Экология

«Жасыл елдің» Жастары Алакөлдің жағасына жиналды

«Жасыл елдің» Жастары Алакөлдің жағасына жиналды


Биыл – Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл. Осы мерейтойға орай, Үржар ауданының орталығында жаңадан ашылған «Балалар саябағында» «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ұйымдастыруымен «Табиғат және біз» атты республикалық экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушыларды Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасов құттықтады.

-Терең ойлы жас ұрпақ тәрбиелеу басты міндетіміз болып табылады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, белсенді жастар береке-бірлік пен ұйымшылдық танытса, алар асулары биік болары сөзсіз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай жақсылықтар жастар қауымын жан-жақты тәрбиелеп, адал еңбек пен ұлттық тәрбиенің қалыптасуына негіз болмақ. «Мемлекет маған не береді» деп емес, «мен еліме не беремін» деп, ата-бабаларымыздың игі істерін әрі жалғастыруымыз қажет. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты – мен жастарға сенемін», деп ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, еліміздің болашағы мен келешегін ойлап, осы шараны ұйымдастырған жастарға алғысымды білдіремін, – деді СерікқазыСәдуақасов.
Республикалық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин республикалық «Табиғат және біз» атты экологиялық акциясы Үржар ауданында бастау алғанымен құттықтап, атқарылған абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тоқталып, Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдинге Алғыс хат табыс етті. Үржар аудандық жастар орталығының жетекшісі Ерболат Мұхамеджан да Алғыс хатпен марапатталды. Республикалық акцияның мақсат-міндеттерін облыстық «Жасыл ел» штабының директоры Қуаныш Қасенов түсіндіріп берді. Сондай-ақ, облыстық жастар орталығының директоры Арайлым Есембекова, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Маржан Бақыт, Алматы қаласы филиалының жетекшісі Мейіржан Жанұзақов өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Қуаныш Қасенов «Жасыл ел» жастар қанатының фирмалық күрткесін аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Құсайынұлына табыс етіп, «Жасыл ел» еңбек жасақтары облыстық филиалының туын Үржар аудандық жастар орталығының жетекшісіне ұсынды.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, Үржар аспаны шат-шадыман ән мен биге бөленді.

Республикалық акцияның екінші күнгі бағдарламасы Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» демалыс лагерінде жалғасын тапты. Астана, Семей, Өскемен қалаларынан келген қонақтар мен аудан жастары арасында семинар өтіп, онда экологиялық мәдениеттің айшықты мысалдары айтылып, пікір алмасып, ойындар ұйымдастырылды. Қуаныш Қасенов пен Ерболат Мұхамеджан бастаған жастар қолдарына «Табиғатты аялайық!», «Тазалықты сақтайық», «Денсаулық – тазалық кепілі» сияқты плакаттарды ұстап, «Жасыл ел» жейдесі мен бас киімдерін киіп, айдынды Алакөл жағалауын түгелдей аралап, шашылған қоқыстарды арнайы дайындалған қаптарға салып, табиғатты қорғауға, аялауға шақырды.

Акция соңында «Табиғат және біз» республикалық акцияға қатысқан әрбір қатысушыға сертификаттар табыс етілді. Осылайша екі күнге созылған акция қонақтары қасиетті Үржар жерін тамашалап, Алакөлдің шипалы суына түсіп, жақсы демалып қайтты.

Зухра Нұржанқызы
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button