«Дидардың» қонағы

Жұбаныш Жексенұлы: – Шоу-бизнестен жай бизнеске кеткім келіп жүр

Жұбаныш Жексенұлы:   - Шоу-бизнестен жай бизнеске кеткім келіп жүр

Өскемендіктерді қала күнімен құттықтауға келген эстрада жұлдыздарының арасында жезтаңдай әнші Жұбаныш Жексенұлы да болған еді. Өнерге деген талғамы ерекше әнші сұхбат барысында қазіргі қазақ эстрадасына неге көңілі толмай жүргенін түсіндірді.

Атымды атам қойыпты

– Атыңызды кім қойған? Жұбаныш деп қоюының себебі бар шығар?
– Атымды атам қойыпты. Шалдың тұңғыш немересі болғандықтан солардың баласы болып кеттік қой. Бірақ неге Жұбаныш деп қойғанын ешкімнен сұрамаппын.
-Сіздің ел алдында өзіңізді ұстауыңыз, ішкі мәдениетіңіз текті жерден тәрбие алғаныңыздан хабар беріп тұратын сияқты. Бұл да атаңыздың еңбегі ме?
-Иә, шалдың баласы болған соң, қазақи тәрбиеге қанып өстім. Дегенмен ортаның да тәрбиесі әсер етті. Негізі адамның ең басты тәрбиешісі – өзі. Өмірде көп қиындық көрдім деп айта алмаймын, бірақ көзқарастарымды өзгерткен, мінезімді иліктірген оқиғалар кездесіп жатады. Олардың да адам болып қалыптасуыма үлкен әсері болды. Негізі атам маған ғибратты әңгімелерді көп айтатын. Оның шапанының етегін басып жатып, үлкендердің әңгімесіне қанып өстім десе де болады. Соның жартысын ғана көңілге тоқи алған шығармын. Кейде атам айтқан әңгіменің көбін құлаққа ілмегеніме өкінемін.
-Мінезім илікті деп қалдыңыз. Сонда жағдайға қарай бейімделгішсіз бе?
-Өмірде өз ұстанымдарым бар. Бірақ қатып қалған қағидамен шектелуге болмайды. Өмірді көре-көре, соқпақты-соқпақсыз жерлермен жүре-жүре кей жерлерде иліге салатын мінез таптым. Әрине, мұның барлығы ар-ождан мен адамгершіліктің шеңберінен шықпауы керек. Мінезім илікті деп отырғаным – осы.
-Адамгершілік, іскерлік, сыйластық деген қасиеттерді есепке алмағанда тек дауысы үшін мойындайтын әншілеріңіз бар ма?
-Олар, әрине, алдыңғы буын ағалар мен әпкелер ғой. Бекболат Тілеуханов, Нұрлан Өнербаев, Мақпал Жүнісова сияқты әншілерді көріп өстік, соларға еліктемесек те өнеріне тәнті болдық.
-Өз замандастарыңыздан ше?
-Негізі бұлай сұрыптап бөлу дұрыс емес. Әркімнің өз тыңдарманы болады. Қайрат Нұртастың да өз табынушылары бар. Мәселе – талғамда. Қазіргі қазақ сахнасындағы әншілердің деңгейі халық талғамының айнасы екенін де ұмытпау керек.

Халыққа өтеді екен деп кез келген әнді айта беруге болмайды

Жұбаныш Жексенұлы:   - Шоу-бизнестен жай бизнеске кеткім келіп жүр

-Дегенмен бір-екі есімді атап өтсеңіз
-Жастардан Айқынды мойындаймын. Ол – өз бағыты бар, еліктеу-солықтаудан ада, кәсіби әнші. Айқын өз әлеуетін толық көрсетіп үлгерген де жоқ. Соған қарамастан көптің сүйіктісіне айналып отыр. Ерболат Құдайбергеновты да ерекше атауға болады. Қазақстанда өз бетімен, тыңнан түрен салып, музыкаға жанын салып еңбек етіп жүрген жалғыз әнші сол шығар. Қалғандарымыз құр попсамен елді алдап жүрміз. Әні шыққан сәтте хитқа айналатын жұлдыздарыңыз да, тойдан қолы босамайтын қарапайым халықтың сұранысына ие әншілер де, жылына бірнеше мәрте республикалық концерт залдарында есеп беріп жатқан зиялы деген топтар да попсамен уақыт өткізіп жүр. Соның қасында Ерболаттың істеп жүргені ерлік.
– Сіз айтқандай эстраданың деңгейі халық талғамының айнасы болса, талғамды өсіретін не болмақ? Музыка жанашырлары халық талғамын өсіретін өзіңіз сияқты өнерге адал жандар деп күтіп жүрмегеніне кім кепіл?
– Әнді халыққа өтетін және өтпейтін ән деп екіге бөліп жатамыз. Бірақ енді халыққа өтеді екен деп кез келген әнді айта бермейміз ғой? Өз басым халыққа өтеді деп қарақалпақтардың әлгі «Бара алмадым қасыңа» деген секілді әндерін айта бермеймін. Тіпті, маған біреу келіп «осы әнді айтсаң, миллиардер боласың» десе де, айтпас едім. Ол менің деңгейімдегі ән емес. Халық сүйіп тыңдайтын да әндерім жоқ емес. Ән бірінші өзіме ұнауы керек. Әйтпесе оны қалай айтамын? Әйткенмен өзіме ұнамаса да тапсырыспен орындауға мәжбүр болған кездерім де болды.
– Сөзіңізден түсінгенім, қазіргі қазақ эстрадасына көңіліңіз толмайды ғой?
-Көңіл толмайтыны рас. Бізде бәрі дайын дүниеге құмар. Эстраданың деңгейін көтеріп, халықтың талғамын жетелеуге ешкім құлықсыз. Бұл салада да кәсіби мамандар аз. Ал шоу-бизнес дамыған елдерде әншіні жұлдыз ретінде қалыптастыру үшін кәсіби тұрғыда дайындық жасайды. Ең әуелі өнерпаздың эстрадалық бағытын айқындайды. Одан кейін айтылатын ән де, түсірілетін клип те, әншінің имиджі де соған сәйкес жасалады. Бізде бұл жағы мүлде кенжелеп қалған.
– Осындай мәселе бар екенін көріп-біліп отыр екенсіз, неге өзіңіз қолға алмадыңыз?
-Дәл осындай бір сұраққа жауап берем деп, соңы әңгімеге айналған. «Өз-өзімді таба алмай жүрмін» дегенімді оқып, жұрт «Бұл Жұбаныш қырыққа келсе де жолын таба алмағаны қалай» деп түсінбестік танытқан. Сол сөзімді сізге де айтуға тура келіп отыр. Мен Алматыға кештеу келдім. Келгеннен кейін де өнердің қазанына араласып кете алмай жүрдім. Күйбең тірлік, отбасының қамы, одан қалса ағайынға қарайласу керек болды. Кейін өнермен түбегейлі айналысқан шағымда жеке ізденуге уақыт жар бермеді. Өстіп жүріп осы күнге жеттік. Енді қарап отырсам, өнерде өз жолымды айқындай алмаппын. Сол попсамен алданған тобырға еріп жүре беріппін. Ал енді ізденіп, жолымды таппаққа із кешу өзімшілдік болар еді. Менің ендігі міндетім – балаларыма көңіл бөлу, солардың жолын ашу. Үлкен ұлым әншілікке әуестігін байқатып жүр.
-Сонда үлкен ұлыңыздан жұлдыз жасап шығаруды көздеп жүрсіз бе?
-Жұлдыз жасау деген жеңілтек сөз ғой. Біздікі боламын деген баланың бетінен қақпау ғана. Ал жұлдыз болу-болмауы өзіне байланысты.

Өзімнің туындыларымды мүлде тыңдамаймын

-Дін, саясат, бизнес. Осы үш ұғымның қайсысы жаныңызға жақын?
-Менің эстрадаға қатысы жоқ, рухани азық алатын ортам бар. Сол достарыммен осы сен айтқан және өзге де ұғымдар жөнінде сағаттап әңгімелесеміз. Қарап отырсаңыз, тарихта әлемде діннің де, саясаттың да үстемдік жүргізген кезі болды. Қазір де бұл екеуінің ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, соңғы кезде әлемге дін билік жүргізіп тұр десе де болады. Діннің атын жамылып, құдайдың өкілдігімен сөйлеу сәнге айналды. Дін деген еріккеннің ермегі емес. Өзіңді жаратқан құдіретті танып, біліп, түбіне жете зерттеу деген мүмкін емес дүние. Қарапайым адам осыны көкірегіне түйіп алуы керек. Тіпті, діни ғұлама дегендердің өзі жаратушы жайында көз алдындағы дүниедей етіп ғибадат айтуы күнә болуы мүмкін. Соны ойласаң негізді білімсіз жаратушы туралы ой толғап, көсемсігендер үшін қорқасың. Ал саясат деген сатқын дүние. Осылардың ішінде маған бизнес жақын. Тіпті, кейде жеке бизнесімді ашып, сонымен ғана айналысқым келетін кездер болады. Түбінде бизнеске бет бұратыным анық. Негізі болашақта әлемге ғылым мен білім үстемдік орнатады деп ойлаймын. Ендігі кезек соларға тіреліп тұр. Сондықтан қазаққа да дін, саясат дегендерге уақыт өлтірмей ғылымға әуес болу керек сияқты.
-Дауыс әлеуетіңіз дәстүрлі ән өнерімен айналысуға да жеткілікті екенін білеміз. Қазіргі қазақ эстрадасынан жалығып жүргеніңізді айттыңыз. «Неге дәстүрлі әнші болмадым» деген өкініш мазаламай ма?
– Өкініш былай тұрсын, мен өскен өлкеде ондай мектеп болмады. Былайғы сәттерде Майлықожаның термелерін айтып өскенімізбен, дәстүрлі ән өнерінің рухын сіңіріп, оған құлай ғашық қылатындай орта болған жоқ. Дәстүрлі әннің құдіретін эстраданың қазанында қайнап, өреміз өскен кезде білдік. Қазір дәстүрлі әнмен кәсіби түрде айналыспасам да өзім үшін сахнадан тыс уақыттарда айтатыным бар.
-Сіздің әніңізді сүйіп тыңдайтындар жеткілікті. Ал сіз сүйіп тыңдайтын ән қандай?
-Мен жалпы музыканы көп тыңдамаймын. Өз әндерімді мүлде тыңдамаймын. Тіпті, көлікте де ән тыңдауды ұнатпаймын. Сондықтан ана бір әнді жалықпай тыңдаймын деп айта алмаймын.
-Дауыс күтіміне қалай қарайсыз?
-Бұл мәселеге аса назар аудармаған адаммын. Кейбіреулер тамақтану режимін қадағалап, түрлі тәсілдерге жүгініп жатады. Даусыңды күтудің жалғыз құпиясы бар. Үнің бұзылмасын десең, денсаулығыңды күт. Ал енді түн ортасында тамақтанбау, ішімдіктен аулақ болу сынды сақтық шараларын кез келген өнер адамы білу керек деп ойлаймын.
– Өскеменге тұңғыш келуіңіз бе? Несімен ұнады?
– Өскеменге арагідік шақырып жатады. Мұнда өнерге еш қатысы жоқ достарым бар. Сондықтан бұл қалаға жолым түсіп тұрады. Қазақтың жері болғандықтан бұл өлкені де Отанымның бір бөлшегі деп білемін. Өр Алтайдың маралдай қыздары, барыстай батыл жігіттері, қонақжай әрі шыншыл жұрты мен үшін ешқашан жат болып көрінген емес. Бұл жаққа келген сайын рухани сергіп қайтатыным да содан болар.

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button