Тылсым дүние

Әжесі әлі үйінде жүр екен

Әжесі әлі үйінде жүр екен

Іссапар аясындағы жұмыстарымызды ыңғайлап, кешкісін қонақ үйге барып жайғастық. Әріптесім әр әңгіменің басын бір шалып отырып, өз басынан өткен, өзі әлі күнге түсінбей жүрген оқиғасын айтып берді.
– Осыдан төрт-бес жыл бұрын жазға салым Курчатов жаққа іссапармен бардық, – деп ағытты әңгіменің тиегін ол.
– Әдеттегідей жүктелген тапсырманы орындап, кешкісін қонақ үйге қарай бет алдық. Бірақ басқа әріптестерге орын табылғанымен, жүргізуші екеуімізге орын болмай қалды. Қайда барарымызды білмедік. Ауылда ешкімді танымаймыз. Шаршап-шалдығып жүргенде түнді далада өткізетін емес. Көлігімізге мініп, ауылдың көшелерін аралап келеміз. Ымырт үйіріліп қалды. Сол кезде шеткері көшеде қорасына сиырын енгізіп жүрген егде жастағы апаға жолығып қалдық.
Сәлемдесіп, жөн сұрастық. Қонатын жеріміздің жоғын да айттық. Әлгі апа сәл ойланып, өз үйіне шақырды. Үйі бөренеден ерте заманда салынғаны көрініп тұр. Әбден тозығы жеткен екен. Аулада сабалақ жүнді кәнден ит жатыр. Үрмеді. Еденнің тақтайларын сықырлата біріміздің соңымыздан біріміз басып үйге кірдік. Жағымсыз иіс мұрынды жарады. Бөлме ішіне ұрлана көз жүгірттім. Заттардың бәрі ескі. Төрде сарғайып бара жатқан сурет ілініп тұр. Сонау елуінші жылдарды еске салады. Кіре беріске қарай орналасқан қап-қара пештің үстінде керіліп қара мысық жатыр. Үй іші бәленбай жылдан бері тазалық көрмеген.
Әлгі апа бүкшеңдеп жүріп, қуыстағы қуықтай бөлмеге төсек салып берді. Бөлменің екі жағындағы темір төсекке жата кеткенімізбен, көз ілмей әңгімелесіп жатырмыз. Бір уақытта еденнің сықыры естілді. Қараңғы бөлмеге әлсіз жарық түсті де, ғайыптан шашын жайған кемпір пайда болды. Киімі аппақ. Жүргізуші жатқан төсектің аяқ жағына барып отырды да, күмістей шашын тарады. Бізге үрей биледі. Содан тұрып терезеден қарады да менің аяқ жағыма келіп отырды. Ыңылдап ән айтты. Одан барып әрі-бері жүрді бөлме ішінде. Әлгі кемпір дейін десем, ол төргі бөлмеде күрк-күрк жөтеліп ұйықтап жатыр. Біз болсақ, таңды көзбен атырдық.
Ертесінде мән-жайды үй иесіне айттық. Оның айтуынша, үй ішін кезіп жүретін өзінің әжесі екен. Қонақтар қонған бөлме де, төсек те әжесінікі.
Осы оқиғаға біреу сенер, біреу сенбес. Ал біз осындай тылсым оқиғаның куәсі де болған адамның әңгімесін тыңдаған едік. Сол әңгіме есімізден әлі күнге дейін кетпей жүр.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button