Жемқорлыққа жол жоқ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы Глубокое ауданы жұртшылығы арасында кеңінен талқыланды. Әсіресе сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін тұрғындармен бірге мемлекеттік қызметшілер де талқылауда.
Президент өз Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс», деп атап өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Кожохово ауылдық округінің әкімі Фарида Шаяхметова ФАП қызметкерлерімен «Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл» тақырыбында әңгіме өткізді. ФАП қызметкерлері Жолдаудың мәтінімен толық танысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі екендігіне назар аударды.
ФАП қызметкерлерінің көңілінен шыққаны – Президенттің азаматтардың кірісі азайып, экономиканы қолдауға бөлінген қаражатты жымқыру қаупі артқан кезде, пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігі туралы айтқаны.
Сонымен қатар Секисовка ауылдық округі әкімінің аппаратында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – біздің ортақ парызымыз» тақырыбында семинар өткізілді. Олардың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру еді. Әкімдіктің бас маманы Ирина Словцова баяндама жасады. Семинар нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және этикалық нормаларды сақтау мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасулар болды.
Глубокое ауданының жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Ордаханова инстаграм әлеуметтік желісіндегі жастар ресурстық орталығының парақшасында оқырмандармен «Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында тікелей эфир өткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жемқорлыққа қатысты бірқатар мәселелерді қозғады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бұл қоғамның және кез келген азаматтың ортақ ісі. Еліміздің әр азаматы оны терең ұғынып, түсінуі қажет. Сыбайлас жемқорлық тек құқықбұзушылық қана емес, бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі, ауқымды, әлеуметтік індет, – деп атап өтті Гүлмира Ахметқалиқызы.
Мұндағы мақсат өскелең ұпақтың енді қалыптасып жатқан санасына жемқорлықтың заңсыз әрекет екенін түсіндіру, жемқорлықты жоюға, адал мемлекет құруға шақыру еді.
Глубокое аудандық Достық үйі директорының міндетін атқарушы Айгерім Намазбаева да Президенттің Жолдауын қолдап, инстаграм парақшасында тікелей эфир өткізді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрбір азаматтың міндеті екеніне баса назар аударды.
Президент өз Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажеттілігін атап өтті. Яғни, «2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет. Адам құқын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл мәселенің мәні зор», деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған мәселелер ел ішінде қолдау тауып отыр. Ендігі мәселе Жолдауда айтылғандарды іс-жүзінде тиімді қолдану.
А. Рағызбаева
Глубокое ауданы.
Мақала Глубокое аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді