«Дидардың» қонағы

Жәкен Таймағамбетов, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, археолог: Көшпелі халық деген аттан бас тартуымыз керек

Жәкен Таймағамбетов, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, археолог: Көшпелі халық деген аттан бас тартуымыз керек


Археологиялық деректер негізінде еліміздің аумағын адам баласы бұдан бір миллион жыл бұрын мекендегенін дәлелдеген үлкен археолог, ғалым. Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовпен Өскеменге келгенде кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Жәкен Қожахметұлы, археолог болуыңызға не себеп болды? Бала кезден ойлаған арманыңыз ба еді?

– Жоқ, мектепте оқып жүргенде заңгер болуды қалаған едім. Өзім Қостанай облысы, Қарабалық ауданының (бұрынғы Комсомол ауданы) баласымын. Біздің ауыл тура Ресеймен шекарада орналасқан. Мектеп бітірген соң Алматыға барып, арманыма жетуге талпынғанмен оқуға түсе алмадым. Әрі ол кезде қазақ тілін де нашар білетін едім. Содан ауылға қайтуға ұялып, Алматыда құрылыста жұмыс істедім. Сол кезде түрмеден шыққан жұмысшылармен бірге тұрдым. Не керек, бір жылдың ішінде мен заңгер болсам деген арманымнан бас тарттым. Сөйтіп, тарих факультетіне оқуға түстім. Ол кезде университеттің тарих факультетіне оқуға түсу өте қиын еді. Бір орынға жиырма бес адамнан келетін. Бірінші курста практикаға бардық. Ауылда өскен соң, қара жұмысты жапырып істейміз ғой. Сол кезде ұстазым археолог Әбдіманап Оразбаев «Ой, сен археолог боласың» деп, менің күрек ұстағаныма қатты қызықты. Ол кісі осы Шығыс өңірінен еді. Үлкен ғалымның бір ауыз сөзі біздің төбемізді көкке жеткізді. Кейін КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих, филология және философия институтының (Новосібір) аспирантурасын бітіріп, академик Алексей Окладниковтың жетекшілігімен ғылымға бет бұрдым. Ол кезде де орыс әріптестерім «Ты на лопате хорошо стоишь, будешь археологом» дейтін. Ақыры не керек, археолог болдық қой.

– Сіз еліміздегі тас дәуірін зерттейтін бірден-бір ғалымсыз. Осы орайда біздің Шығыс Қазақстаннан тапқан Шүлбі тұрағы туралы айтып берсеңіз?

– Иә, Шүлбі тұрағы – менің алғашқы ашқан жаңалығым болатын. Ол кезде Шүлбі Семей облысына қарайтын. Осы жерде, Ертіс жағасында Зейнолла Самашевпен танысқан едім. Ол да өзім секілді бойын күш-қуат кернеген жас ғалым еді. Шүлбідегі алғашқы адамдардың тұрағын мен үш жылдай (1980-83 жж) зерттедім. Үш жыл бойы Шығыс Қазақстан педагогика институтының студенттері келіп, археологтарға көмектесіп, бірлесіп жұмыс істедік. Бұл тұрақ кейінгі палеолит немесе жоғарғы палеолит дәуірінің ескерткіші еді, кейіннен Шүлбі су қоймасының астында қалды. Тұрақты зерттеу нәтижесі «Археологические комплексы Шульбинской ГЭС» деген атпен жеке кітап болып шықты.

Одан кейін 1987 жылы Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясын басқардым. Сол кезде тапқан бір тұрақ бар. Ол мынау Күршім ауданының аумағындағы Қозыбай деген тұрақ. Алғашқы адамдардың тастан жасаған өзектас, жарықшақ, тас жаңқа секілді құралдары жердің бетінде жатыр. Бұл ежелгі палеолит дәуірінде Шығыс Қазақстан өңірін адамзат мекендегенін айғақтайды.

– Жалпы, кеңестік заманда Қазақстан тарихының қатты бұрмаланғаны шындық. Тіпті ол кездегі оқулықтарға сенсек, Қазақстан жерін алғашқы адамдар мекендемеген дегенге саяды.

– 1949 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылымының редакторы Вяткин деген академик болды. Онда қазақ жеріне алғашқы адамдар Русь жақтан келді деп жазылған. Ал біз қазір миллион жыл бұрын алғашқы адамдардың осында өмір сүргенін дәлелдеп жүрміз. Бұрын мектепте біз қазақ тарихын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен, Амангелді Имановтан бастап қана оқитын едік. Құдды бір бізде тарих болмаған сияқты әсер қалдыратын. Рас, кеңестік заманда жарық көрген оқулықтарда көп нәрсе бұрмаланып жазылды. Ал қазір тәуелсіздіктің арқасында ол олқылықтың орны толтырылып жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ғалымдар шетелден қаншама құжаттарды әкелді. Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да құжаттануға мән беру керектігін ерекше атап айтты. Көңілде үміт көп. Мүмкін Ресейдегі, Қытайдағы құжаттарға қол жеткізсек, тарихымыз түгенделетін шығар. Алысқа бармай-ақ қояйық, кешегі Желтоқсан оқиғасының құжаттары ғалымдар үшін әлі жабық. Біз өз тарихымызды қалпына келтіргіміз келсе, «көшпелі» деген аттан бас тартуымыз керек.

– Неге?

– Өзіңіз ойлаңызшы, егер біз көшпелі халық болсақ, ортағасырлық Отырар секілді қалалар қайдан пайда болды? Көшпелі болсақ, Берелден, Шіліктіден табылып жатқан жәдігерлер де болмас еді деп ойлаймын. Көшпелі тірлік біздің дәстүріміз, өмір салтымыз болды. Мал баққан соң жайлаудан қыстауға, қыстаудан жайлауға көшіп-қону қалыпты жағдай. Бірақ біз өз жерімізден жырақ ешқайда кеткен жоқпыз. Бұл жер, бұл дала – біздің жеріміз, біздің ата қонысымыз. Мәселен, Алматының 150 жылдан астам ғана тарихы бар дейді. Айналайындар-ау, кешіріңдер, 1854 жылы орыстар келіп Верный бекінісін салғанда ол жердің тұрғындары жайлауға кетіп қалған шығар. Күзде қайтып келді ғой. Ал орыс ғалымдары ол жерде ешкім тұрмаған дегісі келеді. Өткен ғасырдың 1987 жылы бұрынғы шекара училищесі маңынан күміс тиындардың табылуының өзі Алматының тарихы тым әріден басталатынын айғақтайды. Шығыстанушы, нумизмат Владимир Настич тиындардың Жетісу өңірінде жасалғанын, қазіргі Алматы қаласының аумағында XIII ғасырда теңге сарайының болғанын айтады. Сол сияқты Семейдің тарихы да әріден басталады.

Сондықтан да тарихымызды қалпына келтіргіміз келсек, «көшпелі халық» деген аттан бас тартуымыз керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта Ресейдегі, Қытайдағы құжаттарға қол жеткізген кезде біздің тарих бұдан да бай болады деп үміттенемін.

– Сіз медицина ғылымдарының докторы екенсіз ғой…

– Жоқ, Википедияға қате жазып қойыпты. Мен археологпын, негізінен алғашқы адам қалай пайда болды, оның даму эволюциясы, қай жерлерді мекендегені туралы тақырыптарды зерттеймін. Мысалы, Колумбия университетінде баяндама жасағанда алғашқы адамдардың Америкаға қалай келгенін айтып бердім. Жалпы, мені шетелге көп шақырады. ЮНЕСКО-ның шақыруымен Колумбиялық университетте, Испанияның Гранада университетінде, Бельгияның Льеж университетінде, екі рет ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтерінде, Токио университетінде, Ханьян университетінде Кореяда, Пәкістанда, Израильде, Каир университетінде дәріс оқып, жұмыс істедім. Мәселен, ЮНЕСКО-ның шақыруымен Қытай жеріндегі экспедицияға қатыстым. Содан кейін Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне де жиі барып, жұмыс істеймін. Ол жақта мамандар жоқ, сол жақта маман даярлап жатырмыз.

Жәкен Таймағамбетов, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, археолог: Көшпелі халық деген аттан бас тартуымыз керек

Жалпы тас дәуірін зерттейтін ғалымдар бізде де, шетелде де өте тапшы. Қазақстанда тас дәуірін зертейтін ғалымдардан мен жалғызбын. Уақытымыз жоқ. Көбіне жолда жүреміз.

– Соңғы жылдары біздің өңірде де археологияға үлкен көңіл бөлінуде. Арнайы аймақтық бағдарлама да қабылданды.

– Иә, қазір біз ресейлік ғалымдармен бірлесіп, Зайсан ауданының Үшбұлақ деген жерінен табылған алғашқы адамның тұрағын зерттеп жатырмыз. Алты метр тереңдіктен табылған тұрақтың сегіз мәдени қабаты бар. Сол жерден сегіз жарым мыңға таяу тескіш, пышақ, қырғыш секілді тас құралдар шықты. Бәрі де шақпақ тастан жасалған. Қара түсті, көк түсті, неше түрлі. Сонымен бірге арқар, бұғы секілді аңның сүйектері де шықты. Әрине, біз жұмысты келесі жылы тағы жалғастырамыз. Зертханадада сүйекке талдау жасап, ол жерде жабайы адамдардың 42 мың жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдеді. Қазір бұл тұраққа қазақстандық археологтар ғана емес, ресейліктер де қызығып отыр. Өйткені, бұл сирек кездесетін тұрақ. Бұл тұрақ Ресейдегі Қарабом деген тұраққа, Қытайдағы Лотоши деген тұраққа өте ұқсас. Бұдан бұл жерде бір мәдени аймақ болған деген болжам жасап отырмыз.

Иә, Шығыста кейінгі кезде археологияға өте үлкен мән беріліп отыр. Ана жолы Зейнолла Самашев бар, бәріміз «Жас археолог» үйірмесіне қатысатын балалармен кездестік. Археологияға деген қызығушылықтары өте жоғары. Көп ақыл-кеңес айтып, жол сілтедік.

– Жалпы, археолог болған қиын ба?

– Археолог болу үшін, кез келген қиындыққа дайын болу керек. Кейбіреулер ойлайды, археолог болу деген кешкісін алаудың жанында отырып, гитарамен өлең айту деп. Жоқ, романтика дегеніңіздің бәрі өтеді де кетеді. Тек ауыр жұмыс қалады. Осыған дайын болсаң ғана жақсы археолог боласың. Менің де 7-8 ай экспедицияға кететін кездерім көп болды. Күні-түні далада жұмыс істейміз. Отбасын көрмейсің. Өзің экспедицияда, жолдасым Алматыда, балалар Волгоградта. Осылай 12 жыл жүріппін.

Мықты археолог болу үшін сонымен қатар геология, морфологиядан да хабарың болып, жер қыртысын жақсы білуің керек. Жерді кейде 10-12 метрге дейін күрекпен қазамыз. Минералогияны, тастың түрлерін де білуің керек. Ең қиыны, үңгірлерді күрекпен қаза алмайсың, тек қайламен жұмыс істейсің. Негізінен археологтар таңмен таласа тұрып, күн ысығанша жұмыс істейді. Мысалы, Оңтүстік облыстарда сағат он екіге дейін жұмыс істеп, сағат төртке дейін демаламыз.

– Жолыңызды қуған шәкірттеріңіз көп пе?

– Мен ҚазМҰУ-де 12 жыл декан болдым. Кейін Елбасының шақыртуымен Ұлттық музейге ауыстым. 50 кітап пен 460-қа таяу ғылыми мақаланың авторымын. Еңбектерім әлемнің 12 тілінде жарық көрді. Қазір менің жетекшілігіммен кандидаттық, докторлық қорғаған он екі шәкіртім бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button