Денсаулық сақтау

Жазғы оңалту лагері өз жұмысын бастады

Жазғы оңалту лагері өз жұмысын бастады

Балаларды қорғау күні мерекесінде Өскемен қаласындағы балаларға арналған психоневрологиялық әлеуметтік-медициналық мекемеде ерекше балаларға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін жазғы оңалту лагері өз жұмысын бастады. Жазғы оңалту лагерінің ашылуына арнайы келген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ балғындар мен олардың ата-аналарын мерекелерімен құттықтап, балақайларға сыйлықтарын тапсырды.
Мекеменің директоры Ольга Батуева облыс басшысына жазғы лагерьдің жоспарланған жұмысы жайында баяндап берді. Мекеменің мамандары демалушылар мен олардың әке-шешелеріне екі бағыттағы қызметті ұсынбақ. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған он алты балаға бір ай бойы денсаулықтарын оңалту шаралары қарастырылса, олардың ата-аналары үшін балақайларын ары қарай емдеу нұсқаулықтары жасалады. Бұл балақайлардың барлығының интеллектісі сақталған, тек он екі мүшесінде кемістік бар. Ерекше балалармен логопед, психолог мамандармен бірге еңбек терапиясының, емдік денешынықтыру нұсқаушылары жаттығатын болады. Балалар ешқандай дәрігерлерді көрмейді, бұл осындай балғындар үшін өте маңызды екен. Сонымен қатар, бассейн жұмыс істейді. Балақайларға қаланың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастыру, басқа да мәдени шаралар қарастырылған. Әр баланың диагнозы бойынша оған емдеу шараларының нұсқаулығы жазылып, ата-аналарына үйде баламен қандай жаттығулар жасау жайында кеңестер беріледі. «Оңалту лагерінің қызметі мүмкіндігі шектеулі балалардың көңіл күйлерінің жақсаруына, олардың дене қимылдарының дамуына, өз-өздеріне қызмет көрсету дағдыларының қалыптасуына игі ықпал етеді», – дейді мамандар.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықованың айтуынша, аталмыш лагерьде дем алғысы келетін мүмкіндігі шектеулі балаларды қыс бойы жинауға тура келіпті. Нәтижесінде Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен сегіз ауданнан бес пен он бес жас аралығындағы алғашқы он алты баланың ата-аналары өз келісімдерін берген. Өңіріміздің алты ауданын қамтыған дәл осындай тағы бір жазғы лагерь Үржар ауданындағы әлеуметтік-мединициналық мекемеде де ашылып отыр.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мерекеге жиналғандарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, сыйлықтарын тапсырды.
– Балалық шақ бақытты болып, ата-аналар сәбиінің күлкісіне қуануы керек. Елімізде арнайы пансионаттар көп емес. Тоқсаныншы жылдары Солтүстік Қазақстанда бір мектеп-интернат ашылды. Сонда әке-шешелері балаларының жалпы білім беретін мектептерде оқи алатынына сенімсіздік білдіріп еді. Тәжірибе дені сау балалардың кемістігі бар жолдастарына аялай қарайтынын көрсетті. Бізде де солай болады, – деген облыс әкімі емделуге келген балақайлардың ата-аналарының пікірін сұрады.
– Әрине, ондай мекеме ашылып жатса, біз тек қуанар едік. Өйткені балаларымыздың қабілеттерін өз күшімізбен аша алмайтынымызды білеміз, – деді ұландық ата-аналардың бірі.

Арнайы пансионат күзде ашылады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пансионаттың ашылуы жайында шағын сұхбат берді.
– Біз оңды шараны қолға алып отырмыз, облыстың қалалары мен аудандарынан дене кемістігі бар балақайларды оңалту үшін алып келдік. Бір ай бойы ерекше балғындар емдеу шараларын қабылдайды. Ең бастысы, ата-аналарына олармен ары қарай қалай жаттығу, қалай емдеу қажеттігі туралы нұсқаулықтар беріледі. Өңірде мыңдаған мүмкіндігі шектеулі бала үйде оқып, білім алуда. Олардың әке-шешелеріне осындай оңай емес шаруаны тындырып отырғандары үшін үлкен рақмет айтуымыз керек, алайда мұндай білімнің сапасы төмен. Біз осындай балалар үшін арнайы пансионат ашып, оларға біліммен қоса бір мамандықты меңгеріп шығуға жағдай жасамақпыз. Әрбір ата-ана «енді бір он-он бес жылдан кейін менің баламның күні не болар екен?» деп уайымдары сөзсіз. Біз бұл сұрақтың жауабын таптық: балалар арнайы пансионатта тәрбиеленіп, жалпы білім беретін мектептерде оқитын болады. Мен айтар едім, өз тәжірибемнен жақсы білемін, қорықпау керек, ерекше балаларды дені сау құрбылары ренжітпейді, керісінше, жаңа достарын қамқорлықтарына алып, оларға көмек қолын созады. Пансионатта балақайлармен арнайы мамандар жұмыс істейтін болады. Бәлкім, бүгінгі балғындардың арасында керемет бағдарламашы не болмаса бухгалтер, не кассир бар шығар. Бүгінгі барлығы компьютрленген заманда әртүрлі мамандар қажет. Ата-аналар өз күштерімен олардың мүмкіндіктерін толық ашып бере алмайды. Мен бұл проблемамен үш айдан бері айналысып келемін, жауапты адамдарға тапсырмалар берілген. Өкінішке қарай, олардың кейбіреуі бұл істің мән-мағынасын жете түсінбейді. Олар маған ата-аналар қарсылық білдіруде деп айтады. Мен бірде-бір ата-ана баласы үшін жасалып отырған игі шарадан бас тартпайтынына сенімдімін. Ол үшін осы бағытта көп жұмыс атқаруымыз керек. Пансионаттың ашылу мерзімі белгіленген. Бұл біздің балғындарымыздың болашағы үшін өте маңызды, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі пансионаттың күзде ашылатынын атап көрсетті. Қазіргі мәліметтер бойынша, мың ата-ананың әзірге 92-сі өз баласын осы мекемеде оқытуға әзір. Бұл цифрлар күн сайын өсетіні белгілі. Қаладағы мектептердің біреуі пансионат ретінде қайта құрылады. Әрине, ертең дәл осы бейінді мектеп қалаға өте қажет болмақ. Ол жерде тек мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленеді. «Ал сабақтарын кәдімгі жалпы білім беретін мектептерге барып оқиды. Ерекше балалар қоғамда басқалармен араласулары керек. Ата-аналарына ештеңеден қорықпаңыздар дегім келеді, біз оларға барлық қолайлы жағдайды туғызамыз», – деді аймақ басшысы.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button