Жақып МЫРЗАХАНОВ, жазушы, тарихшы: – Қытай қазақтарының ішінде тұңғыш роман жазу бақыты маған бұйырды
Қытайда тұратын қандасымыз, жазушы, тарих ғылымдарының докторы Жақып Мырзаханов қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына орай Өскеменге келіп, ғылыми конференцияға қатысқан еді. Сол сапарында ғалыммен қазақ тарихына, ол жақтағы қазақтардың бүгінгі жай-күйіне байланысты сұхбат алудың сәті түскен еді.
26 томдық қытай деректерін аударып жатырмын
– Сіз Қытайдағы қазақтар арасында тұңғыш роман жазыпсыз. Сізден бұрын да қалам ұстаған алдыңғы буын жазушылар көп. Солардың алдын қалай орап кеттіңіз?
– Менің негізгі жұмысым – қазақ тарихын зерттеу. Бірақ қытай қазақтарының ішінде тұңғыш романды менің жазғаным рас. «Арман асуында» атты бұл роман 1974 жылы жазылып, 1978 жылы баспадан шықты. Бұл жылдар – Қытайдағы аты шулы он жылдық «мәдениет төңкерісі» жүріп жатқан кез. Жазушылардың көбі ол кезде айдауда жүрді де, әдебиетке мұршасы келмеді. Мен ол кезде ұлттарды зерттеу институты дейтін үлкен орталықта қызмет істеп жүрдім. Қызметтестерімнің көбі қытай ұлтының азаматтары болғандықтан, олар менің не жазып не қойып жүргенімді білмеді. Сондықтан бүкіл зиялы қауымға төнген қара бұлт менің басымда болмады. Мамандығым тарихты зерттеу болғанымен, ол кезде тарихи дүниелерді газет-журналдарға шығаруға мүмкіндік болмайтын. Тек әдеби дүниелерді ептеп шығаратынбыз. Соның әсерінен тарихтан гөрі әдебиет саласында ертерек табысқа жеттім. Ал «мәдениет төңкерісі» аяқталған соң, ұлттарды зерттеу академиясының вице-президенті болдым да, қазақ тарихын зерттеумен түбегейлі айналыстым. Сондықтан өмір жолыма қарап отырсаңыз әдебиет пен тарих менің қос қанатым сияқты.
– Біздің тарихшылар көбінде қытайдың жазба тарихына жүгінеді. Сіз сол қытайдың жазып қалдырған тарихының ортасында жүрсіз. Шыныңызды айтыңызшы, олар басқа елдерге беретін тарихи деректерді өз қажеттіліктеріне қарай бұрмаламай ма? Сол бай мұрадан сіз қалай игіліктеніп жатырсыз?
– Өз басым қытай жазбаларындағы қазаққа қатысты тарихты олардың 26 томдық энциклопедиялық жинағынан аламын. Бұл Қытайдың 26 патшалық тұсында жазып қалдырған аса құнды дүниесі. Жаңа эрадан бұрынғы 4-3 ғасырдан бастап кітапқа түсіп, жарық көрген дүниені қазір ешкім де өзгерте алмайды. Бұл жазбаларда қазаққа байланысты деректер молынан кезігеді. Мен ұлттар академиясының тізгіні қолыма тиген соң, сол бай тарихты тек өзіміз ғана біліп қоймай, елдің іші-сыртындағы басқа да қазақ тарихын, мәдениетін зерттеп жүрген азаматтар білсін деген ниетпен, үлкен ғылыми топ ұйымдастырып, әлгі 26 томдықты қазақ тіліне аудартуды бастадым. Бұл жұмыс 1996 жылдан басталған. Қазірге дейін «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деген атпен үлкен төрт томын оқырманға ұсындық. Оның екі томы Қазақстандағы баспалардан да жарық көріп үлгерді. Қалған екі томына да «құда түсіп» отырған баспалар бар. Сондай еңбектерімізді бұл жақтағы ел де бағалап отыр, міне, жаңа ғана С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Құрметті доктор» атағын беріп жатыр. Бұл менің ғана емес, қазақ үшін жұмыс жасап жатқан ғылыми топтың жемісі деп ойлаймын. Аз ғана еңбегімді елеп-ескеріп жатқан азаматтарға алғысымды айтамын.
– Алған атағыңыз құтты болсын. Өзіңіз жаңа ғана айтып өткен көптомдықтардың аудармаларында қазақ тарихына байланысты жаңа деректер бар ма?
– Қытай тарихының жылнамасы саналатын бұл 26 томдықта сақтар, ғұндар бастаған 300-ге жуық тайпалар мен ұлыстардың құнды тарихы сақталған. Жазбаларда сақ, ғұн, көк түрік дәуірінде ата-бабаларымыз ірі империялар құрғаны жайындағы деректер бар.
Қазақстандағы қазақ тарихын зерттеушілер бұған дейін Бичурин деген дін таратушының қытай тілінен орыс тіліне аударған жазбаларын пайдаланып келген. Бірақ қытай тілінен өзі шала сауатты Бичуриннің аудармасының негізіндегі қазақ тарихында олқы тұстар көп екені айтылып жүрген мәселе. Біз сол олқылықтың орнын толтырып, қытай тілін жетік білетін, тарих саласының мамандарын жұмысқа жұмылдырып отырмыз.
Шыңғыс ханның ұлты кім?
– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Қазақ тарихын сіз қалай таратар едіңіз?
– Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай Астанада өткен халықаралық конференцияңа қатысып қайттым. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы жиында біздің тарихымыз Керей мен Жәнібектен ғана басталмайтынын, жаңа эрадан бұрынғы Сақтың, Ғұнның заңды ұрпағы екенімізді айта келіп, қазақ тарихының тамырын 3000 жылға апарды. Елбасы айтқан екен, енді тарихшылардың міндеті ауырлады деген сөз. Шын мәнінде, біз 1465 жылы көктен түсе қалған жоқпыз ғой. Бірақ біздің тарихшылар ары кетсе Сақ дәуіріне ғана жетіп жүр. Сондықтан Елбасы айтқан 3000 жылдық тарих шынайы зерттелуі керек. Бұл Мәңгілік ел болудың ең негізгі шарттарының бірі деп түсіндім.
– Бүгінгі конференцияда «Алаш дәуірі туралы көп айтылмай жүр» деп қалдыңыз.
– Қазақ хандығы құрылардан бұрын қазақ сахарасында Алаш билігі үстемдік еткен. Біздің кешегі «Алашорда» үкіметі құралып, арманда кеткен арыстарымыз, әне, сол Алаш дәуірінен тамыр тартқан еді. Бұл алаш тайпалары негізінен қоңырат, қыпшақ. найман, керей сынды қазіргі орта жүз руларынан құралған. Бұларды біріктірген Шыңғыс хан шапқыншылығы. Кім білсін, Шыңғысхан жеңіліп, тарих басқалай өрбір ме еді, егер оларда алауыздық болмағанда. Сол Шыңғысхан хандық құрған соң, алты сан алашты Майқы бидің басқаруына берген. Бұл жерде бір ашып айта кетерлігі, Жошы тек хандық лауазымын алған, ал Майқы тікелей билік жүргізген, яғни би болған. «Түгел сөздің – түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мәтел сол кезден қалған.
– Шыңғыс хан демекші, осы қағанның ұлтына байланысты сіздің көзқарасыңызды білсек.
– Бұл мәселеге мен салмақты көзбен қараймын. Шыңғыс хан өзін өле-өлгенше моңғолмын деп кеткен, құрған империясының атын да солай атаған. Ешқашанда мен түрікпін немесе қазақпын демеген. Оның қол астында қазақ тайпалары мен ұлыстары болғаны хақ. Кейін ол әлемді жаулау үшін жүргізген жорықтарында әскерлерінің, қарулы күштерінің, оларды басқарған атамандарының көбі түрік тайпаларының азаматтары болған. Айталық, жалайырдан шыққан Мұқалай деген батыр, бүкіл қытайды бағындырғанда қол басқарып, Шыңғыс ханның адал нояны болған. Жаулаған жерлерінің бәріне сол өңірден билер тағайындап отырған. Бірақ біз сол батырлары мен билеріне қарап отырып Шыңғысты қазақ деп атай алмаймыз. Ал Шыңғыс хан мен Жошының тегіне байланысты «пәленше тайпаның баласы» деген ақпаратты да әлі күнге ғылыми тұрғыдан дәлелдей алмадық. Шыңғысхан шыққан қият тайпасын да моңғол немесе қазақ тайпасы деп нақты айта алмайсың. Себебі сол тайпаның өзі қазір көптеген ұлттарға кірігіп кеткен. Әрі бармай-ақ, керей мен найманның өзі қаншама ұлттың құрамында жүр. Өзге ұлттың құрамында жүрген олар да өзін қазақпын деп атамайды. Сондықтан Шыңғысты қазақ деп атау үшін кемінде моңғол мен қазақ ортақ мәмілеге келіп, шешім шығаруы керек. Әйтпегенде әлемге әйгілі ортақ тұлғаның ұлтын көптеген халықаралық ғылыми жиналыстардың қорытындысы белгілейді. Ол бір ұлттың немесе бір адамның қолынан келмейтін шаруа. Осы жерде басын ашып айта кетер бір мәселе, көркем әдебиетте қалай жазсаңыз да өз еркіңіз, өйткені әдебиет көркемдеуді, қиялдауды көтере алады. Ал тарих – ғылыми дәлелді қажет етеді. Сол себепті Шыңғыс ханды тарих тұрғысынан қазақ деу асығыстық һәм жаңсақтық болады.
1,5 миллион алаш баласы өзінің ата жұртында отыр
– Өзіңіздің біраз үзеңгілестеріңіз «есім барда елімді табайын» деп атажұртқа келіп алды. Сіз бұл жағын ойламадыңыз ба?
– Ол жақта ұлт үшін істеп жатқан үлкен жұмыстарым, жоба-жоспарларым бар.
Сіздің Атажұрт деген сөзіңізге біраз тарихи түсінік бере кетейін. Ата жұрт дегенміз қазіргі Қазақстан территориясы ғана емес, көрші мемлекеттердің иелігінде жатқан біраз жерлер де қазақтың ата қонысына жатады. Жоңғарлар жойылғасын 1757 жылы Абылай хан Қанжығар деген кісінің бастауында 11 кісілік елшілікті Шиң патшалығына жіберген. Елшілер Шан Лұң патшамен сөйлескенде «Мынау Тарбағатай өңірі біздің ата-бабамыздың ежелгі өріс-қонысы. Осы өңірлерге қайтадан қоныстануымызды сұраймыз» деген. Ол кезде Тарбағатай әкімшілік аумақ болып, құрамына Іле, Алтай аймақтары кірген. Содан он жылдан соң Шиң патшалығы келісімге келіп, бабаларымыз байырғы мекенге қайталай қоныстанды. Бірақ бұл қазақтар XVII ғасырда ғана аталмыш мекенге қоныстанды деген сөзді білдірмейді. Әйтпесе, Шан Лұң патшаға барып ата қонысымды қайтар деп сұрамас еді. Қазір сол ежелгі мекенде 1,5 миллион қазақ отыр. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ілеге барып, үкімет басшыларымен қатар зиялы қауым өкілдерімен де кездесті. Сол жолы Елбасы «Қытайдағы қазақтар өздерінің байырғы ата қонысында отыр. Сондықтан бұл жақтағы ағайындар туыстық жолмен Қазақстанға келем десе құшағымыз ашық, ал келмесе байырғы жұртта отыра берсін. Оған бола көші-қон тоқтамайды, жүре береді» деген болатын. Білген адамға бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Сондықтан көші-қон мәселесіне жеңіл-желпі қарамауымыз керек.
– Байырғы мекенді күзеткен жақсы ғой, бірақ қазір Қытайда «қос тілді оқыту» қолға алынып, ұрпақтар тіл, діннен айырылып бара жатқан жоқ па?
– Қай мемлекетте болмасын мемлекеттік тілді жалпыластыру әбестік болмайды. Қытайдың жүргізіп отырған «қос тілді оқу ағарту» саясаты орынды. Қос тілді деп отырғаны қытай тіліне қоса өз тілін меңгеру деген сөз. Бұл жерде қытай ана тіліңді ұмыт деп отырған жоқ. Бірақ соны жете түсінбеген, «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті атқарушы билік өкілдері тым асыра сілтеп жіберді соңғы жылдары. Біз бұл мәселені бұқаралық ақпарат құралдары бетінде көтеріп те жүрміз. Бірақ тыңдайтын құлақ аз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы