Денсаулық сақтау

Жергілікті медицинаға сенім артып келеді

Айна Ескенқызы

 Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың қатысуымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы  алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Басқарма басшысы Гүлмира Сағидуллина өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды, сала алдында тұрған міндеттерді белгіледі.

Басқарма басшысы облыстағы негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасын атап өтті.

  • Қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім – 30,1 пайызға, қатерлі ісіктен – 7 пайызға, жарақат пен уланудан – 4,4 пайызға, тыныс алу органдары ауруларынан 30,7 пайызға төмендегені байқалады. Сонымен қатар тыныс алу органдарының аурулары 10,5 пайызға, туберкулезбен сырқаттану 12,8 пайызға, ас қорыту органдары аурулары 3,3 пайызға төмендегені байқалады, деп нақтылады Гүлмира Сағидуллина.

Былтыр ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайына жасалған талдауды ескере отырып тексерулер тізімі кеңейтілді,  қосымша жас санаттарымен толықтырылды.

Ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтуды арттыру үшін облыста барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылған және білікті кадрлармен жасақталған жеті жылжымалы медициналық пункт жұмыс істейді. 2022 жылы “дөңгелекті емхана” қызметімен 46 мыңға жуық ауыл тұрғыны қамтылды, оның ішінде алты мыңға жуық бала қаралды. Зерттеу және мамандарды тексеру нәтижелері бойынша 3 107 науқас анықталды, оның 875-і диспансерлік есепке алынды. Пациенттерде ең көп анықталған аурулар: қант диабеті, глаукома, қан айналымы жүйесінің аурулары және онкология.

Ведомство басшысының айтуынша, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 2022 жылдың 12 айында жүкті әйелдердің 84,8 пайызы жеке және пәнаралық босанғанға дейінгі бақылаумен қамтылды. Бұған жүктіліктің 12 аптасына дейінгі әйелдерді есепке алу, оларды терапевтің тексеруі, жүктіліктің бірінші триместрінде пренатальды скринингтен өту кіреді.

  • Біз жүзеге асырған соңғы маңызды жобалардың бірі ана мен бала орталығының базасында ұрықты қорғау орталығының ұйымдастыруымен тәуекел тобындағы жүкті әйелдерді бақылау және кеңес беру үшін консультативтік-диагностикалық бөлімше ашу. Сондай-ақ орталық базасында ұрықты қорғау орталығы, “Қамқорлық” балаларды оңалту және ерте араласу орталығы, паллиативтік медицина мектебі ашылды. Босандыру ұйымдарын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Катонқарағай аудандық ауруханасы мен Зайсан қаласының аудандық ауруханасы босандырудың екінші деңгейіне ауыстырылды. 2023 жылы Ақжар және Күршім ауылдарындағы аудандық ауруханаларды екінші деңгейге ауыстыру жоспарланған, деп толықтырды Гүлмира Сағидуллина.

Облыс тұрғындарының жергілікті медицинаға деген сенімі артып келеді. Атап айтқанда, жоғары технологиялық медициналық көмек  көпшілікке қолжетімді. Өңірде 2022 жылы урология, нейрохирургия, эндоскопия, онкология, кардиохирургия, гинекология бейіндері бойынша 300-ден астам жаңа операция түрлері жүргізілді.

Өткен жылы денсаулық сақтау жүйесіне 72 жас маман, 23 резидент, 43 жалпы практика дәрігері, үш қоғамдық денсаулық сақтау маманы, үш стоматолог келді. Ауылдық жерлерге келгендерге 100 АЕК мөлшерінде көтерме қаражат, 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікпен несие берілді, бес медицина қызметкеріне қызметтік пәтер берілді, “Бір қабатты Шығыс” бағдарламасы бойынша 20 үйді медицина қызметкерлері сатып алды.

Ағымдағы жылы кадрлармен қамтамасыз ету, оның ішінде тапшы мамандықтар бойынша мәселелерді шешу үшін жұмыс жалғасатын болады.

Осы мақсаттарға 2023 жылы жергілікті бюджеттен 34 маманды резидентурада оқыту үшін 27,9 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар біздің облыстың 27 дәрігері Израиль, Латвия, Германия және Ресейдің жетекші клиникаларында оқып жатыр.

  • Қазір 2023 жылға арналған даму басымдықтары белгіленді. Бізде өте жақсы материалдық-техникалық база бар, дәрігерлер өз білімдерін тек ел аясында ғана емес, әлемнің үздік клиникаларында да үнемі жетілдіріп отырады. Ұйымды заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру, мамандарды оқыту, көрсетілетін медициналық қызметтердің деңгейін арттыру және ағымдағы жылға жоспарланған басқа да іс-шаралар осының барлығы жерлестеріміздің денсаулығын жақсартуға бағытталған. Облыстың медицина қызметкерлері «Дені сау ұлт» мемлекеттік бағдарламасының мақсат міндеттерін және оларды іске асыру жолдарын жақсы түсінеді, деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.

Осы айдарда

Back to top button