Денсаулық сақтау

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДЕ ПАРАМЕДИК БОЛАДЫ

Еліміздегі жедел жәрдем қызметінің жұмысына өзгеріс енгізілді. Жедел жәрдем бригадасының құрамына парамедик маманы кіргізілді.

Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық жәрдем жұмысын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдады. Министрлік халыққа шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін ведомствоның «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 19 қаңтардағы бұйрығына өзгерістер енгізді.

Бұйрыққа сәйкес жедел жәрдем бригадасының құрамына парамедик кіреді. Ол – алғашқы көмек көрсету бойынша қосымша функцияны орындай алатын және шақыруларға қызмет көрсету бойынша жедел медициналық жәрдем бригадаларының жұмысына қатыса алатын алғашқы көмек көрсету бойынша кәсіптік даярлық курсынан өткен маман.

Халық саны 100 мың адамнан тұратын моноқалаларда жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша дербес жедел медициналық жәрдем станциялары ұйымдастырылады. Дәрігерлік бригадалардың саны құрамына мамандандырылған (дәрігерлік), оның ішінде балалар қарқынды терапия бригадалары, бейінді бригадалар (кардиологиялық, педиатриялық) кіретін бригадалардың жалпы санының кемінде 25%-ын құрайтын болады.

Бүгінде елімізде 1500-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның 18%-ы мамандандырылған дәрігерлік бригадалар. Талдау көрсеткендей, қанайналым жүйесінің аурулары мен балалардағы ауруларға байланысты қиындықтар жиі кездеседі.

Сондай-ақ жедел жәрдем станцияларына медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділік беріледі, бұл үйлестіруші ұйым үшін медициналық көмек көрсетуде интеграцияны қамтамасыз етеді. Жедел жәрдем станциялары 10 мың және одан аз халыққа шаққанда 1 бригаданың есебінен бригадалармен жарақтандырылатынын, ал медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарындағы ЖМК бөлімшелері халықтың өтінішін ескере отырып 35 мың және одан аз халыққа шаққанда бір бригаданың есебінен бригадалармен жарақтандырылатынын естеріңізге саламыз.

Диспетчерлердің ауылдық елді мекендердегі шақыруларға қызмет көрсетуі үшін аудандық қосалқы станцияларға мамандар, сондай-ақ жақын маңдағы медициналық ұйымдардың санитарлық автокөліктері тартылуы мүмкін.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен елді мекендерде ЖМК функциялары бірлесіп орындау шарты арқылы берілуі мүмкін.

Бұл инновациялар ЖМК қызметінің ел халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button