Денсаулық сақтау

Жиырма мыңнан астам адам қайта оралды

Айна Ескенқызы

 Медициналық сақтандырудың тиімділігін түсінген  25 мың шығысқазақстандық 2022 жылы МӘМС жүйесіне қайта оралды. Бүгінгі таңда өңір халқының 82%-ы  немесе 607 659 адам медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген. 

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың төрағалығымен өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасы алқасының кеңейтілген отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалы директорының орынбасары Риза Төкежанова мәлім етті.

Ол Қор филиалы тұрғындардың МӘМС жүйесіне қайта оралуы бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын, нәтижесінде   «МӘМС туралы» Заңға сәйкес  2022 жылы жүйеге оралған тұрғындардың саны 25 мыңға жуық екенін атап өтті.

  • Алайда әлі 130 мыңнан астам шығысқазақстандық МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл адамдар МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтерді ала алмайды. Дегенмен олар әрдайым тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы, деп еске салды Риза Төкежанова.

Директордың орынбасары өткен жылы медициналық ұйымдарда 774 млн теңгенің бұзушылықтары анықталғанын айтты. Риза Төкежанова былтыр Қор филиалының сарапшылары медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу барысында 70 мыңнан астам бұзушылықты анықтағанын атап өтті.

Ең көп бұзушылықтар алғашқы амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарда тіркелген.

  • Қор көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді. Медициналық ұйымдарды қаржыландыру мұқият тексеруден кейін жүзеге асырылады. Мониторинг кезінде анықталған деректер емдеу-диагностикалық іс-шаралар стандарттарынан ауытқу, медициналық құжаттаманы сапасыз жүргізу, қызмет құнының негізсіз қымбаттауы және медициналық қызмет көрсетудің расталмаған фактілері, деп нақтылады спикер.

Ағымдағы жылы медициналық сақтандыру қорының филиалы 59 медициналық ұйыммен шарт жасасты, оның 29-ы жекеменшік. Қаржыландыру сомасы өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсті, бұл шамамен 83,3 млрд теңге.

Былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 899 шағым түскен. Ол шағымдардың дені медицина қызметкерінің емхана деңгейінде медициналық көмек көрсетпеуіне, медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне және консультативті-диагностикалық қызметті көрсетуден  бас тартуға қатысты түсіпті.

 

 

Осы айдарда

Back to top button