Тарих

Желтоқсаншылардың ерлігін дәріптеу бәсеңсіп қалған жоқ па?

Тәуелсіздікке қол жеткізуге негізгі себеп болған Желтоқсан оқиғасына биыл 33 жыл толмақ. Егемендік үшін басын бәйгеге тіккен ержүрек ұл-қыздарымыздың көбі сотталды, қамалды, оқуынан шығарылып, қудаланды. Қазір сол ұл-қыздарымыз қайда? Олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары қалай? Жалпы, бүгінге дейін желтоқсаншылардың ерлік істерін өз дәрежесінде бағалай алдық па? Бұл сауалдарды «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Маратбек Рамазановқа қойған едік.

– Маратбек Айтахметұлы, бірлестік қашан құрылған, алға қойған нақты мақсаты қандай?

– Республикалық ұйымның құрылғанына келер жылы 11 жыл болады. Өзімнің бұған араласып жұмыс істеп жүргеніме төртінші жыл. Негізгі мақсатымыз – жастарға тәлім-тәрбие беру, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру. Ең бастысы, бұған дейін танылмаған желтоқсаншылардың есімдерін кейінгі жас буынға жеткілікті түрде дәріптеу, таныстыру. Желтоқсаншыларға мүмкіндігінше әлеуметтік қолдау көрсету. Ең алдымен, шаруаны Зайсан ауданында бастадық. Сонда төрағалық етіп жүріп, 28 адамға желтоқсан оқиғасына қатысқанын растайтын куәлік алып бердік, 25 адамның есімі арнайы кітапқа енгізілді. Ал соңғы екі жылдың көлемінде облыста қызмет істеп жатырмыз.

Республикалық бірлестік әр уақытта қоғамдық өмірдің бел ортасында жүр. Алғашқы көмегін 2010 жылы Қызылағашты су алып кеткен кезде көрсетті. Енді облыстағы шаруаға келсек, желтоқсандағы біздің батырымыз – Сәбира Мұхаметжанова. Соңғы жылдары батыр қыздың есімін дәріптеуге көп күш салудамыз. Өзі оқыған Тарбағатайдың Ақмектеп ауылындағы орта мектепке есімі берілді. Сәбираға қатысты барлық құжаттар Ұлттық мұражайға өткізілді. Сол арқылы оның есімін шетелдіктерге де таныстыруға, көрсетуге мүмкіндік алдық. Сәбираның есіміне көше атын беруге келсек, қалалар мен аудандар қарсы емес, уәделерін беруде. Бұйырса, Аягөз ауданы бастағалы отыр. Үржар ауданы да бұл істі қолға алды. Облыс орталығында Ахмер ауылының жаңа көшелерінің бірі Сәбираның атымен аталады. Бұдан бөлек Семей қаласы бойынша да жұмыс өте жоғары деңгейде жүріп жатқанын атап кеткім келеді. Онда Тоқтарғазы Сарманов деген азаматтың төрағалығымен шаруа атқарылуда.

– Ал туған ауданы Тарбағатайда әлі көше берілмеген бе?

– Әзірге жоқ, дегенмен алдағы уақытта береміз деп уәде етіп отыр. Тағы бір айтарым, биыл тамыз айында Сәбираға өзінің мектебінің алдында кеуде мүсінін орнаттық. Бұл жер болашақта абаттандырылып,үлкен аллеяға айналмақ. Сонымен бірге, ауылдағы өзінің үйін мұражайға айналдыру да жоспарда бар. Бұл жұмыстар ауданның бұрынғы әкімі Ділдәбек Оразбаевтың тұсында басталған болатын, енді ары қарай жалғасын табады. Ауданда бұл бағытта тиісті шаруа жүріп жатыр. Өскемендегі өзі оқыған педагогикалық колледждің қабырғасына ескерткіш тақтасы орнатылған. Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Сәбираның өзімен бірге оқыған барлық курстастарын Өскемен қаласына жинадық. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан, Семейден және өңірдегі қалалар мен аудандардан арнайы келді олар. Тағылымды кездесу ұйымдастырып, бірқатарын «Желтоқсан оқиғасына – 30 жыл» медалімен марапаттадық. Өкінішке қарай, орталықтан көше беру ісі алға баспай тұр. Осыған дейін бірнеше рет сол Амур көшесін сұрағанбыз, қандай да бір себептермен берілмеді. Ал осыдан төрт-бес күн бұрын тағы да сол Ақмектеп ауылында болдық. Сәбира туралы республикалық орталық телеарналар түсірілім жасады. Алда бүкіл елімізге танытатын болады.

– Енді Сәбирадан басқаларға тоқталсақ, қазір желтоқсаншылардың ерлігін дәріптеу бәсеңсіп, саябырсып қалған жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, шыны керек, Шығыста желтоқсаншылардың басы бұған дейін біріккен жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Есімін ел білмей, ортамыздан өтіп кеткен азаматтар да бар. Мәселен, алаңға шығам деп қуғын көрген, жылда теледидардан хроникадан көрсетіп жататын катонқарағайлық бұйрабас жігіт Бекжан Камалиевті іздеп таптық. Ол басында мүлде қарсы болғанымен, түсінісе келе ұйымның жұмысына біркісідей кірісті. Желтоқсан үшін жазасын өтеп келген Асқар Рамазановты Катон жақта қой бағып жүрген жерінен тауып алсақ, ауруханада алты ай жатқан Гүлшат Ахметованы іздеп таптық. Жақында ұйымға кіріп, куәліктерін алады. Жарма ауданынан Гүлмира Рахымжанованы таптық, ол үндеухат таратқаны үшін екі жыл, төрт ай қамауда отырған. Ол да бұған дейін үйсіз-күйсіз жүрген, жайы онша болмаған. Қайтыс болған апайының үйін алған екен. Қазір ауданның ішкі саясат бөлімі көмектесіп жатыр, сөзімізді жерге қалдырмай, жақында елу мың теңге ақша және көмірін түсіріп беріпті.

Сол сияқты Күршім ауданының әкімдігі де жақсы көмек көрсетуде. Қаржылай да, заттай да қолдау білдіруде. Ұйым жұмысының арқасында жазықсыз қуғын көрген шығысқазақстандық он азамат ақталып шықты. Ақталды дегеніміз, Президент Жарлығына сәйкес қуғын-сүргін құрбаны болып танылып, тиісті құжаттарын алғанын айтып отырмын. Облыстық ішкі саясат басқармасында болдық, ұйым тарапынан шығысқазақстандық желтоқсаншыларға қатысты өзіміздің тиісті ұсыныстарымызды жазбаша түрде табыстадық. Бұл жұмыстар алда рет-ретімен іске асатын болады.

Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында желтоқсаншылардың республикалық конференциясы өтті. Шығыстан төрт азамат барып қатысып келді. Жалпы, мен өзім желтоқсаншыларға әлі де жеткілікті түрде баға берілген жоқ деп есептеймін. Әлеуметтік қолдаулар да жеткіліксіз. Көбінің жағдайы, отбасылық тұрмысы төмен. Әсіресе, басқа өңірлерге қарағанда Шығыста бұл жұмыстар тым артта қалған. Сондықтан бұл мәселе келешекте оңға басады, біз күткен шешімі табылады деп сенеміз.

– Жаңа тағы да Сәбира деп қалдыңыз ғой?

– Иә, айтайын дегенім, келер жылы 1 қаңтарда Сәбира Мұхаметжанова 50 жасқа толады. Соған орай, 4 қаңтар күні сағат 11-де Өскемендегі Халифа Алтай атындағы Орталық мешітте үлкен ас бермекшіміз. Оған республика көлеміндегі белгілі желтоқсаншылар шақырылып отыр. Сонымен бірге, асқа Сәбираның есімінің сақталуына атсалысып, шашбауын көтеріп жүрген сыныптастары, мұғалімдері, студенттік жатақханадағы тәрбиешілері, Сәбира атындағы шараларға демеуші болып жүрген жолдастары мен бірқатар жастар арнайы шақырылып отыр. Ас барысында соларды марапаттап, республика көлеміндеі желтоқсаншыларға таныстыратын боламыз.

Осының аясында облыстық ішкі саясат басқармасының, демеушілердің қолдауымен өтетін тағы бірқатар бағдарламамыз бар. Сондай-ақ «Қаһарлы желтоқсан. Желтоқсанның беделі мен берері» тақырыбында дөңгелек үстел өткіземіз. Желтоқсан оқиғасы мен желтоқсаншыларға қатысты барлық дүниелер сол шарада талқыланатын болады.

– Желтоқсаншыларға мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, 2007 жылы Алматыда желтоқсаншыларға жүз үй берілген. Екінші жыл Нұр-Сұлтанда және Алматыда қоғамдық көлікте «Оңаймен» тегін жүреді. Бұл мәселе біздің облыста да қарастырылып жатыр, тиісті хат жазылды.

– Әңгімеңізге рақмет, істеріңіз ілгері болсын!

Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button