Жайылымдықты шабындыққа айналдырды
Округтердегі мал азығын даярлау науқанын біліп қайту мақсатымен Алтынбел ауылдық округінде болдық.
Мұнда біз осы өңірдегі тәжірибелі диқандардың бірі Қадыр Қапышев басқаратын «Сүтбай» шаруа қожалығына ат басын бұрып, шаруашылықтың жай-күйімен, биылғы жемшөп дайындау науқанының барысымен таныстық. Шаруашылық орын тепкен негізгі базада бізді қожалық иесі Қадыр ағамыздың өзі қарсы алды. Келгенімізде барлық техника мен жұмысшылар егістік пен шабындық алқаптарында жүргендігін білген соң, уақытты созбай Қадыр ағамыздың жол талғамайтын «Тойота» автокөлігімен бірден Алтынбел мен Майемердің екі ортасындағы «Қайың бұлақ» жер теліміндегі шабындықтарға жол тарттық. Діттеген жерімізге жеткенге дейін жол-жөнекей Қадыр ағамыздан кәсібінен нәсібін көріп отырған шаруашылығы жайында сұрай отырдық.
– «Сүтбай» шаруа қожалығы осыдан 20 жыл бұрын құрылған, – деп бастады әңгімесін Қ.Қапышев. – Сол кезден бастап өзім басқарып келемін. Өзім – негізі Майемердің тумасымын. Мектептен кейін Өскемендегі пединститутқа оқуға түсіп, денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығын бітірдім. Ауылда төрт жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істедім, онан кейін аудандағы спорт комитетінің басшысы қызметінде еңбек еттім. Кейін өзім жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел будым. 1998 жылдары Алтынбелде азық-түлік дүкенін аштым. Ол бертінге дейін жұмыс істеп тұрды, қазір уақытша жұмысы тоқтап тұр. Сатушылыққа жұмысқа адам жоқ, әмбе мына пандемия да дүкендер жұмысына шектеу қойып тұр. Алдағы уақытта дүкеннің жұмысын қайтадан жандандыру ойымда бар.
Дүкеннен бөлек, бастапқыда 100 гектар жер жалға алып, оған күнбағыс ектім. Одан күзде жақсы өнім түсті. Осылайша, біржолата егін шаруашылығымен айналыса бастадым. Қазіргі таңда иелігімде өзіме тиесілі барлығы 256 гектар егістік жерім бар. Онан бөлек, округтегі көршілес диқандармен бірігіп еккен егістіктеріміз де бар. Онда көбінде бидай егеміз. Биыл 150 гектарға сұлы, 40 гектар арпа, 250 гектар жерге бидай, 300 гектар жерге күнбағыс ектік. Қазіргі күні сол бидай алқаптарын ора бастадық. Биылғы өнім түсімі мәз емес, гектарынан орташа есеппен 15-20 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Өкінішке қарай, шаруашылық еншісіне тіркелген шабындық жерлеріміз жоқ. Жылда шөпті округтегі жалға алған жерлерден шауып аламыз. Одан бөлек, мал жайылатын учаскеден рәсімделген жайылымдық жерімізді амалсыздан шабындыққа айналдырдық. Биыл ол жерді жыртып, «Суданка» деген шөптің тұқымын ектік. Осы жылғы шөптің түсімі аз, жылдағыдан әлдеқайда төмен болғайы тұр. Қазіргі таңда қолда бар шабылған шөпті қыстамаға жеткізудеміз.
Сөйткенше, қара жолдың шаңын бұрқыратып шабындықтарға да жетіп келдік. Шөбі биыл сұйық өскен аласалау қыраттың арғы жағында шошайған екі трактордың төбесі көрінді, бергі жағындағы еңісте доңғалақты үш трактор шөп шапқыштарымен, пішен тайлағыштарымен шабындық алқабын бұрқыратып шауып-жинап жүр екен. Алтынбелдік Айдарбек Абдрашев, Владимир Панкратьев пен майемерлік Серікбол Нұрғалиев – «Сүтбайдың» арқа сүйер тіс қаққан тәжірибелі механизаторлары.
– Техникаларымыз жаңа, сондықтан тоқтау жоқ, ұсақ-түйектері болса, өзіміз лезде жөндеп аламыз. Қазір өзіңіз көріп тұрғандай,екі трактор шөпті шауып, Володя пішен тайлағышпен түкке орап жүр. Шөп сұйық, былтырғыдай емес, биылғы құрғақшылықтың зардабы ғой, – дейді Айдарбек Абдрашев.
Техника демекші, Қадыр Қапышевтың қожалығында сегіз бірлік МТЗ доңғалақты тракторлары, екі К-700, екі комбайн, одан бөлек, тракторларға қажетті қосалқы техника түрлері – пішен тайлағыш, шөп таситын арбалар, шөп шапқыш, шөп жинағыштар бар. Қожалық басшысының айтуынша, тракторларды шаруашылық бастабында «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингіге алса, кейінгілерін өз қаражатына сатып алған.
«Теректідегі» биелі ауыл
Шабындықтан шыға сала ары қарай Қадыр ағамызбен бағытымызды «Теректі» жер теліміндегі шаруашылық қыстауына бұрдық. Мұнда «Сүтбай» шаруа қожалығы еншісіндегі жиырма шақты сауын биелерін байлап, он жылға таяу қымыз сауып келеді. Қ.Қапышевтың иелігінде жалпы 100-ге тарта жылқы бар. Мұндағы биелі ауылда жанға шипа, дертке дауа табиғи сусынды әзірлеумен жаңаүлгілік, бүгінде зейнеткер Гүлсара Сақпанова мен алтынбелдік Қабдуәли Мұхамеджанов дейтін адамдар айналысады екен.
– Күніне жеті сауыннан 100 литрге дейін қымыз дайындаймыз. Қымызды қолмен пісеміз. Жалпы, қымыз сауғаныма маған отыз жылдай болды. Осында жұмыс істегеніме төртінші жыл боп қалды. Биыл қымызға да, саумалға да сұраныс көп. Қымызды аудан тұрғындары, сондай-ақ қалалық жерлерден келген адамдар көптеп сатып алуда, литрін 750 теңгеден сатып отырмыз, – дейді Гүлсара апай.
Биелі ауылдың балдай қымызынан дәм татып, қайтар жолға да қамдандық. Сағатымыз талма түстің шағын көрсетіп тұр екен. Ауданда биыл шөп аз, егістіктердегі күзгі орақ науқаны да көңілдегідей болмасы тіптен де түсінікті. Ендігі кезде бар шөпті күздің қара суығы мен жауын-шашынына қалдырмай жинап алу қажет. Қыстың күні өңір шаруаларының мал басы жемшөптен қысылмай өтсе екен деген тілек қана бізде.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.