Денсаулық сақтау

Жеті атаға жалғасқан оташылық өнер

Жеті атаға жалғасқан оташылық өнер


Көші-қон заңының соңғы өзгерісі атажұртқа айтулы азаматтарды әкеле бастады. Ұлан ауданы, Айыртау ауылына Қытай қазақтарының ортасына есімі белгілі оташы Мұқсин Мақұлбекұлы келіп қазық қақты.

Өлдіге балаған жанға өмір сыйлады

Қазірше қазақ емшілігімен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келе жатқан жер бетінде жалғыз емхана бар. Ол – Қытайдағы Алтай қазақ ауруханасы. Мұқаң осы емхананың аға шипагері.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аталмыш емхана іргетасын қалағанда, ол кісі алғашқылардың бірі болып жаңа орданың уығы болып шаншылады. Емхананың есеп кітапшасына сенсек, біздің кейіпкер содан бері жыл сайын сүйегі сынып, буыны шыққан 200-ге жуық жанды сауықтырған. Бұған қозғауға болмайтын, тек үйінде жатып емделетін науқастарды қосыңыз.

Оташының білігі мен білімін білетін Алтай аймағындағы жеті ауданның жұрты оны патшадай сыйлайды. Сыйламағанда ше?! Медицина саласында әлем алдында мақтанышпен қарайтын қытай мамандарының өзі аяқ-қолын кесеміз деп ұйғарған талай науқасты сипап отырып сауықтырып берсе…
Мұқаңның шипалы қолының шарапатын көргендердің бірі – менмін. Бала күнімде тынымсыз болдым ба, жоқ әлде түйе сүтін көп ішкендіктен сүйегім морт болды ма, жеті жасқа жеткенше бір рет аттан, бір рет түйеден жығылып, енді бір рет есікке қысып оң қолымды үш рет сындырдым. Бір сынғанда бірше жерден опырылып кететін. Ол кезде оташы ағамыз әлі Алтай қаласына көш түземеген кезі. Сынған сүйекті сипап отырып құрастырып, ақ дәкемен мықтап орап, талдан жақтау жасап таңып беретін. Шынын айтсам, сол кезде биіктеу бір жерден құлап келе жатсам, бірінші болып сынған сүйегімді сырқырата таңып жатқан оташы ағам көз алдыма елестейтін, ал қазір сол кездегі қолайсыз жағдайда дақсыз жазып берген сау қолдарыма қарап Мұқаңа деген шексіз құрметім оянады.

Шынын айтсақ, менің сынығым ол кісі үшін үйреншікті жұмыс болатын. Мұқаңның аты шыққан жерде туған ауылымда екінің бірі айтатын мына бір аңызға бергісіз оқиғаны баяндай кетейін.

1982 жылы күзде жиын-терін кезінде Қараөзек отрядының директоры Есімхан Биязбайұлы комбайнның алдынан өтіп бара жатқанда, киімінің бір шеті сақылдап тұрған барабанға ілініп, темір мақұлық адамды айналдырып әкетеді. Халық ессіз қалған Есімханды өлдіге балайды. Тіпті, ауруханаға апаруға ешкімнің үміті болмапты. Өйткені, дене мүлдем өзгеріп кеткен. Нақтылап айтар болсақ, бір иықты айналдырып төсіне әкелген және тоғыз қабырғасын сындырып жіберген. Жантүршігерлік жағдайды естіген Мұқаң тізгін ұшымен жетіп, сүйектерді қайта құрастырып шығады. Бірақ елдің көңіліндегі үрей сейілмейді. Науқас болса, сегіз күн жатып есін жияды. Бүгінде 80 жасқа таяған Есімхан ақсақал білікті ұл, қылықты қыз өсіріп, ел-жұртының арасында есен-аман жүр.

Осы оқиға туралы оташының өзінен сұрағанымда сынған сүйектерді құрастыру барысында көп қиналмағанын айтады. Өйткені, ауру қарсылық көрсетпеген. «Қарсылық көрсетердей денесінде жан болған жоқ» дейді.

Аудан көлемінде ата кәсіппен аты шыққан Мұқаңның есімі аймақтық емханаға барған соң тіптен таныла бастайды. Бұрынғы бай тәжірибесін заманауи техникамен ұштастырған оташы небір күрделі сынықтарды жазып халықтың алғысына бөленіп, алқауына ие болады.

Тіпті, Қытайдың қиыр шетінде жатқан алақандай Алтай қаласына алыстағы қалалардан ат сабылтып, темір тоздырып жететіндердің де қатары молаяды. Солардың бірі – Гүлнұр Сапиоллақызы. Бейжің қаласындағы орталық радио стансасында қызмет істейтін Гүлнұр көлік апатынан оң жақ қолын сындырып, қытай астанасындағы үлкен емханалардың бірінде гипспен қатыртып, үш ай емделеді. Мерзімді уақыттан кейін гипсті алса қолы теріс қарап бітіп, солып қалған. Қытайдың білікті мамандары кесу керек деген шешім шығарады. Қолынан айырылғысы келмеген ол аты жеткен жерге барып, мақтаулы мамандардың есігін тоздырады. Бәрінің айтатыны сол – қолды кескеннен басқа амал жоқ. Үміт оты өше бастаған кезде қате біткен сүйекті қайта шағып таңатын Сарсүмбедегі (Алтай) оташының атын естіп, жан ұшырып сонда тартады. Бір ай көлемінде науқастың солып қалған қолын жылқы майымен жібіткен оташы сындырып қайта таңады. Наркоздан есін жиған Гүлнұр түзетілген қолын көріп, «Жазылмаса да мейлі, алақанымды көрдім ғой» деп жылап жіберіпті. Гүлнұрды сынған қолымен бетін жуатын халге жеткенде үйіне қайтарады. Ол жанына жәрдем жасаған балсаусақ шипагерге орталықтан аппақ алғысын жаудырады. Бұл 1993 жылы Қытайдағы ақпарат құралдарының жарыса жазған оқиғасы болатын.

Бүлінген сүйекке ботаның жілігін салыпты

– Оташылық – өнер ме, әлде, мамандық па? – деп сұрадым ата-жұртқа келген абзал ағаның үйіне амандаса барғанымда.

– Негізі зер салған адам оташылықтың қыр-сырын меңгеріп алады. Ал мен үшін жеті атамнан қанмен жалғасқан өнер. Мен – әкем Мақұлбектің үш шәкіртінің бірімін. Әкем Мақұлбектің, тіпті, 1944 қайтыс болған атам Бәбидің сынығын таңып жазып берген адамдары Қаба жерінде әлі жер басып жүр, – деді биыл 83 жастағы Ағымал деген ақсақалдың атасының қолынан жазылғанын мысалға келтіріп.

Айтпақшы, Мұқсинның атасы Бәби Қозыбайұлының ел ортасында тараған мына бір ерлігін айтпай кету – өнерге қиянат. Аттан жығылып ортан жілігі опырылып кеткен науқас Бәбиді алдырады. Барса, жарақаттанған ет бұзылып, сүйекті шіріте бастаған. Мұны аңғарған тәжірибелі оташы ботаның ортан жілігін әлгі адамға салып дақсыз жазып берген екен. Сол кезде ота жасаған ұстараның жүзін аршаның жалынына ұстап отырған, дейді білетіндер. Міне, қазақ емшілігінің құдіреті қай деңгейде болғанын осыдан-ақ аңғара беріңіз!

Жеті атадан жалғасқан өнер демекші, Мұқсинның жетінші атасы – керей Жәнібек батырдың үзеңгілес досы болған Қожаберген батыр. Жазушы Мұхтар Мағауин керейдің әйгілі адамдарын тізбелегенде осы Қожаберген батырды да атап өтеді. Бұл батыр өз кезінде жараланған жауынгерлерді ажалдан арашалап отырған әйгілі оташы һәм емші болған деседі. Жоңғардың ағайынды қос әміршісі Әмірсана мен Қоңтайшы билікке таласып бір-бірімен соғысқанда Әмірсананың жауырынын жебе талқандап кетіп, ол Қожаберген батырға келіп емделіпті. Сонда түйенің жас терісіне орап таңып, жарақатты жазып берген екен. Қазақ емшісінің еңбегіне разы болған жоңғар батыры мәңгілік дос болуға серттесіп, бір ұлын сыйға беріпті. Қазір сол баладан тараған ұрпақтары да бір үлкен әулет болып, ортамызда жүр.

Сол батырдан жалғасқан оташылық дейтін текті өнер жетінші ұрпаққа желісін үзбей жетіп отыр. Мұқаңның да осы өнерді игергеніне биыл тура жарты ғасыр болыпты. 16 жасынан осы өнердің соңына түскен аға дәрігер бүгінде зейнет жасында. Көргені көп, тоқығаны мол мұндай дәрігерді енді біздің өңір кәдеге жарата ала ма? Бұл жайында тиісті орындар ойлануы керек шығар.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button