақтың базардағы бәсі жоғары болар деген ойға қалдық.

«Жоңғар» шаруа қожалығы ала жаздай ауылдың бес азаматын жұмыспен қамтып, олардың әрқайсысына 60 мың теңге көлемінде еңбекақы төлепті. Қожалық иесі шаруасының көлемін кеңейтсе, жұмысшылар санын әлі де арттыратын жасырмады.

Қорыта айтқанда, «Жоңғар» шаруа қожалығы Зайсан жеріне де соя егуге болатынын дәлелдеді. Егістік жерге зиянсыз, базары жақсы бұл дақыл болашақта аталмыш өңірдің негізгі өнімдерінің бірі боларына дау жоқ.

Зайсан ауданы.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button