Жиырма минуттың ішінде 30 адамға қызмет көрсететін клиника салынады
Кеше облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Оңтүстік Кореяның «MEDIPIAE&C», KAONNURI» компанияларының, сондай-ақ, «WYNN» және Северанс клиникаларының өкілдерімен кездесті.
Кездесуді ашқан облыс әкімі өзінің бұл кездесуге негіз болып отырған мәселемен жақсы таныс екенін білдіре келіп, сөзді бірден Өскеменде бой көтеріп келе жатқан клиниканың құрылысынан бастады.
– Бұл – біздің бірлескен идеямыз. Бұйырса, заманауи тұрғыдағы бұл клиника келесі жылдың мамырында пайдалануға берілетін болады. Сондықтан, бізге алдымен аталған клиниканың жабдықталуы қандай деңгейде болатынын анықтап алуымыз керек, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сөз кезегін «MEDIPIAE&C» компаниясының президенті Кин Чон Хванға берді. Ол:
– Біз Өскеменге өз еліміздегі оңалту клиникаларының мамандарымен бірге келіп отырмыз. Олардың барлығы да оңалту клиникаларын медициналық жабдықтармен жабдықтау мәселесімен шұғылданады, – дей келе, өз жұмыстары туралы әңгімелеп өтті. – Ең алдымен, қауырт шаруаларыңызға қарамастан, бізбен кездесуге уақыт тапқаныңыз үшін Сізге, құрметті әкім мырза, алғысымыз шексіз. Екіншіден, Шығыс Қазақстанда науқастарды дертінен оңалту турасында қолға алынған жобаға қатысу біз үшін үлкен мәртебе екенін айтқым келеді.
Бұдан әрі «MEDIPIAE&C» компаниясының құрылымдық жағдайын арнайы суреттермен таныстырған ол компанияның 2003 жылы құрылғанын және содан бері «Самсунг» фирмасы арқылы әлемнің көптеген елдерінде осындай оңалту орталықтарының жобаларына қатысып келе жатқандарын жеткізді. Оның сөзінен тағы бір ұққанымыз, 2013 жылдан бастап, ол басқаратын мекеме медициналық құрал-жабдықтарды жеткізумен де айналысып келеді екен. Жалпы, бұл компания клиникаларды жабдықтаудың 2015-2019 жылдарға арналған ауқымды бағдарламасын жасап жатқан сыңайлы.
Көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан заманда кез келген елде түрлі жарақаттарға тап болатын адамдар саны да көбейері белгілі. Ал оларды оңалту медицина саласының бірден-бір міндеті болып саналады. Негізінен, оңалту клиникаларында мәлім немесе беймәлім жағдайда жарақат алған адам физиотерапиялық әсер ету жолымен толыққанды өмір сүру дағдысына оралады екен. Жарақат алмағанмен, жалпы ағзасы әлсіреген адамның да оны қалыпқа келтіру үшін аталған клиникалардың қызметіне жүгінуіне әбден болатын көрінеді.
– Енді сіздердің облыстарыңызда қызмет жасайтын клиникаға бет бұрсақ, – деді ол арнайы суреттерде бейнеленген жобамен таныстырып. – Клиникада науқастарды күтіп алу аймағы, бес емдеу ғимараты, сонымен қатар суда емдеу орны мен рентген және көңіл күйді қалыпқа келтіру, тағы басқа да орындар болады. Ал оның төртінші және бесінші қабаттарында емдеу шараларын жатып (палаталық) қабылдауға мүмкіндік бар. Нақтырақ айтсақ, бұл клиникада орталық жүйке жүйесі зақымданған, тілінде мүкістігі бар, тірек-қозғалыс жүйесінде ақауы бар науқастар ем-дом алмақ. Негізінен олар неврология, ортопедия, электрлік-физио емі, дене шынықтыру жаттығулары емдері деуге болады. Ол бөлімдердің барлығы да заманауи медициналық құралдармен жабдықталмақ. Бұл жерде роботтық техника да қолданылады. Олар арқылы әр науқас, әсіресе, тірек-қозғалыс жүйесінен зардап шеккендер өздерінің оңалу барысын көретін болады. Жалпы, оңалту бағдарламасы көп түрлі деуге әбден негіз бар. Бізде тек жабдықтармен ғана емес, клиникаларды медициналық қызметкерлермен қамту жағы да ерекше ойластырылған. Ол турасында нақты университеттер жұмыс істейді. Тағы бір айтарым, бұл клиника 100 жылдық тарихқа ие.
Осы тұста облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:
– Осынау таныстырып отырған клиника бір күнде қанша адамға қызмет көрсете алады? – деген сауал қойды. Бұл сұраққа Кин Чон Хван оның бір мезгілде, мәселен, 20 минуттың ішінде 30 адамды қамтитынын жеткізді.
– Барлық жайды жан-жақты түсіндіргеніңіз үшін көп рақмет. Біздегі ең басты мақсат – барлық мүмкіндікті барынша тиімді жүзеге асыру, әсіресе, біздегі клиникаға арнайы бөлінген аумақты жүйелі пайдалану. Сондықтан біздің құрылысшыларға корейлік әріптестерімізден әр шаршы метрді ұтымды пайдалануды үйрену керек. Екінші мәселе – құрал-жабдықтар жағдайы. Біздің корейлік әріптестерден құрал-жабдықтар алуға ден қоюымыз керек болар, – деген аймақ басшысы өзінің орынбасары Ерлан Текешовке кеденге қатысты шаруаны қолға алуды ескертті. – Бізге кедендік пошлинаны аз төлеуге қол жеткізу қажет болады. Тегінде, негізгі шығын осы, кеден айналасында орын алатынын естен шығармауымыз керек. Ендігі бір мәселе аталған емдеу орнының абаттандырылуы мен көгалдандырылуын, әсемделуін, ішінің жақсы көркемделуін ескеру болып табылады. Олар да үлкен рөл атқарады. Сол үшін де біз клиникаға аумақты жер бөліп отырмыз. Содан кейін келешекте оған жапсарлас құрылыс жүргізіп, қосымша корпустар салуымыз да мүмкін. Ендігі жерде атқарылған жұмыстың актісін «Парыз» қорына тапсыру қажет. Ары қарай көре жатармыз.
Бұдан әрі кадр мәселесі туралы сөз қозғаған Бердібек САПАРБАЕВ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковқа қарата өзіміздегі медициналық оқу орындарының түлектерін қызметке тарту керектігін, бірақ, басқару жағы корейлік мамандарда болуын ескеруді және бұл клиникада қызмет ететіндердің айлық жалақысы өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары болуы қажеттігін қадап айтты.
Ғафура Сәрсенбайқызы