Денсаулық сақтау

Жедел дәріхана дәріні қолма-қол дайындайды

	  Жедел дәріхана дәріні қолма-қол дайындайды

Өскеменде жеке рецепт бойынша қолма-қол дәрі-дәрмек дайындайтын кәсіпорын ашылды. Ең маңыздысы, бұл жедел дәріханадағы өнімдердің бағасы нарықтағыдан 40 пайызға арзан.
Жеке кәсіпкер Елена Лихачева дәрі-дәрмек саласында 28 жыл бойы қызмет атқарған. Сондықтан бұл нарықты бүге-шігесіне дейін біледі десе де болады.
-Дәл қазіргі таңда біздегі нарықта нақты емделушіге арнап дайындалатын дәрі-дәрмекке сұраныс көп. Өскеменде әр тұтынушымен жекелей жұмыс істеуге әлеуетті дәріхана мекемесі жоқ десе де болады. Біз шығаратын дәрі-дәрмектерді елімізде ешбір фармацевтикалық зауыт өндірмейді. Өзім бұл салада сарапшы-дәріші болып 28 жыл істегендіктен, халықтың осы сұранысын қанағаттандыру көптен ойымызда жүрген, – дейді ол.
Еленаға бизнес ашып, оны ұйымдастыруына әпкесі Ольга Сағатова мен оның жолдасы Төлеген Сағатов көмектесуде.
Мұнда негізінен Розенфельд жақпамайы, фурацилин ерітіндісі, сутегі тотығы, Семеновский жақпамайы, иньекциялық ерітінділер сияқты 82 түрлі жеңіл дәрмек дайындалады. Дәрмекке тапсырыс беру үшін рецепті көрсетсеңіз болғаны. Жарты сағаттың ішінде қажетті дәріңіз дайын болады.
Мұндағы бағаның жергілікті нарықтан 40 пайызға арзан болуының да өз себептері бар. Сатылатын дәрінің көбі өздерінде өндірілетіндіктен арада делдалдың кедергісі жоқ. Бұған қоса «Даму» қоры қондырғы сатып алу үшін алған 14 млн. теңге несиенің пайыздық үстемесінің тең жартысын субсидиялап отыр.
-«Даму» қорының қолдауы бізді жаңа істі алаңдамай бастауға ұмтылдырды. Әзірге алты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Орташа еңбекақы көлемі 70 мың теңгені құрайды. Ісіміз алға басып жатса, қосымша төрт жұмыс орнын ашу ойымызда бар, – дейді кәсіпкер.
Жалпақ әлемді дағдарыс жайлап, өзгелер бар бизнесін сақтап қалудың қамымен жүргенде, жаңадан іс бастап, оны табысты ұйымдастыра білген Сағатовтардың еңбекқорлығы талайға үлгі.
-Қашан да дағдарыс кезінде ірі бизнеске қарағанда шағын бизнес өкілдері өміршеңдік танытады. Бұл – экономикалық заңдылық. Сондықтан дағдарысқа бола алаңдамадық. Ал Ресейден жылдам дайындалатын дәрмек әкелу тиімсіз. Біздің кәсіпорында шығарылатын дәрінің барлығының жарамдылық мерзімі 10 күннен аспайды. Сондықтан оны Ресейден жеткізіп болғанша, жарамдылық мерзімі өтіп кетеді, – дейді Ольга Сағатова.
Дәрмек жасауға қажет шикізат Алматы, Қарағанды қалаларынан тапсырыспен алынады. Ал арнайы қондырғылар Ресейдің Түмен қаласынан әкелінген.
Жедел дәріхананың мамандары да шетінен тәжірибелі. Мәселен, технолог-дәріші Фадима Квашминаның бұл саладағы тәжірибесі 48 жылдан асады. Кәсіпорын әзірге жеке тапсырыстар бойынша ғана дәрі әзірлеуде. Алдағы уақытта денсаулық сақтау мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істеуді көздеп отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button