«Жайлауға» қол жайғандар көп
Биыл «Жайлау» бағдарламасы бойынша облысымызға республикалық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, оған ауыл тұрғындарына сегіз мың қой сатылып берілді.
«Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы Абай, Күршім, Жарма, Тарбағатай, Аягөз аудандарына 40-50 млн. теңгеден бөлінген қаржыға ауыл тұрғындарының әрқайсысына 100 қойдан үлестірілген. Бес аудандағы 80 адамға барлығы сегіз мың ұсақ мал үлестіріліп отыр.
– Биыл жазда аудандағы 16 шаруашылыққа 100 бастан саулық қой сатылып берілді. «Жайлау» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін аса қолайлы болып тұр. Бағдарлама арқылы мал алғысы келгендердің саны да 40-тан асып, жоспарланғандағыдан екі есеге көп болды, – дейді Жарма ауданы бойынша аталған бағдарламаға оператор болып отырған шаруашылықтың бірі «Мүсілім» шаруа қожалығының басшысы Құрманғазы Мұсағитов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары 2013 жылы облысқа «Жайлау» бағдарламасы бойынша берілетін қаржы көлемін көбейтуге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолдап отыр.