Тылсым дүние

Жазды күні өзенді қатырып тастаған

Жазды күні өзенді қатырып тастаған


Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылының батысында, қатпарлы тау бөктерінде «Сайлыбай» деген қоныс бар. Қоныстың оңтүстік жағындағы қатпарлы тау жоталары шығысында Қыстау-Күршім, батысында Бурабай елді мекендеріне дейін желі тартып, кең алқапты жайлап жатыр. Осы тау қойнауында «Кемеркөл» атты көл бар. Бас-аяғы ат шаптырым жерді алып жатқан недәуір үлкен айдын. Суы мөлдір, жағалауының табиғаты көркем, балығы дәмді. Жаз айларында бұл жерге шартараптан келген демалушылардың қарасы әсте үзілмейді.

Тау қойнауының басқа да көз тартарлық көрікті тұстары көп. Әсіресе жалпақ-жалпақ тастардың жасыл жамылғысы іспеттес тұтасып өскен, жағымды иісі мұрын жаратын аршалардың «ауылын» айналып өту мүмкін емес. Өйткені қазақтар аршаны киелі өсімдік дейді. Оның түтінімен аластап, үйдің иіс-қоңысын кетіреді, ауырған адамдардың бойындағы жын-шайтанды қуалайды. Мұны бала кезімізден көріп келдік, қазір қалт жібермей өзіміз істейміз.

Қыстаудың солтүстік жағы сонау Күршім өзеніне дейін, оң мен солы жайқалған шалғын. Арасында тұтасқан тал өседі, қайнар бастаулар бар. Таңғаларлық жай, осы өңірде ешқашан құрғақшылық болмайды екен. Өйткені бұл аймақ әйгілі Сайлыбай жайшының атақонысы.

Сайлыбайдың тегі Стабан. Ол кісінің жайшылығы жайында қазіргі Қойтас ауылында тұратын Стабандар небір қызықты аңыздар айтады. Шірікаяқ ауылында Сайлыбайдың Орынбайынан тараған Үмітхан есімді кісі тұрды. Жас жағынан Үмітхан екеуіміз мөлшерлес болдық. Сондықтан қалжыңдаса беретінбіз. Ол өзі ауылшаруашылық техникаларының тілін жетік меңгерген, білгір еді. Ауылшаруашылық училищеде сабақ берді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін имандылық жолын ұстап, молда болды.

Үмітхан шежіреші, қазақтың ауызша тарихын әжептәуір меңгерген, зерделі болатын. Әсіресе бабасы Сайлыбайды мақтан тұтып, оның ғажайып әрекеттерін әңгімелеуден жалықпайтын. Кей-кейде «мен де күн жайлатып, жаңбыр жауғыза алам»-деп, тақпақтатып та жіберетін. Содан есте қалған бір шумағын айтайын:

Әкеден қалған едім ер жеткенде,
Өз басым ештеңеге емес кенде.
Қар-дағы жаудырамын керек болса,
Жайшының шыбарала тасы менде.

Үмітханнан естіген көп әңгімелердің бірі мынандай еді. Қазіргі Бурабай өңірін мекендеген «Бурабай» атты шонжар мерзімінде жайлауға шыға алмайды. Өйткені, бір ай толассыз жауған жаңбырдан Күршім өзенінің суы ағаш басына шығып, өткел бермейді. Амалы таусылған байекең Сайлыбайға жалынады. Жайшы оның өтінішін аяқсыз қалдырмай, бір тәулікте қатты аяз шақырып, өзенді қатырып тастайды. Сонда мұның сыры неде деген сауалыма Үмітхан жауап бермеді. Оның жөні бар, себебі тылсым дүниенің «жайшы» туралы ғажайып құпиясының сыры әлі беймәлім.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button