Денсаулық сақтау

Жеті жарым мыңнан астам ота жасапты

  Жеті жарым мыңнан астам ота жасапты

Ол өзінің алғашқы отасын медициналық институттың төртінші курсында оқып жүргенде жас қыздың соқыр ішегіне жасапты. Сол кезде бойын ешқандай қорқыныш сезімі билемегені ғана есінде қалған. «Жас кезіңде қорқыныш, үрей деген болмайды, бойыңда жастық оты ғана жанып тұрады. Қайта көп білген сайын жүз ойланып-толғанып, күмілжи береді екенсің» дейді белгілі хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, Семей медициналық институтының профессоры Марат Башабаев.
Егер ол он жасында қолын сындырып, екі-үш ай аурухана төсегіне таңылып жатпаса, буынын дәрігерлер о баста дұрыс салып берсе, бәлкім, одан қазір елімізге танымал білікті хирург шықпас еді. Дәрігерлердің қателігінен сынығы дұрыс бітпеген бала сол кезде өз-өзіне іштей: «міндетті түрде дәрігер боламын, ешқашан қателік жібермеймін» деп серт береді. Сол сөзінде тұрған Марат Башабаев қолына скальпель ұстаған отыз бір жыл ішінде жеті жарым мыңнан астам ота жасап, осынша науқасты аман алып қалды.
1983 жылы Семей медицина институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Марқакөл аудандық ауруханасында қатардағы хирург болып бастаған азамат осы жылдар ішінде қызмет баспалдағымен көтеріліп, қазір облыстың бас хирургі атанды, облыстық ауруханадағы хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Марат Тыштықбайұлының әдеттегі жұмыс күні таңғы алты жарымда басталады. Егер өткен түн ешқандай тосын оқиғалар сыйламаса, әрине. Қазір ойлап отырса, бір жылдың ішінде ғана телемедицина арқылы 25 рет, телефонмен 70-тен астам кеңес беріпті.
– Қазіргі таңда хирургия саласы мен жұмыс бастаған жылдармен салыстырғанда көш алда. Бұрындары «жақсы хирургтың кескен жері де үлкен болады» деген қағида болса, бүгінде керісінше, күрделі операцияларды кішкене тесік арқылы жасау шеберліктің шыңы деп саналады. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мәтел бізге арналған, – деп күледі хирург.
Облыстық аурухананың алпыс орындық хирургия бөлімі заманауи құрал-саймандармен толықтай жабдықталған. Былтыр алынған ковидиен, гармоник сияқты ультра дыбысты скальпельдердің арқасында ота кезінде қан аз шығады да, пациенттердің қан жоғалтуы кездеспейді. Басшының айтуынша, қол астындағы дәрігерлердің біліктіліктері де өте жоғары, олар Оңтүстік Корея, Израиль, Мәскеуде мамандандырудан өтіп тұрады. Бөлімде облыстың түкпір-түкпірінен келген жандардың кеуде қуысы мен ішкі органдарына оталар жасалады, тіпті, Ресейден келіп, емделетіндер де бар. Бауырдағы тасты, ұйқы безіндегі қатерлі ісікті сылып алып тастау тек осы бөлімдегі мамандардың қолынан келеді. Соңғы кездері жергілікті оташылар негізінен жоғары технологиялы, эндоскопиялық операцияларды жасаудың шеберлері атанды. Оның тиімділігі – науқастың тәніне түсетін сызат болар-болмас, сол себепті асқынулар да болмайды. Эндоскоп-хирургтердің ІІІ халықаралық конгресінің өткен жылы Өскеменде өтуінің өзі шығысқазақстандық хирургтардың республика бойынша алдыңғы қатарда екенін дәлелдесе керек. Өйткені, мұндай шараларды өткізу барысында емдеу орындарының заман талабына сай медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуі, мамандарының біліктіліктері міндетті түрде ескеріледі.
Өз басым білікті хирург болу үшін өткір жанар мен дірілдемейтін қол керек деп ойлайтынмын. Жоқ, олай емес екен.

  Жеті жарым мыңнан астам ота жасапты

– Ең алдымен білім болу керек. Теориялық білімі нашар хирургтен ештеңе шықпайды. Мен осы принципті өзімнің студенттеріме де айтамын. Алғаш сабаққа келген күні «Сендер өздерің қандай дәрігерде емделгілерің келеді? Білікті, білімді, өмірге деген көзқарасы дұрыс болса дейсіңдер ғой. Ендеше өздеріңе де осындай талап қойып, соған сай болуға тырысыңдар» деп үйретемін. Жақсы хирург шешімді тез қабылдай алатындай тәуекелшіл болуы шарт. Өйткені, кейбір жағдайларда қас қағым сәттің өзі көп нәрсені шешеді. Бірақ көзсіз тәуекелге салынбай, операцияны бастамас бұрын алдымен сараптап, отадан кейін болуы мүмкін асқынуларды алдын ала болжап, оларға жол бермеудің шараларын жасау қажет, – деп құпиясымен бөлісті хирург Башабаев.
Марат Башабаев – отыздан астам ғылыми мақаланың авторы, екі жаңашылдық енгізген новатор-хирург.
– Жас кезде бәрі қызықты, уақытпен санаспай, күн-түн демей жұмыс істей бердік. Жұбайым Раушан да дәрігер. Ол да 2013 жылы Австрияда арнайы маманданудан өтіп келген, қазір Астанада семинарда. Анестезиолог болғандықтан, операцияға бірге кетеміз. Қазір балаларымызды қалай өсірдік деп қайран қаламын. Үшеуін де қасымызға ертіп алатынбыз. Бос палатада ұйықтап жататын. Түннің бір уағында жұмысымыз біткенде үйге алып қайтатынбыз, – деп есіне алады Марат.
Сол себепті шығар, Башабаевтардың екі ұлы да ата-аналарының жолын қуып, медицина саласын таңдапты. Қызы Айгерім оқуын «Болашақ» бағдарламасы бойынша Вашингтоннан бітіріп келген. Қазір Алматыдағы бір халықаралық компанияда IT-технология маманы болып істейді. Ұлы Бейбіт Англиядағы Кардифф қаласында медицина факультетінде дәріс алуда. Ал кенжелері Азамат болса, Назарбаев университетінің студенті, ол да әкесіндей хирург болуды армандайды.
Марат Тыштықбайұлының тағы бір ерекше қасиеті – науқастардың жағдайын ойлап, көмектескісі келіп тұратыны. Сондықтан ол өз бөлімінде тұрмысы орташа жандарды, көпбалалы аналарды жеңілдіктермен емдей береді. Оған басшының құзыреті жетіп тұр. Ал еңбек демалысында Көкпектіге, Самар мен Катонқарағайға барып, әріптестеріне шеберлік сыныптарын өткізеді, шалғай ауылдың тұрғындарына ота жасайды.
Біздің әңгімеміз аяқталар тұста ол Астанадан телефон шалған зайыбы Раушанға қол астындағы бір қызметкерінің сол жақта ауруханада жатқанын, соған міндетті түрде барып, жағдайын білуін тапсырып жатты.
Ал қоштасар тұста біз білікті хирург пен оның ұжымын алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап: «Аялы алақандарыңыздың шипасы науқастарға дари берсін» дедік.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button