Жедел жәрдем ауруханасы неге қаңырап бос тұр?

Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы 2013 жылы пайдалануға берілген. Бірақ проблемалары бітер емес. Әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне енді ғана қосылды. Әу баста осы аурухананы ашқан кезде электр қуаты арқылы жылумен қамтылуы тиіс деген жоба бекітіліп кеткен екен.
Бірақ бұл тиімсіз болыпты. Бар болғаны екі-үш жыл ішінде жылу ақысы электр эжнергиясына миллиондап өсіп, мемлекет қазынасына орасан зор шығын әкелген. Нақты айтсақ, жылу құбыры арқылы емес, электр энергиясы арқылы жылынып келген аурухана жылуға айына шамамен 37-40 млн. теңге төлеуге мәжбүр болған. 2015 жылы облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ, аурухана ұжымы өтініш жасағаннан кейін, бірден осы жағдайды тікелей назарына алып, жылуды орталықтындырылған жүйеге қосу қажеттігін тапсырды. Сол үшін жылу құбырларын тартуды ұсынды. Сөйтіп, Семейге келген сайын ауруханадағы берілген тапсырмалары орындалып жатыр ма, жоқ па, соны бүге-шегесіне дейін нақтылап, тексеріп отырды. Содан облыс басшысының әр сапарынан кейін, қысқа мерзімде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, аурухананы жақын маңдағы «5-интернат» қазандығына қосу жұмыстары басталды. Ұзындығы 2 700 метр жылу желісі тартылып, биыл аурухана орталықтандырылған жылу желісіне қосылуға қол жеткізді. Сөйтіп, бұл істі аяқтадық-ау деген кезде, тағы бір күрделі мәселе қылаң берді. Жедел жәрдем ауруханасының үштен екі бөлігі қаңырап бос тұр екен.
-Сіздерге қалай айтып түсіндіруге болады? Қала басшылығы қайда? Депутаттар не істеп отыр?-деді Даниал АХМЕТОВ, – Иә, түсінемін, бұл қаланың жылумен проблемасы бар. Осы жәдел жәрдем ауруханасын салған кезде жылу жүйесіне қосылмапты дедіңіздер. Миллиондаған қаражат далаға кетпес үшін, өзім келіп тексеріп жүріп, жылуға қосып бердім. Енді айтасыздар, ғимарат қаңырап тұр. Әсіресе операция жасайтын хирургия бөлімдері жұмыссыз қалған. Ол аздай, ангиограф керек дейсіздер. Онда үш жыл бұрын бұл аурухананы қалай ашқансыздар? Аурухана салынып жатқан кезде, басшылық келіп, неге жұмыстарын тексеріп тұрмаған? Аурухана ғимаратының 50 мың шаршы метрінің 12 мың шаршы метрі ғана пайдаланылуда. Қалғандары міне, қараңыздаршы, бөлмелер, коридорлар үш жылдан асты, бос жатыр қаңырап, үкіметтің қаражатын неге аямайсыздар? Ол халықтың ақшасы, сіздерге елге жағдай тудырсын, денсаулығын емдесін деп берілген.
Облыс әкімі үштен екісі бос тұрған аурухананы аралап жүрген кезде алдынан тағы бір проблема шыға келді. Жедел жәрдем ауруханасы ашылған үш жылдан бастап, олар электр энергиясымен дұрыс қамтылмаған. Соған орай, мұнда хиругия және травмотология бөлімдері мүлдем іске қосылмай қалыпты. Облыс басшысымен кездесуге келген ШҚ РЭК-тің басқарма төрағасы Ерлан Киркинбаев нысанды электр энергиясына қосуға дайынбыз, ешқандай проблема жоқ десе, аурухана директоры Қайноллан Мусин оған сене алмай тұрғандығын жеткізді. Үш жыл бойы аурухананы электр энергиясымен қамтып келген «Аймақтық энергетикалық компанияның» балансына да аурухананың берілмей келе жатқандығының бір себебі бар екен.
-Бізге жарық беретін подстанция өшіп қалған кездер болды,-деп түсіндірді Қайноллан Мусин,-муфтылар жарылып, жарық сөніп қалатын. Реанимация бөлім не операциялық бөлімде мұндай жағдай орын алса, не болмақ? Сондықтан да хирургия жақ әлі көшіп келіп, орналаса алмай жатыр. Жарайды, біз бөлімдерді ашайық, бірақ ШҚ РЭК өз жауапкершілігіне подстанцияны, электр желілерін толық алсын.
Бұндай тайталасты естіген облыс басшысы сөзін қысқа қайырды.
-Егер мамыр айының 1-іне дейін осы аурухананы электр энергиясына қосып, қаңырап тұрған бөлмелерді толтырмасаңыз, бұл мәселелерді сіздің орныңызға келетін «басқа директор» шешетін болады. Қазір анау-мынау деп созбақтап отыратын уақыт емес. Сіздер күн сайын түрлі сылтау ойлап табатын болыпсыздар. Мен ойладым, энергетиктер ауруханаға қызмет көрсетпей жатқан шығар деп. Ал олар міне, электр энергиясын ауруханаға үзбей беруге әзірміз деп отыр. Әлде осылайша қыруар қаржыға салынған нысан бос тұра берсін бе?
Айта кету керек, 2017 жылдың ақпан айында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, осы ұжыммен кездесу өткізген еді. Ол бұл ауруханадағы ең соңғы үлгідегі заманауи құралды көріп, таңғалды. Мәселен, Германияда шығарылғанына 20 жыл болған медициналық жабдықтар әлі күнге дейін пайдаланылып жатса, Семейдегі жедел жәрдем ауруханасындағы магнитті-резонанстық томограф 2013 жылғы озық технология екен. Яғни, мемлекет бұл ауруханаға барлық жағдай жасап отыр.
Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА