Денсаулық сақтау

«Жедел жәрдем» жедел жете ме?

Соңғы жылдары орын алған реформалау  медицина саласының «жедел жәрдем» қызметін де айналып өтпегені рас. Атап айтсақ, өткен жылдың басынан «жедел жәрдем» қыметіне хабарласу нөмірі өзгеріп, науқастарды санатқа бөлу, оларға жету уақытын белгілеу сияқты жаңашылдықтар енгізілді. Бұрын барлығына бірдей баратын  жедел медициналық жәрдем қызметі бұдан былай пациенттерді саралайтын болды. Жедел жәрдемнің осы және басқа да мәселелері жөнінде Өскемен қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Марат Ластаев айтып берді.

Уақытты қысқара түсті

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шығыс Қазақстан жедел медициналық жәрдем қызметінің екі станциясы құрылды. Оның бірі Өскеменде орналасса, екіншісі Семей қаласында ашылды. Осылайша, Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Алтай, Тарбағатай және Зайсан аудандарындағы жедел медициналық жәрдем пункттері Өскеменге, ал Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Үржар аудандары Семей қаласына қарайды. Жалпы алғанда, облыстағы екі жедел медициналық жәрдем станциясына 29 жедел жәрдем пункттері бекітілді.

Бұл дегеніміз, бұдан былай шалғай аудандардан шалынған қоңырау бұрынғыдай жергілікті жердегі жедел жәрдем қызметіне емес, бірінші кезекте орталықтағы станцияға түседі деген сөз. Оператор науқастың жай-күйін саралап, қажетті ақпаратты ауданға қайта жолдайды. Міне, осы жерде көпшіліктің көңілін күпті қылған «адам жанын арашалайтын қымбат уақыт кетіп қалмай ма?» деген сауал туындауы ықтимал. Дегенмен бүгінде «жедел жәрдем» қызметкерлерінің бригадаларына ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде де байланысы үзілмейтін заманауи құрылғылардың таратып берілгенін алға тартқан Марат Ластаев бұл қайта жаңғырту науқасқа жетудің уақытын керісінше қысқарта түскенін айтады.

– Бұрын аудан, қалаларда қарапайым стационарлы телефонда қоңырау қабылдап диспетчер отыратын, – дейді Марат Сейтқамзаұлы. – Оларда рациялары да болмаған. Ол түскен қоңырауды дәптерге жазып алып, басқа шақыртуға кеткен «жедел жәрдем» бригадасының қайтып келуін күтетін. Ал шақырту жасаған екі науқастың тұратын жерлері жақын болуы ықтимал. Міне, осы кезде адам өміріне араша түсетін алтын уақыт зая кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта «103» нөміріне шалынған қоңырау бірнеше минутта сол аудандағы пунктке жолданып, сол мезетте «жедел жәрдем» бригадасының коммуникаторына түседі. Яғни, дәрігерлер сол жерден науқастың үйіне бірден шығып кетуге мүмкіндік алады.

Көліктің 71 пайызы ескірген

Жедел медициналық жәрдем қызметіндегі қайта жаңғырту, пункттердің бір орталыққа бірігуі аудан, қалалардағы «Жедел жәрдем» көліктерінің азаюына әкеп соқты ма? Бұл сұраққа жауап берген Марат Ластаев керісінше соңғы кездері жедел медициналық қызмет бригадаларының көліктермен және құрал жабдықтармен жабдықтала бастағанын айтады. Бұл әcіресе, бүгінде 147 «жедел жәрдем» көлігі бар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясындағы көліктердің 71 пайызының ескіруімен байланысты. Қазірдің өзінде мұнда 40-тан астам арнайы көлік есептен шығарылуы тиіс.

– Осыған дейін орталық аудандық ауруханалардың базасында болған «жедел жәрдем» пункттері облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі станциясына келісімшартпен қайтарымсыз негізде берілген болатын, – дейді Марат Сейтқамзаұлы. – Осыдан кейін жергілікті жерлердегі «жедел жәрдем» бригадаларын рациялармен, коммуникаторлармен жабдықтап, көліктерін бірыңғай түске бояй бастадық. 2016 жылы облыс әкімі 100 «жедел жәрдем» көлігін сатып әперген болатын. Оның 24-і Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясына берілсе, қалған көліктер аудан, қалаларға жөнелтілген еді. Сол жылы біздің станцияға қосымша шымкенттік «Казмедприбор» мекемесі арқылы бес «газель» маркалы көлік берілді. 2017 жылы аймақ басшысы «мерседес» маркалы екі реанимобиль сатып әперді.

Бұдан бөлек, жыл өткен сайын тозығы жеткен көліктерді қолдануға мәжбүр болып отырған станцияларға алдағы екі жыл көлемінде жаңа «жедел жәрдем» көліктері сатып алынбақ. Бірінші легімен биыл жыл соңына дейін медициналық құрылғылармен жабдықталған «Hyundai H350» маркалы 59 автокөлік алынып, оның 17-сі Семейдегі, ал 42-сі Өскемендегі станцияларға бөлінеді. Десек те, бұл жолы сатып алынатын көліктер ауыл-аймақ арасындағы жолдарда жүруге жарамайтындықтан биылғы көліктер облыс орталығында қалады. Ал келесі жылы сатып алынатын көліктер легінің жүрімділігі жоғары болуына орай аудан, қалалардағы «жедел жәрдем» станцияларына таратылады.

Бұл өз кезегінде жедел жәрдем станцияларындағы басы артық көліктердің санын көбейтіп қана қоймай, оларды жөндеуге кететін уақытты үнемдеп, бригадалардың шақыртуға уақытылы шығуын да қамтамасыз ететін көрінеді.

Станциялар саны көбейеді

Қазіргі уақытта облыстағы «жедел жәрдем» бригадаларының науқасқа жету мүмкіндігі 70 пайызды ғана құрайды. Яғни, олар осынша пайызда ғана өмір үшін арпалысқан адамға уақытында жетіп, көмек көрсете алуда. Марат Ластаевтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша «жедел жәрдем» көлігінің шақыртуға жетудегі орташа уақыты 18 минутты құрайтын көрінеді. Бұған әсер еткен үрдіс – жедел медициналық жәрдем станцияларының біріктіріліп, қызмет көрсету аумағының ұлғаюы.

Бүгінде жылына 513 мың шақырту түсетін өңірде (1,5 млн. тұрғыны бар аймақта әр үш адамға бір шақыртудан келеді) 32 «жедел жәрдем» станциясының болуы аздық етеді. Осы себепті өңірге тағы да қосымша «жедел жәрдем» станциялары ауадай қажет.

– Радиусы 700-800 шақырымды құрайтын біздің облыста қосымша «жедел жәрдем» станцияларын көбейту жоспарда бар. Атап айтсам, келесі жылы Шемонайха, Риддер тасжолдарын қамтамасыз ететін бір станцияны Глубокое ауданының Секисовка ауылында, Өскемен-Алтай арасындағы тасжолға қызмет көрсететін бір станцияны Алтай ауданының Тұрғысын ауылында, тағы бір станциядан Тарбағатай ауданының Қызыл Кесік, Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылдарына орналастырмақпыз, – деді Марат Сейтқамзаұлы.

Бұдан бөлек, бүгінде Алтай, Глубокое, Ұлан аудандарының бірқатар ауылдарына қызмет көрсетіп отырған облыс орталығындағы жедел медициналық жәрдем станциясына қосымша төрт «жедел жәрдем» пунктін ашу жоспарланған. Сәтін салса, келесі жылы Өскемен қаласының Защита, Әуежай тұрғын аудандары мен Меновное ауылында, сондай-ақ Мыза көшесінің бойында ашылатын осындай станциялар «жедел жәрдем» бригадаларының қала ішіндегі және маңындағы шақыртуларға жету уақытын қысқартып, медициналық персоналдың толыға түсуін қамтамасыз етпек.

***

Жеңіл-желпі ауруларға бола шапқыламайтын «жедел жәрдем» қызметіндегі өзгерістер легі осындай. Десе де, адам өміріне араша болатын қысылтаяң сәтте ақ халатты абзал жандардың уақтылы келмеуі көпшіліктің көңілін күпті қылып, артын сенімсіздікке ұластырып жататыны белгілі. Ал сала қызметкерлері болса, қолдан келер бар шараның істеліп жатқанын алға тартып, бар мәселенің қаражатқа келіп тірелетінін айтады. Бір-ер жыл бұрын ғана реформалау салдарынан 90 санитарды бірден қысқартып, қол қусырып қалған сатанция биылдан бастап 88 фельдшерді жұмысқа қайта қабылдаған екен. Енді ғана жеке мекемеге айналып, қаз тұрған станция кезекті өзгеріске ұшырамаса, алдағы бірнеше жылда өңір тұрғындарын сапалы әрі уақтылы жететін «жедел жәрдем» қызметімен қамтамасыз етуге сендіріп-ақ отыр…

«Жедел жәрдем» бригадасының  жету уақыты:

– 1 санат: Науқастың жағдайы өміріне тікелей қауіп төндіргенде және дереу медициналық көмекке мұқтаж болғанда. Бригаданың келу уақыты 10 минутқа дейін;

– 2 санат: Науқастың медициналық көмексіз өміріне қауіп төнуі ықтимал жағдайда бригаданың келу уақыты 15 минутқа дейін;

– 3 санат: Науқастың медициналық көмексіз денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайда бригаданың келу уақыты 30 минутқа дейін;

– 4 санат: Науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбеген кезде,  созылмалы аурудың шиеленісуіне, ағзалары мен жүйелері кенет бұзылған кезде бригаданың келу уақыты 60 минутқа дейін.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button