Жидебайда бір жыл қой бақтым
Алтай Мүбәрәк: «Ертіс концерт» мекемесінің әншісі:
– Жидебайда бір жыл қой бақтым
Шығыс Түркістанның Алтай аймағынан атажұртқа қоныс аударып, бүгінде Өскемен өңіріндегі белгілі өнерпаздардың қатарында жүрген әнші, сазгер һәм саятшы Алтай Мүбәрәкпен сырласқан едік.
– Сіз ол жақта істеп жүрген мемлекеттік қызметіңізді тастап келдіңіз. Жоғары жалақымен еңбек етіп жүріп, атажұртқа кетіп қалуыңызға не себеп болды?
Әңгімені жатқа оқитын әнші
– Мен Іле педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірдім. Туған жерім Қаба ауданында 15-16 жылға жуық қазақ-қытай тілдерінде сол саладан сабақ бердім. Шынында, тұрақты қызметім, жақсы баспанам, астымда көлігім болды. Бір сөзбен айтқанда, жақсы өмір сүріп жүрдім. Бірақ өзіме беймәлім бір нәрсе жетіспей жүрді. Бір күні өзім қызмет істеп жүрген жердегі қазақ мектебін көрші қытай мектебіне қосты. Ана тілі пәнінен басқа сабақтардың бәрі сол елдің мемлекеттік тілінде жүретін болды. Ұлттық рухы бойында сақталған азаматтарға бұл оңай тиген жоқ. Ол жақтағы қандастар Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен оқиды. Сол әліпбиге, тіпті, бүкіл қазақтың тағдырына тықыр таяғанын сездік. Әсіресе, Алашорда десе ішіп отырған асын ұмытатын мен үшін ауырлау тиді.
– Алашорда жайлы көп білесіз бе?
– Көп білем деп айта алмаймын. Бірақ сол кісілерге деген құрметімнен, болмаса махаббатымнан шығар, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастанын, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» сынды әңгімелерін жатқа айтамын. Бұл бөлек әңгіме. Содан ойлана келе, паспортымды жасаттым да, денсаулығыма байланысты деп біраз күнге демалыс алып, бір-ақ күнде өзім жастайымнан аңсаған Абайдың даласына тартып қойдым. Келдім де, ойланбастан азаматтыққа тапсырдым. Өйтпесем, олар да мені қызметтен босатпайтын еді. Бұл 2009 жылы болатын.
– Сіз тамам қытайға танымал өнер жұлдызы болмасаңыз да, ол жақта қаймана қазақ өнеріңізді бағалайтын әншілердің бірі болдыңыз. Атажұртқа келгесін, қой бағып кетіпті деп шулады жұрт. Рас па?
– Рас. Келген бетте Абай ауданы Қарауыл ауылына бардым. Ондағы ойым – өзім құдайдай табынатын ұлы Абайдың даласын көзбен көру. Бардым. Не істеу керек? Ақыры, ойлана келе, бір кәсіпкер азаматтың бір қора қойын, екі үйір жылқысын, жиырма сиырын бір жыл бағып беретін болып келістім. Мал бағу – қазақтың ата кәсібі ғой. Тез үйреніп кеттім. Бар тапқан пайдам – Абайдың төрт томын Жидебайда қой бағып жүріп қайталай оқып шықтым. Ұлы Мұхаңның суреттеген даласына өз көзіңмен қарап отырып оқығанның әсері бөлек болады екен. Малды жаман бақпадым. Иесі разы болды.
Бос уақытымда жергілікті жердегі азаматтармен танысып, той-томалақтарға қатысып жүрдім. Сондай кештерде өнерімді байқаса керек, аудан әкімі жұмыс істеуімді сұрады. Бірақ мен Алтайымды сағынады екем. Ертістің бойында жүргім келді де, Өскеменге тарттым. Мұнда келіп, құрылыс жүріп жатқан жерлерде қара жұмыс істеуіме тура келді.
Облыс әкімі баспана сыйлады
– Қара жұмыстан қалай құтылдыңыз? Өскемендегі өнер жолыңыз қалай басталды?
– 2010 жылы жазда Елбасымыз Ресей елінің президенті Дмитрий Медведьевті Өскеменде қабылдауына байланысты облыс орталығына әр аудан киіз үй тікті. Катонқарағай ауданының мәдениет саласында істейтін жерлес бауырларым бар болатын, солардың шақыруымен әлгі үйлердің бірінде гитараммен «Алтайым» деген әнді айттым. Ән орындалып болғасын, анадай жерде отырған зор денелі жігіт ағасы келіп жөн сұрады. Катон өңіріне барып жұмыс істесем, баспана мәселесін де шешіп беретінін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Қайыржан Сәдуов деген азамат екен. Қуана келістім. Жаңа жыл мерекесіне орай аудан орталығынан үй берді.
Келесі жылы жазда аталмыш өңірге сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс бабымен барды. Екі-үш күн қасында жүріп, әртістермен бірге ән айттым. Қасына шақырып жөн сұрады. Мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Жақсылық Омарға мені тапсырды. Өскеменнен жұмыс қарастырып, баспанасын шешіп бер деп тапсырма берді. Жақаң көп өтпей әкімнің уәдесін орындап, мені қазіргі «Ертіс концерт» мекемесіне жұмысқа қабылдап, облыс орталығынан үш бөлмелі үй берді. Қазірге дейін сонда тұрып келемін. Бұдан кейін жағдайым да жақсарды. Құдай көп көрмесін, қазір осы өңірдегі жыл бойы демалыссыз тойға шығатын әнші-асабалардың бірімін (күледі).
– Сіздің әншілігіңізбен қатар, сазгерлік талантыңыз бар екенін тыңдармандарыңыздың көбі біле бермейді. Қанша әніңіз бар?
– Көп ән жазбадым. Қазірге ел орындап жүрген бірнеше әнім бар. «Шығысым» деген әнімді «Гауһартас» тобы орындап жүр. Астанада Шығыс Қазақстан облысының күндері өткенде осы ән жұрттың өтінішімен бір күнде бірнеше рет орындалыпты. Естіп, қуанып қалдым.
Өткен жылы Алматында белгілі боксшы Қанат Исламға арналған үлкен той өтті. Мені де шақырған. Сол тойға «Қазақтың Қанаты» деген әнімді жазып апардым. Сол әнім де өнерпаздар тарапынан жақсы бағаланды.
Алтайды танытқан «Алтайым» әні
– Ал сізді Өскемен өңіріне танытқан әніңіз қайсы деп ойлайсыз?
– Мені атажұртқа танытқан ән – «Алтайым». Сыныптас досым Елеусіз Сүлейбек деген азамат жазған еді бұл әнді. Менен бұрын да біраз әншілер орындаған. Кейбір әншінің бағын ән ашса, кейде әннің бағын әнші ашады деп жатады. Бұл жерде бір-біріміздің жолымызды аштық. Осы әнмен біраз байқауларға қатысып, көрермендермен қазылардың оң бағасына ие болдым.
– Бұдан бөлек бірнеше тойда халық сізден «Боз орамал» әнін айтуды өтініп жатқанына куә болған едім. Бұл да көп орындала бермейтін ән ғой?
– Иә, Тынышбай Рақымовтың осы әнін сүйіп орындаймын. Жалпы, мен бұл кісінің екі-ақ әнін білемін. Екіншісі – елге кеңінен танылған «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген ән. Бір тойда «Боз орамал» әнін айтып отырсам, бір үлкен кісі жылап отырып тыңдады. Артынан жөн сұрасам, Тынышбай ағаның немере інісі екен. Қуанып кеттім. Өйткені, әйгілі сазгердің басқа әндерін таппай жүргем. Ол кісі үйіне шақырды, Алматыда тұрады екен. Жол түспей жүр. Сол кісінің айтуына қарағанда, Тынышбай Рақымовтың әлі елге жол тартпаған үшінші әні бар екен.
– Бірге жүрген әріптестеріңізден сіз туралы сұрасақ, бірі мықты асаба десе, бірі гитараның білгірі дейді. Аңшылығыңыз тағы бар. Өзіңізге қай өнер жақын?
– Гитараны 6-7 сыныптан бастап қолға алғам. Қадыл Ахметұлы деген сазгер ағалардан үйрендім. Кейін жоғары оқу орнына барғанда тереңдетіп білім алдым. Ол дәуірде гитараның қадірі асып тұрған кез. Солай үйреніп алдым. Қазір кейбір тойға гитарам үшін шақырып жатады.
Ал мықты асаба деп асыра мақтаған шығар. Қазір қыз ұзату, келін түсіру сынды үлкен тойларды басқаратын асабалардың көбі мықты. Шыны керек, бір-бірімен бәсекелескен асабалар не түрлі қызықты шоулар жасап жатады. Бірақ, тұсау кесу, сүндет той, сырға салу, құда күту дейтін салт-дәстүрі көп, кейбір ырым-тыйымдары ұмыт бола бастаған тойларға келгенде менен ақыл сұрап жатады.
Ал аңшылық – ата-бабамнан жалғасқан дүние. Қазір қолымда бірше тазым бар. Өткен жылы бір бүркіт ұстаған едім, көңіліме толмай, қайта қоя бердім. Аманшылық болса, биыл жазда қолыма тағы бір балапан қондыратын шығармын. Алтай тауларынан бір ұяны көздеп жүрмін. Бұдан бөлек қақпан құрамын. Ал аңды таңдап атамын. Алдыма келген аңның бәрін ата бермеймін.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы.