Экология

Жер асты суларынан қалай құтыламыз?

Жер асты суларынан қалай құтыламыз?

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Северный кентінде де болды. Северный кентінің жағдайына назар аударып, жер асты суынан қалай құтыламыз деген проблемамен танысты. Кентті су басып кеткеніне біраз күн болған, тұрғындар мына судан құтқаратын жан бар ма, қалай құтқарыламыз дегенді айтып жатыр екен. Өйткені, қаладағы ТЖ басқармасы, ТҮКШ қызметі де осы проблеманы шеше алмай отыр. Ертіс өзенінің суы тасығандықтан Семейдің екінші бір шетіндегі осы аудан су астында қалып қалған.

ТЖ басқармасының №2 отряды бұл жерде 24 сағат бойы суды сорса да, су түгесілер емес. Тұрғындардың үйіне үсті-үстіне төпелей келуде. Олардың көктемгі бау-бақша, қора-қопсылары түгелдей су астында қалып отыр. Бұны көрген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ең тиімді әрі қарапайым инженерлік шешім ұсынды.
-Мына суды сорып алу мүмкін болмаса, онда зумпф шұңқырын қазыңдар,-деді аймақ басшысы,-бұл негізінде шахта түбіндегі су жиналатын шұңқырларға арналған тәсіл. Тереңдігі 4 метр болатын зумпф сорғыш насос тәрізді бүкіл жинақталған суды өзіне тартып алады. Содан соң, бұл жерді тазартып, гидрогеологиялық тексеру жұмыстарын, топырақ қабатын зерттеуді жүргізу керек. Сендер осылай не істейміз деп бас қатырып отырғанда, тұрғындар «билік түк істемеді, көмек жасай алмады» деп ренжіп жатыр. Егер зумпф та тиімді болмаса, басқа инженерлік тәсіл іздеңіздер. Қалайда мына жерді судан арылту керек.

Тұрғындардың арыз-өтініштері орынды, сондықтан да бұл проблеманы тездетіп шешіңіздер, деп тапсырды облыс басшысы қала әкімінің орынбасары Николай Ушаковқа. Себебі жаңбыр жауған сайын су көлемі адам айтқысыз ұлғайып барады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button