Ауыл шаруашылығы

Жайылымдағы малдың жайы қалай?

 Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Тарбағатайлық шаруалар төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін 80 мың тонна мал азығын дайындаған.

Аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың хабарлауынша, бүгінгі күні Тарбағатай ауданында мал басы 200 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде төрт түліктің барлық түрі бар. Дегенмен жергілікті шаруалар қыс маусымында бір ай ғана қолға ұстап, басқа кезде тебінде жүретін төрт түлікті көбейтуге бейілді. Ал оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Мәселен, биыл қардың қалың түсуі, кей жерлерде жауын-шашын болуы жайылымдағы малға қиындық тудырғаны рас.

– Тарбағатай ауданы бойынша бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында 1831 құрылым жұмыс істеп жатыр, – дейді Дархан Жөргекбаев. – Қазіргі уақытта ауданда 73 548 бас ірі қара, 130 818 бас қой мен ешкі, 20 439 бас жылқы бар. Аудан тұрғындары мен шаруашылық құрылымдары қажет жемшөп қорын жинап алды. Яғни, биыл жергілікті шаруалар 80 мың тонна мал азығын дайындады.

Аудан әкімінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты жемшөп қоры азайған ауылдық округтерге басқа аудандар мен облыстардан мал азығы тасымалданып, тұрғындар қолжетімді бағада сатып алып жатыр. Атап айтсақ, Жаңаауыл ауылдық округіне Павлодар облысынан, Жетіарал және Құйған ауылдық округтеріне Алматыдан жеткізілген. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыс басқа да ауылдық округтерде ұйымдастырылып, көршілес жатқан Самар ауданынан және Абай облысының Көкпекті ауданынан мал азығын әкелуде.

– Қардың қалың түсуіне байланысты ауданда малды қыстан аман алып шығу үшін қыстақтарға жол ашылып, жемшөп қорын толықтыру жұмыстары бақылауға алынған. Яғни, ауыл орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендердегі шаруашылықтар мен жеке аулалардың жай-күйі ерекше назарда, – деп қосты Дархан Жөргекбаев.

Осы орайда аудандағы эпизоотиялық жағдайдың тұрақты екенін айта кеткен абзал. «Тарбағатай-Вет» коммуналдық кәсіпорнының ақпаратына сенсек, мал ауруларының таралуы байқалған жоқ. Сондай-ақ аудан аумағында жұмыс істеп тұрған сегіз ветеринариялық пунктте жиыны 76 мал дәрігері қызмет көрсетеді. Аудандағы барлық ветеринарға тиісті жағдай жасалғанын алға тартқан мекеме басшысы түрлі аурулардың алдын алу мақсатында бөлінген биопрепараттардың уақтылы жеткізілетінін және төрт түлік тегіс егілетінін жеткізді.

Осы айдарда

Back to top button