Құқық

Жемқорлықпен  күрестің жаңа тәсілдері енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне баса назар аударылды. Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс деп атап өтті. Әрине, мемлекеттік қызметшілер заңбұзушылықтарға жол бермей, ел игілі үшін тың бастамаларды көтеріп, өзекті мәселелерді шешуде нақты шешімдер қабылдаулары қажет.

Сондай-ақ Жолдау барысында халықтың сенімін арттыру, маңызды шешімдерді қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру тапсырылды. Бұл ретте алдағы уақытта қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарта отырып, оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

 

Президенттің Жолдауына сәйкес 2021 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдері енгізілмек. Атап айтсақ, жемқорлықпен күрес аясында мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуына, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жаңа шектеулер қойылып, мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда, олар қызметінен босатылатын болады.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көтерген тың бастамаларды қолдай отырып, оларды сәтті жүзеге асыруға барлық қоғам өкілдерін белсене қатысуға, мемлекеттік қызметшілерді ел игілі жолында тыңбай еңбек етуге шақырамыз.

Ерлан Жалмағамбет,

Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысы

Осы айдарда

Back to top button