Тарих

Жауына найза кезеген ер Шақабай

Жауына найза кезеген ер Шақабай


Алаш жұрты бұл күнге оңай жеткен жоқ. Мамыражай, бейбіт өмір сүріп жатқан қазақ жеріне XVII ғасырда жоңғарлар баса-көктеп шабуыл жасады. 1640 жылдардан басталған жоңғар шапқыншылығы әуелі орта жүз жерін шауып, Сыр бойы мен Қаратау өңірі арқылы кіші жүз жеріндегі Еділ өзенінен өтіп тоқтады.

Жоңғарлар басып алған жерлерін талан-таражға салып, мейлінше тонады. Кезінде Тәуке, Әбілмәмбет хандардың басшылығымен қазақ рулары жасақтар шығарып, жоңғарлармен соғыс жүргізіп, жекелеген жеңістерге жеткенімен, Алаш жұрты жоңғарларды өз жерінен қуып шыға алмады. Осы бір азапты да тозақты қиын-қыстау күндер «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Арада бір ғасыр өткен соң ғана, Алаш жұрты бірігіп, Абылай хан дәуірінде жоңғарларды қазақ жерінен аластатты. Әр рудың басшылары мен батырлары атойлап атқа қонды. Бұл кезеңді қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры болды» деп жазған. Осындай сын сағатта Абылайдай дана басшының билік басына келіп, халықты ұйымдастыра білуінің арқасында анталаған жауға тойтарыс бере алғаны да тарихтан белгілі.

Әрине, қазақ хан-сұлтандарының жауға төтеп беру жолындағы жанкешті шайқастарды ұйымдастыруын данагөй билері мен баһадүрлерінің еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Бұл жағын сол дәуірден бүгінге жеткен түрлі тарихи құжаттар мен ел арасында кең тараған тарихи жырлар, аңыз-дастандар да дәлелдеп бере алады. «Абылай хан дәуірі қазақ батырларының алтын ғасыры» деген сөзді де жұрт бекер жария етпесе керек. Өйткені, Қабанбай мен Бөгенбайдай айбарлы, Олжабай мен Баяндай батыл, Малайсары мен Райымбектей рухты, Наурызбайдай найзағай, Бармақ батыр мен Шақшақ Жәнібектей жалынды, Ер Жәнібектей жаужүрек батырлар Абылай ханның ақ туының астына жиналып, қарсы келген жауының қабырғасын қақыратып, егескен жауының еңсесін езген кезі еді. Міне, сол дәуірдегі баһадүрлердің біразы өз деңгейінде ұлықталып, ұрпақ жүрегінен орын алса, енді біразы халық жүрегінде қалғанымен, тарихтың белгісіз беттерінде ауызға да ілінбей, қағазға да түспей қалып қойды. Көптеген батырлар ел есінде тек аңыз боп қана қалды.

Сондай батырлардың бірі – атақты Абылай хан дәуірінде жасаған Абақ Керейдің Жәнтекей атасынан тараған Сәменбет батырдың немересі Шақабай батыр Есентайұлы еді. Шақабай батыр – қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi он екі рулы Керейдің жан саны жағынан жартысынан астамын билейтін Жәнтекей елінің ұранына айналған айтулы тұлға. Оның есiмi өз заманында Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Керей Ер Жәнiбек, шапырышты Наурызбай сияқты батырлармен қатар аталып, атақты Абылай ханның өзі аса жоғары бағалаған батырдың бірі болған. Жалпы, халық арасында Шақабай батырдың қылышкерлігі мен қамшыгерлігі аңыз боп көп айтылады.

Тарихи деректерде Шақабай батыр Есентайұлы 1688 жылы туып, 1778 жылы Ақсуат өңірінде 90 жасында дүниеден өткенін жазады. Бала кезінде елгезек әрі өжет болған екен. Бір тойда бәйге атына мініп шабандоз болған Шақабайдың аты бірінші болып келеді. Көмбеге таяғанда бала Шақабай «Шақабай! Шақабай!» деп ұрандап барып, сөреден өтеді. Осыдан соң оның аты бәйгеден үнемі бірінші болып келеді де, «Шақабай!» деп оның өз атын ұрандауы жұрттың назарын аударады. Есейе келе Шақабай өзінің ерлігімен, ақыл-парасатымен күллі Жантекей руының ұранына айналады. Ол Керей қауымына Ер Жәнібектен бұрын танылған. Өзінен 26 жас кіші Жәнібекті жас кезінде батырлыққа баулыған ұстазы, ел билегенде ақылшысы болуы, оның көрнекті тұлға екенінің куәсі. 1728-1740 жылдар аралығында Бұланты, Аңырақай, Балқаш, Аягөз және Тарбағатай шайқастарында көптеген жекпе-жектерге шығып, жаудың бірнеше батырларының басын алып, Қабанбай мен Бармақ сынды қолбасшылардың ықыласына бөленген. 1750 жылдары Аягөз, Лепсі, Тарбағатай, Ертіс бағытында өрбіген шайқастарға белсене араласқан Шақабай батырды қазақ сарбаздарының қолбасшысы Қабанбай батыр Ертіс бойындағы дербеттерге қарсы соғысқа жұмсайды. Шақабай батыр осы соғыста ойраттардың бір бөлігіне ойсырата соққы беріп, Ертіс бойындағы Бөгенбай батыр түменінің шабуылына қолайлы жағдай туғызады. Сол жылдары 65 жасқа келген Шақабай батырдың қырық жыл бойы аттан түспей, ақ найзасын қолынан тастамауынан, өз халқының тәуелсіздігі мен болашағы үшін күллі ғұмырын арнаған күрескер баһадүр екенін көруге болады.

ТҰТАС ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРДЕ ШЕШІЛГЕН

Жоңғарлармен соғыста Қабанбай батыр мен Бармақ батырлар әр рудан шыққан батырларды жекпе-жекке ретсіз шығармай, таңдаулы батырларды кезекпен және өз ретімен шығарып отырған. Жекпе-жек – ол намыс, халықтың абыройы. Өйткені, ұлы шайқаста сарбаздардың рухын көтеруге жекпе-жектің маңызы зор, нәтижесі шешуші рөл атқарған. Жекпе-жек – өзін өлім мен өмірдің таласына апару деген сөз.

Елдік намыс үшін жауға аттанған Шақабай батыр сияқты ерлер жоңғарлармен соғыс кезінде көптеп шыққан. Шақабай батырдың ел басқару ісіндегі жанкешті қызметі де ел есінде. 1720 жылдардың басында Керейдің қолбасшы, ел ағалары Сәменбет, Самырат бастаған аға буындар бақиға аттанып, ел басына күн туған ақтабан шұбырынды заманда Шақабай батыр ел билігін қолына алып, ел ағасы ретінде танылады. Бұл жылдары Ер Жәнібек сияқты ел азаматтары саяси аренаға көтеріле қоймаған болатын. Ал Шақабайдың нағыз орда бұзар отыздан асқан кезі. 1724 жылы Сыр бойына тықсырылған Абақ пен Уақтың игі жақсылары бас қосып, Жоңғар шапқыншылығынан жалтара көшу, жауға қарсы қарулы қол жинау, елді қолайлы мекендерге орналастыру жөнінде үлкен кеңес құрады. Осы жауапкершілігі мол іске басшы болу Керей Шақабай батыр мен Уақ Баян батырға жүктеледі. Олар Сыр бойынан Арқа, Нұра, Есіл бойын барлап, ақыры Ор өзенінің жоғарғы сағасына жеткен Арғын, Найман, Керей, Ашамайлы, Уақ ауылына қосылу туралы пікірді ұсынады.

«Жер алыс, сарбаздардың ат азығын қамдауға қолайсыз», деп бұл пікірге Бармақ батыр қарсы болғанымен, билер алқасы осы пікірді қуаттайды. Осы жылдары Жәнібек «Ер Жәнібек» атанып, Керей елі Абылайдың оң тізесінен орын алу ниетін білдіргенде, Шақабай батыр Керейдің игі жақсыларын ертіп, Жәнібекке ақылшы, серік боп, Хан ордасына бірге барып, елінің мұң-мұқтажын Абылай сұлтанға паш етеді. Бұл оқиға шамамен 1740 жылдарға сай келеді. 1753 жылы Көкпектіде болған Абақтың ру басшылары мен билер кеңесінде Жантекей руына Шақабайды ресми түрде басшылыққа ұйғарады. Сол кездегі саяси жағдайды жете түсінген Шақабай батыр Абақ Керейлер өз алдына дербес орда құрып, Керейден Әбілпейізұлы Көгедайды хан көтереміз деген пікірлеріне қарсы болған. Оның пікірін Молқы батыры Машан да қолдаған. Шақабай батырдың бұл көрегендігі қазақ халқының тұтастығын сақтауға байланысты дұрыс шешім еді. Қиын-қыстау заманда Абақ Керейдің елдігін сақтап қалуына, сондай-ақ, қазақ халқының тұтастығын сақтаудағы Шақабай батыр еңбегі Керей руын айтпағанда, бүкіл қазақ арасында ерен тұлға болғанын аңғартады.

2017 жылы мамыр айында Астана қаласында Шақабай батырға арналған халықаралық ғылыми конференцияның өткізіліп, онда Шақабай батырды «100 жаңа есім» жобасына енгізу жөнінде шешім қабылдауы осы ойымызды дәлелдей түседі. Қазіргі Шақабай әулеттері негізінен Шынжан ұйғыр автономиялы районының Алтай аймағы, Санжы хұйзу автономиялы облысы, Құмыл аймағы, Үрімжі қаласында, Гәнсу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында, сондай-ақ, Қазақстан, Түркия, Аустрия, Германия, Моңғолия, Франция қатарлы елдерде де аздап қоныстанған. Батыр 1778 жылы дүниеден өтіп, Тарбағатай ауданының орталығы саналатын Ақсуатта жерленген. Батырдың басына ұрпақтары ескерткіш тас орнатты. Ескерткіш орнатудағы Дәуітханұлы Бақабектің еңбегін ерекше атап өткен орынды. Батырдың зиратына зиярат етіп, арнайы құран бағыштау бұл күнде игі дәстүрге айналып, жалғасын табуда.

1991 жылы Стамбул қаласынан Құланбай қажы Жарқымұлы Нәзір Венадағы қызы Жамила екеуі арнайы келіп, аталарының басына құран бағыштап қайтты. Сөз арасында Шақабай батыр ұрпағы Құланбай қажы жайында бірер сөз. Қажы атамыз Шақабай батырдың ұрпағы Халықбайдан тарайды.
Құланбай қажының 1939 жылы Алтайдан Гансу жеріне қарай бет алып, Үндістан арқылы Пәкістанға көшуі, одан 1953 жылы Түркияға келуі өзінше бір тарих. Шақабай батырдың Ақсуатта жерленгені туралы ҰҒА академигі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Тілеуберді Сайдулдин де өз пікірімен бөліседі.

Жауына найза кезеген ер Шақабай

Шақабай батыр Есентайұлы туралы халық арасында көп деректер сақталған. Қытайдағы жазушы әрі тарихшы Шаміс Құмарұлының, Моңғолиядағы жазушы, тарихшы Солтан Тәукейұлының еңбектерінде: «Батырдың қабірі Тарбағатай тауының солтүстік етегі, Дондағұл тауы мен Шақабай қызыл тауы аралығындағы Елеке сазы деп аталатын байырғы ата мекенінде», – деп келтірілген. Ақсуаттың халқы күні бүгінге дейін сол жердегі ескі дөңгелек зиратты «Шақаң атаның зираты», жанындағы тауды «Шақаң қызылы» – деп атап, қасиетті орынға балап келген. Батырдың жатқан жері белгілі болғанымен, туған жері жайында талас бар. Бір деректерде Қызылорда облысындағы Сырдария бойы делінсе, енді бірде Тарбағатай өңірі делінеді. Қалай айтсақ та, қазақ үшін қасық қаны қалғанша қылыш үйірген батыр бабаларымыздың қай-қайсысын болсын ұлықтау – бейбіт замандағы бүгінгі ұрпақ борышы.

Беркін ӘКЕБАЕВ,
республикалық «Алтын қалам»
әдеби байқауының жүлдегері

Осы айдарда

Back to top button