Ауыл шаруашылығы

Жайылымдық жерді тиімді пайдаланып жүрміз бе?

Төрт түлігін төскейде өрбітуді ойлаған қазекем қашан да шөбі шүйгін, көгі майса жайылым іздейтіні бесенеден белгілі. Қалбадан Сауыр-Сайханға, Шыңғыстаудан Алтайға дейінгі атырап бұл мәселені шешуге ыңғайлы өңір екені де анық. Суы мен нуы мол Шығыста жайылым да, шабындық та жетерлік, тек соны кәдеге жарата алатын шаруа болса…

Шардарарды тығырыққа тіреген

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде мал шаруашылығына баса назар аударылатыны белгілі. Соңғы жылдары елімізде жылқы, қой және етті ірі қара шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны да рас. Жалпы, еліміз жайылым жерлерінің көлемі бойынша (184 млн. га) әлемде бесінші орынды иеленіп, мал шаруашылығымен айналысатын Моңғолия, Канада, Ресей және тағы басқа елдерден көш ілгері тұр.

Иә, экономикамыздың басым болмаса да ауқымды бөлігін ауыл шаруашылығы саласының құрайтыны белгілі. Қазіргі уақытта аталмыш сала ел табысының 30 пайызға жуығын құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда мал азықтық жерлер жалпы жер көлемінің 70 пайызын алып жатыр. Негізінен осы жерлердің ауқымды бөлігі (95 пайызы) жайылым жерлер ретінде, ал азғантай бөлігі (5 пайызы) шабындық жерлер ретінде қолданылуда. Дегенмен бүгінгі таңда шаруалар бұл жерлердің әлеуетін жартылай ғана пайдаланып, көрсеткіш 50 пайызды құрап отыр.

Бір жағынан, жылдар бойы мал тұяғының астында қалып, күтім көрмеген жайылымның күйі де кете бастаған. Елдің қай қиырын алмаса да, топырақ қыртысының құнары азайғанын ғалымдар да растап отыр. Ресми деректерге жүгінсек, жеріміздің 180 миллион гектары, яғни еліміздің барлық аумағының алпыс пайызы шөлейттеніп келе жатқан көрінеді. Эрозияға ұшырап, құнарлылығынан мүлде айырылған далада мал жайылатын орын қалмауы малмен айналысқан ауыл шаруаларын да тығырыққа тіреген. Тіпті қара топырағы қалың деген солтүстік облыстардың өзінде жылдан-жылға жайылым жерлердің тарылуы дендеп келеді.

Шөліркеген далада жылдар бойы қыл құйрықты ерттеп мініп, дала кезген бақташыларға оңайға соқпайтыны рас. Өйткені бірнеше жыл қатарынан мал жайылған жайылым жерлерге бір жыл болса да тыныштық пен тыныс керек. Ал жекеменшікке берілген жерлерін меншіктеп, «өзіне де, өзгеге де» пайдасын тигізбей отырғандар жерлеріне мал түгіл, жортып жүрген аңды да жолатпайды. Осы жерде «Жан-жағы дала болғанымен, мал жаятын жаялықтай жерден ада қалған қазақ қайтіп малдың санын көбейтпек?» деген ой келеді.

Иә, бізде де мұндай проблема жоқ емес. Редакция есігін жиі қағатын оқырмандарымыздың дені – ауыл азаматтары, айтатын мәселесі – қолындағы талғажау еткен төрт түлігінің жағдайы. Бірі шабындық, енді бірі жайылым сұрап сан мекеменің табалдырығын тоздырған адамдар. Қояр сауалдары көп-ақ. «Ауыл маңында жайылым жоқ па?», «Пайдаланылмай жатқан жерлер неге қайтарылмайды?», «Жергілікті билік жерге жауапсыз шаруаларды неге жазаламайды?», «Ауданымызда жер тапшы дейді, бұл шындық па?» дейді.

Мәселені анықтау мақсатында біз облыстық жер қатынастары басқармасына хабарласып, өңірдегі жайылым жерлеге байланысты ақпарат сұратқан едік. Жер қатынастары саласындағы мамандардың хабарлауынша, бүгінгі таңда аймақта 19,8 млн. гектар алқап жайылымдарға арналған екен. Оның 8,7 млн. гектары ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілсе, 7,7 млн. гектары – әзірге бос тұрған жайылымдар.

Құзырлы мекеме қазіргі уақытта қарап отырған жоқ. Жайылымды алып кәдеге жаратпай отырған адамдардан жерді қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, биыл ғана 60,6 мың гектар жайылым жерді иелерінің пайдаланбай отырғаны белгілі болған. Олардың 85 пайызы, яғни 51,4 мың гектары жайылым жерлер екені белгіленген. Жыл көлемінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жерлердің 54,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, оның ішіндегі жайылымдық алқаптар көлемі 48,7 мың гектарды құраған екен.

Бүгінгі таңда облысымызың 19 аудан-қаласының ішінде ауыл шаруашылығына арналған алқаптар бойынша алдыңғы орынды Аягөз ауданы алады. Мұнда осындай алқаптар көлемі 4,9 млн. гектардан асса, жайылым жерлер 1,6 млн. гектардан асып жығылады. Әзірге бос жатқан жайылымдары да көп Аягөз алдағы жылдары шаруалар үшін бірқатар жағдай жасайтын жөні бар. Жалпы, ерке Ертістің күнгейінде орналасқан аудандарда жайылымға берілген жерлері де, берілетін жерлері де баршылық.

Бес жылдан артық мерзімге берілмейді

Тағы бір мәселе – жайылым жердің жалға берілу мерзімі. Жалпы, жайылым жерлер азаматтарға қандай тәртіпте, қанша жылға жалға беріледі?

– Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 36-бабына сай жер учаскелері ел азаматтары мен заңды тұлғаларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен, шалғайдағы мал шаруашылығы, яғни маусымдық жайылымдар үшін және тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшін беріледі, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова. – Уақытша өтеусіз жер пайдалану мерзімі бес жылдан аспауы тиіс. Жер учаскесін беру тәртібі аталмыш Кодекстің 43-бабымен анықталған. Азамат жер учаскесі орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға өтініш берген соң, ол жер комиссиясында қаралып, оң қорытынды болған жағдайда өтініш беруші жерге орналастыру жобасын әзірлейді. Соның негізінде әкімдік шешім қабылдап, уақытша жер пайдалану шартын жасасады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жер актісін әзірлеген соң, құжат әділет органдарында тіркеледі. Тағы бір ескере кететін жайт, жер учаскесін құжаттары толық дайын болғанға дейін пайдалануға жол берілмейді.

Жауапты тұлғаның айтуынша, заңнамаға сай шаруа немесе фермер қожалығының ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап, қатарынан екі жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаған жағдайда мәжбүрлеп алып қоюға жататын көрінеді. Сондай-ақ жайылым жерлер жекеменшікке берілмейді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №148 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік меншікте тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жекеменшік құқығын және заңды тұлғаларға беруге 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта мораторий жарияланған екен.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, облыста жайылым проблемасы жоқ. Десек те оның елді мекендерден қашықтығы көпшіліктің көңілін алаңдататыны белгілі. Қорадағы жылқысы мен сиырын, азғантай қой-ешкісін жайылымға жіберуді қаламаған ауыл тұрғыны шарбақты ашып, малды ауыл ішіне бос қоя беруді әдетке айналдырғаны рас. Дегенмен мұндай әрекеттің өз кезегінде жауапкершілікке әкеп соғатынын да ұмытпағанымыз жөн болар. Мал бірде біреудің егініне түссе, енді бірде тасжолға шығып кетіп, әрлі-берлі ағылған көліктегі жолаушы өміріне қауіп төндіретіні де бар.

Инфографика:

Әр мал басына берілетін жайылым жерлер көлемі

Түйеге – 2,1-ден 26,6 гектарға дейін

Жылқыға – 1,8-ден 15,6 гектарға дейін

Ірі қараға – 1,5-тен 19 гектарға дейін

Қой мен ешкіге – 0,3-тен 3,8 гектарға дейін

Ескерту! Бұл көрсеткіштер Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығында белгіленген. Алқап көлемдерінің әртүрлі болуы олардың құнарлылығына байланысты.

Азамат Темірбеков

 

Аудан, қалалардағы жайылым жерлер

Аудан, қала атауы Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі (мың га) Жайылым жерлер

(мың га)

Қолданыстағы жерлер Бос тұрған жерлер
Абай ауданы 2009,4 1059,9 642,2
Аягөз ауданы 4958,8 1640,1 2125,3
Бесқарағай ауданы 1140,4 357,9 29,7
Бородулиха ауданы 699 108,1 5,2
Глубокое ауданы 586,6 63,1 16,1
Жарма ауданы 2342,3 998,8 654,8
Зайсан ауданы 1044,4 429,1 228,3
Алтай ауданы 1057,7 113,8 104
Катонқарағай ауданы 1317,4 224,6 137,5
Көкпекті ауданы 1457,7 462,3 241,4
Күршім ауданы 2319,9 272,8 882,6
Тарбағатай ауданы 2373,2 925,1 568,8
Ұлан ауданы 953,7 382,2 77,8
Үржар ауданы 2341,4 717,5 819,1
Шемонайха ауданы 399,6 65,3 10,9
Риддер қаласы 487,4 5,2 9,8
Семей қаласы 2779,1 938,8 1206,7
Өскемен қаласы 54,6 11,8 4,4
Облыс бойынша 28322,6 8776,4 7764,6

 

Осы айдарда

Back to top button