Тарих

Жауынгер Қасеновтың туыстарын іздейды

Жауынгер Қасеновтың туыстарын іздейды


Риддердің өлкетану мұражайына 77 жыл бұрын із-түзсіз жоғалған жауынгер Жұмат Қасенов туралы деректер келіп түсті. Осыған орай мұражай қызметкерлі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің туыстарын іздестіруде.

Жұмат Қасеновтің жауынгерлік парақшасындағы ата-анасы деген тұсқа Шығыс Қазақстан облысы, Поперечный ауылдық кеңесі деп жазылған. Ол 7-мотоатқыштар ротасының құрамында болып, Ленинград түбіндегі шайқас кезінде 1941 жылдың 10 қазанында қаза тапқан екен. Неміс әскерлерінің күші басым болған бұл ұрыстан ешкім тірі қалмаған. Іздеу жасақтарының нәтижелі жұмыстарының арқасында 77 жылдан кейін майдан даласында жанқиярлықпен күрескен жауынгерлердің есімдері қайта жаңғырып отыр. Осы күнге дейін олардың барлығы із-түзсіз жоғалғандар санатында болған.

Риддердің мұражай қызметкерлері Жұмат Қасеновтің Поперечный ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленгендігін анықтады. Аталмыш балалар үйі 30-жылдары ата-аналары аштықтан қырылған ондаған баланы қанатының астына алған болатын. Сегізжылдық мектепті тәмамдаған соң, Жұмат Қасенов Риддердегі ФЗУ-ге оқуға түседі. Оны аяқтаған соң майданға аттанады.

Поперечный ауылындағы балалар үйі тек 1946 жылға дейін қызмет еткен. Жұмат Қасеновтің жеке ісін табу мүмкін болмады. Мұражай қызметкерлерінің ендігі мақсаты – жауынгер жерлестерінің туыстарын тауып, оның 1941 жылы Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапқандығы туралы хабарлау. Жұматтың жауынгерлік медальонындағы хабарлау деген жерінде де «Поперечный» ауылы деп жазылған екен. Бәлкім, ол осы ауылда іздеушісі барына сенген болар.

– Есімі 77 жылдан соң қайта жаңғырған жерлесімізді енді ұмытуға хақымыз жоқ. Жұмат Қасенов жетім емес, оның Отаны, ауылдастары бар, – дейді мұражай қызметкері Елена Путинцева.

Мұражай қызметкерлерінің бастамасымен қалалық мешітте жауынгер жерлесіміздің аруағына құран бағышталып, ас берілді.

Өкінішке қарай, Жұмат Қасеновтің жеке суреті табылмады. Сол жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Риддердің құрметті азаматы Қатипа Егізбаева ұсынған суретте Жұмат Қасеновтің да бар болуы мүмкін. Мұражай қызметкерлері жауынгер туралы қандай да бір деректер білетін жандарға , оның туыстарына іздеу салады.

Лаура Тілеубайқызы
Риддер.

Осы айдарда

Back to top button