Жоғары жылдамдықты интернетке қосылды
«Қазақтелеком» облыста талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын аяқтады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын АЕМ ТОБЖ жобасының құрылысының арқасында облыстың 94 шалғай ауылында 308 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым кең жолақты интернетке қосылды. Жобаны іске асыру үшін жыл басынан бастап облыста жалпы ұзындығы 1795 километр құбыр және 1913 километр талшықты-оптикалық кабель тартылды.
Бұл туралы «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында «Қазақтелеком» АҚ-ның филиалы – Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ермек Қуанышбеков айтып берді.
Бүгінгі күні жоба бойынша соңғы қосу Ұлан ауданындағы Асубұлақ, Тарғын және Катонқарағай ауданындағы Солоновка, Новополяковка ауылдарындағы мемлекеттік мекемелерде жүргізілді. Енді 10 мыңнан астам аудан тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп, заманауи телекоммуникация қызметтерін пайдалана алады.
-Бұл аудандардың халқын жоғары жылдамдықты интернетке қосу үшін мамандар күрделі географиялық ортаға байланысты техникалық шешімді бірнеше рет өзгертуге мәжбүр болды, өйткені екі аудан да таулы рельефке бай және Швейцария табиғатымен салыстырылатын табиғатымен танымал. Талшықты-оптикалық желінің жергілікті шаруа қожалықтарына тиесілі бидай дақылдары мен қымбат тұқым сорттарын егетін алқаптар арқылы өтетіні және жердің тасты топырақ болғаны бұл жобаны осы аудандарда жүзеге асыруда біраз қиындық туғызды. Алайда біздің мамандар шаруалардың қызметіне зиян тигізбеу үшін желілер трассасының бағытын өзгертіп, қожалықтың алқаптарын айналып өтетіндей етіп жасады, – деді Ермек Қуанышбеков.
Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директорының айтуынша, Тарғын, Солоновка және Новополяковка сияқты интернеті болмаған ауылдарда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тартылуы енді ауыл тұрғындарына компанияның жоғары жылдамдықты интернет, телефон және ІD TV сандық теледидар сияқты қызметтеріне қосылуға мүмкіндік береді.
– ТОБЖ инфрақұрылымының арқасында ұялы байланыс операторлары ауылды елді мекендердің тұрғындарына телекоммуникациялық қызметтердің барлық спектрін ұсынуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ бұл құрылыс тағы бір жоба – «250+» үшін негіз болды. Осы жоба шеңберінде ұтқыр байланыс операторлары мемлекеттік мекемелерді «оптикаға» қосу нүктелерінің базасында өздерінің базалық станцияларын өрістетуде, осылайша, халқы 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендердің аумағын 3G/4G LTE радиосигналдық желімен қамтуда. Желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану операторлардың шығындарын азайтып қана қоймай, ауылдарды «цифрландыру» процесін жеделдетеді. Бұрын жер үсті арналары арқылы өтетін тұрақты сигнал көзі болмағандықтан ұялы байланыс операторларының қызметтерін және сапалы байланысты ұсыну техникалық жағынан мүмкін емес еді. «Оптиканың» болуы оларға ТОБЖ жобасына қатысушы ауылдардың тұрғындарын ғана емес, сондай-ақ оларға жақын орналасқан басқа елді мекендерді де жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, -деп толықтырды филиал басшысы.
ТОБЖ және «250+» бағдарламаларын іске асыру ауылдық байланысты толық жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер мен жағдайлар туғызады, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына кең жолақты мобильді интернетке қол жеткізуге, ал онымен бірге қала мен ауыл арасындағы «цифрлық теңсіздік» шекарасын бұза отырып, телемедицина, онлайн-білім беру және басқа да цифрлық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Тұтынушыларға қолайлы болу үшін фронт-кеңсе жұмысы ұйымдастырылған. Қазір карантин шектеулеріне байланысты бір залға бес адамнан артық кіргізілмейді. Сонымен қатар абоненттерге арналған +77080000160 бірыңғай WhatsApp номері жұмыс істейді. Кез келген азаматтың өзіне қажетті ақпараттарды алуға және бейне арқылы операторға қосылуға мүмкіндігі бар.
Әзірлеген –Айна Ескенқызы