Жерді күтіп ұстамағандар субсидиядан қағыла ма?
Қазіргі таңда топырақтың құнарсыздануы, жер қыртысының бүліну мәселесі бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жыл сайын жер бетінде 23-24 млн. гектар жер құнарынан айрылып, құмдауытқа айналады екен. Ал соның көбі адам әрекетінің әсерінен болатын көрінеді.
Бұл антропогендік апат ертең әлеуметтік апатқа ұшыратуы мүмкін екенін Мексика мен Қытайдағы жағдайлардан көруге болады. Ал бізде ше? Сала мамандарының дабылына құлақ кеш те болса түрілді. 2011 жылы ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалану ережелері бекітілген болатын. Онда әрбір жер иеленуші телімді пайдалану кезінде оның құнарсыздануына әкеліп соқтыратын әрекеттерден аулақ болып, түрлі жағымсыз өзгерістерден сақтауға міндетті екені көрсетілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сенсек, Зайсан көлінен Өскеменге дейінгі алап онсыз да табиғи шөлейттенуден зардап шегіп келе жатқан көрінеді. Осындай күрделі аймақтарды еншілеген Шығыс Қазақстан үшін де аталмыш ережелердің мүлтіксіз сақталуы өте маңызды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш ережелердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету тетіктерін енгізуге кірісіп кеткен. Жерді пайдалануды біртұтас жүйеге келтіру үшін облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан да алғышарттар ұйымдастырылуда. Соның бірі жерге орналасудың ішкі шаруашылық жобасын түзу міндетін енгізумен байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, әр жер иесінің қолында өзге де тиесілі құжаттармен бірге иелігіндегі телімді қалай игеретіні көрсетілген жоба болу керек. Ол жобада өз иелігіндегі аумақтың құнарлылық, табиғи-тарихи, экологиялық және орналасу ерекшеліктерін, техникалық қасиеттерін ескере отырып, бірнеше жыл бойында пайдалану кестесі көрсетілуі керек. Бұл уақыт өте алқаптың игерілу тарихы мен егіс айналымының, тыңайту шаралары мен қолданылатын технологиялардың жобада көрсетілгендей орындалуы да қадағаланатын кез келеді деген сөз. Соңғы кездер қолында осындай жобасы жоқ шаруа қожалықтары субсидиялардан қағылатыны жөнінде ақпарат тарап кетті. Соның анық-қанығын білу үшін облыстық жер қатынастар басқармасына хабарласқан едік.
Басқарма басшысы Қонысбай Төлеубековтің айтуынша, бүгінге дейін облыс бойынша тек 799 мың гектар жердің қалай игеріліп жатқанын көруге мүмкіндік бар екен. Өңір бойынша 16 мың ауылшаруашылық құрылымы тіркелген болса, соның тек 150-і ғана, яғни тек 0,9 пайызы аталмыш міндетке мойын ұсынып отыр.
-Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану – облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей қадағалауында тұрған мәселе. Жерге минералды және органикалық тыңайтқыштар себу, фитосанитарлық талаптардың қалтқысыз орындалуы, егіс айналымының сақталуы, көпжылдық шөптер егу, жерден алған құнарлы заттарды қайтару мәселесі облыс басшысының, үнемі назарында. Сондықтан жер пайдалану бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп отырамыз, – дейді Қ.Төлеубеков.
Әзірге ішкі шаруашылық жобаларынының кез келген жер иесінде болуы керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты облыстық деңгейде жиындар өтіп, барлық аудан басшыларына ескертілгенімен, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Күршім аудандары мен Өскемен және Семей қалаларында ешқандай қозғалыс байқалмаған. Ал Зырян ауданында 20 ауылшаруашылық құрылымы жалпы көлемі 37 мың гектар болатын жерді пайдаланудың ішкі шаруашылық жобасын бекітіп алған. Тағы 29 қожалық дайындау үстінде. Сондай-ақ, Бородулиха ауданының 13 шаруа қожалығы, Көкпекті ауданының 10 шаруа қожалығы, Ұлан ауданының 10 шаруа қожалығы және Шемонайха ауданының 15 шаруа қожалығы да бұл талаптың үдесінен шығып отыр. Сонымен қатар, аталмыш аудандарда атап айтқанда Бородулиха ауданында 16 қожалық, Ұлан ауданында бес қожалық, Шемонайха ауданында алты қожалық ішкі шаруашылық жобасын дайындауға тапсырыс берген екен. Осы бес ауданнан басқа өлкелерде әзірге сең қозғалар түрі жоқ.
Қонысбай Төлеубеков аталмыш жобаны арнайы мамандығы бар жеке тұлғалар мен серіктестіктер, «НПЦзем» мекемесінің бөлімшелері дайындайтынын айтады. Ол үшін шаруа қожалық иесінен әр гектарға 272 теңге мөлшерінде ақы талап етіледі. Ал егер жер телімі суармалы болса, баға он пайызға қымбаттайды. «Бұл баға 2007 жылғы жер кадастры және жерге орналастыру жұмыстарының жекелеген түрлеріне баға прейскурантында» бекітілген. Жердің көлемі ұлғайған сайын қызмет бағасы гектарына шаққанда арзанға түседі. Ал жағдайы келмеген көршілес жер иелері бірігіп, ортақ бір жоба да жасатуға болады. «Мәселен Бородулиха ауданында 12 қожалық осылай істеді және Зырян ауданында да мұндай ілгері істер бар», – дейді басқарма басшысы.
Ал жерді күтіп ұстамағандарға субсидия төлемеу мәселесі министрлік деңгейінде көтерілгенін, әзірге нақты шешім немесе заң жобасы дайындалмағанын айтқан Қ.Төлеубеков жер пайдалануды бір жүйеге келтіру үшін осындай заңнамалық тетіктер қажет екенін де атап көрсетті. Өйткені, жерді ұқыппен пайдалану жөнінде нұсқау көрсеткен мамандардың сөзіне кейбір шаруа қожалық иелері құлақ аспайтын көрінеді.
«Біз жерді бабаларымыздан мұраға алмаймыз, ұрпақтарымыздан қарызға аламыз» – депті Антуан де Сент Экзюпери. Расымен де жерді тиімді пайдалану түсінген адамға ұлт болашағымен тікелей байланысты. Ендеше бұл іске кез келген жер пайдаланушы немқұрайлы қарамағаны абзал.
Есімжан Нақтыбай