Ауыл шаруашылығы

Жер мәселесіне жете мән беріліп отыр

Елбасының халыққа Жолдауын іске асыру және түсіндіру үшін Жер рес-урстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров облысымызға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында агенттік төрағасы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында бой көтерген «Шығыс» ауылында болып, өңірлік жер басқару инспекциясының жұмысымен танысты. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге жер басқарудың құқықтық қарым-қатынастарының мәселелері бойынша бизнес құрылымдары, мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Жер мәселесіне жете мән беріліп отырАлқалы жиында облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі жер ресурстары мен шабындық жерлердің бүгінгі жағдайына қысқаша тоқталып өтті.

– Біздің облыста ауыл шаруашылығын дамытудың бекітілген жүйесі бар. Ірі агроқұрылымдардың жер қатынастарының жобалары да жасалған. Дегенмен, қазіргі уақытта жерді тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар дайындау қажеттілігі туындап отыр. Ендігі біздің мақсат – тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерді түгендеу. Бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Айталық, екі-үш жылдың ішінде тұрғын үй құрылысын жүргізуге халықтан 20 мыңнан астам өтініш келіп түссе, соның 12 мыңнан астамы (60%) жер телімдерімен қамтылды, – деп атап өткен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ инженерлік инфоқұрылым мен құрылыс жүйесі, бас жоспары дайын емес жобаларға жер телімдерін бөлуді қысқартуды ұсынды. Сонымен қатар облыс Әкімі өз сөзінде бес мыңға дейін тұрғыны бар елді мекендердің бас жоспарына өзгерістер енгізу керектігін еске салды.

Облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Қонысбай Төлеубековтің келтірген деректеріне жүгінсек, тиісті орындармен жүргізілген инвентаризация нәтижесінде облыс аумағында жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайтын игерілмеген 2094 жер телімі анықталған. Оның ішінде 94 мың гектар егістік жерлер. Осыған байланысты мынадай іс-шаралар жүзеге асырылған: 1323 жер телімі иесіз ретінде тіркеуге алынып, келісімшартты бұзу арқылы мемлекет меншігіне 539 жер телімі өткізілген. Келісімшартты біржақты тәртіппен бұзу жөнінде сотқа 15 материал жіберілген.

– Өткен жылы облыста егістік жер көлемі 78,1 мың гектарға ұлғайған, соның ішінде 68 мың гектар ұзақ уақыт игерілмей жатқан жер телімі айналымға қосылды. 9,3 мың гектар жер ауыл- шаруашылығын құруға қажетті қор ретінде сақталып отыр. Осыған қарап қолға алынған ревизиялау жұмыстары өзінің оң нәтижесін бергенін көреміз, – деп түсіндірген басқарма басшысы Қонысбай Төлеубеков бұл бағыттағы іс-шаралардың келешекте де жалғаса беретіндігін жеткізді.

Ресми мәліметтерге қарағанда, өңірде егістік жерлердің 87%-ы ғана игеріліпті. Десек, оны толықтай кәдеге жарата алмаудың басты себебі, аудандарда түсіндіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмеуі және жекелеген шаруашылықтардың мүмкіндігінің жетіспеушілігі.

Сондай-ақ, кездесу барысында Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығы Владимир Соловьев, «Гео-ресурс» ЖШС-нің директоры Сергей Токарев баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.

Оған қоса жиында бірқатар өзекті проблемалар да қозғалды. Атап айтсақ, ел Үкіметінің ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану жөніндегі бекіткен ережесін сапалы және толық орындау үшін облыстық агрохимия қызметін құру; ауылшаруашылық жерлерін инвентаризациялау жұмыстарын іске асыру кезінде жер телімдерінің нақты ауданын анықтау және салыстыру үшін заманауи инновациялық технологиялар, соның ішінде 1:25000 масштабта ұлғайтатын сандық карталар сатып алуға қажетті қаражат бөлу туралы агенттік атынан Үкіметке арнайы ұсыныс жолдау; қалалар мен облыс орталықтарында мемлекеттік жер кадастрын енгізуге және тұрғын үй құрылысының жер телімдерін инвентаризациялау нәтижелерін беруге масштабы 1:2000 болатын топографиялық негіздеме алу. Міне, осы аталған мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіткен агенттік төрағасы Қадырхан Отаров алдағы уақытта бұлардың бәрі өз шешімін табатынын ескертті.

– Жердің әрбір бөлшегі халықтың игілігіне, ел экономикасына жұмыс істеуі тиіс. Егіншілік пен жайылымдық, шабындық алқаптар игерілмей бос жатпауы керек. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер телімдерінде құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізуге мән берген жөн. Өкінішке қарай, бізде осы жағы ақсап тұр. Мәселен, Өскемен мен Семей қалаларының, аудан орталықтарының, қала маңы аймағын заңда көрсетілген талаптарға сай ұстауы қажет. Қалай болса солай құрылыс нысандарын салуға жол берілмеуі керек. Жалпы, тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлгенде барлық жағдайлар ескерілсе, – деген Қадырхан Отаров жер басқарудың құқықтық қарым-қатынастары бойынша жұрттың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Кездесу соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде жер қатынастарын реттеу, жер заңнамаларының қолдану тәжірибесін қорыту және жетілдіру, жерді қорғау және ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты іске асыру жоспарланған.

Керек дерек
Облыстың жалпы жер көлемі – 28 миллион гектар. Мұның 10 миллион гектары ауылшаруашылығы бағытында пайдаланылатын жерлер десек, егіншілікке жарамдысы 1 миллион 300 мың гектарды құрап отыр. Ал өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдарының саны 17 мыңнан асып жығылады. 2009 жылдан бері жүргі-зілген ревизия жұмыстары нәтижесінде өңірде 538 мың гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталған. Бүгінгі таңда соның 153 мың гектары кәдеге жаратылған.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button