Жасыл экономикаға жеделдете көшкен жөн
Өскеменде «Жасыл экономика – стратегиялық даму бағыты» атты халықаралық экологиялық форум өтті. Алқалы жиынға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ, Корея Республикасы мен Қытай Халық республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері Пек Чухен мен Чжоу Ли қатысты.
Әуелі форумға қатысуға келген Өңірлік даму, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің өкілдері, ШҰАР Тарбағатай аймағының басшылары, халықаралық ұйымдар мен 20-дан астам шетелдік кәсіпорын өкілдері мәртебелі меймандармен бірге «Алтай» технопаркінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда форумға қатысушылардың назарына жер, күн, су және жылу энергетикасын жаңғыртудың инновациялық жобалары ұсынылды. Шетелдік меймандар бұл көрмеде баламалы энергетика саласының жобаларынан бөлек, өңірдің брендтік өнімдерімен де танысты.
Форумның пленарлық отырысын ашып берген аймақ басшысы бұл басқосудың маңыздылығына тоқталып, облыста Елбасының жасыл экономикаға көшу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында іске асып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.
– Бұл форум ең әуелі ел Президентінің экономиканың жаңа түріне өту, ұлттың саулығын нығайтып, дамудың жаңа жолына түсу жөніндегі бастамаларын баянды ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазір әлем бойынша экономикалық тенденциялар өзгеріске ұшырап, «болашақтың энергиясын» табу ең өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақстан Республикасы бұл өзгерісті алғашқылардың бірі болып қабылдағаны белгілі. Бұл тұрғыдан біздің аймақтың әлеуеті орасан зор деп айтуға болады. Себебі елдегі баламалы энергия көзі болып саналатын судың 70 пайыздан астамы, орман алқаптарының 60 пайызы біздің аумақта шоғырланған, – дей келе, облыс басшысы өңір энергия өндіруші алпауыттардың мекені болса да, қуат көздерінің тапшылығын сезіп отырғанын айтты.
Осы тапшылықтың орнын толтыру үшін жел, су, күн және атом энергиясын өндіру бойынша түрлі жобалар қолға алынып отыр. Сондай жобаның бірі қытайлық инвесторлармен бірге жүзеге асырылуда. Алғашқы 20 жел қондырғысы орнатылып, сағатына 500 КВатт энергия өндіруде. Тұрғысын өзенінде шағын СЭС құрылысы басталуға жақын. Мұндай шағын су электр стансаларын Қалжыр, Бұқтырма өзендеріне де орнату жобалары бар. Бұл жобалар жүзеге асса, 100-300 МВатт энергия игерілмек. Энергияны өндіріп қана қоймай, оның үнемді пайдалану да тапшылықтың артуына тосқауыл болатыны айқын.
Энергияны үнемдеуші құрылғыларды шығару көлемі артып келеді. Биогаз бен биоотынды энергия көзі ретінде пайдалану технологияларын өндіріске қосу жобалары жетілдірілуде. «Алтай» технопаркі мен Курчатов қаласындағы ұлттық орталықта ядролық энергетикаға бағытталған жобалар дайындалуда.
Аймақта балама энергия көздеріне қатысты ұсыныстар мен өнертабыстар көп екенін, оларды экономикаға енгізу үшін жұмыс қарқынын арттыру керектігін атап айтқан өңір басшысы ауыл шаруашылығына жарамды жердің көп бөлігі тиімсіз игеріліп жатқаны, техногендік қалдық көлемінің күн санап артуы, өндірістің энергия шығыны шамадан тыс болуы, су ресурстарын тұтыну тәртібі жөнінде өзекті мәселелерді қозғады.
Қазіргі тұтынып отырған энергияның құнын 20-30 пайызға арзандату мәселесін қозғаған Бердібек САПАРБАЕВ аймақта бұл шаруа көшелерді жарықтандыру жүйесін өзгертуден басталатынын мәлімдеді.
– Әуелі сыртқы жарықтандыру жүйесін бір ізге келтіреміз. Ішкі энергияны үнемдеу шаралары содан кейін қолға алынады. Бұл істе ШҚМТУ ғалымдарымен тізе қоса жұмыс атқарып жатырмыз. Әзірге аталған бағыт бойынша Өскемен мен Семей қалаларында қозғалыс байқалуда, – деді ол.
Қоршаған ортаны қорғау минстрі Нұрлан ҚАППАРОВ еліміздің жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының бес негізгі принципі төңірегінде сөз қозғады. Жуырда ғана Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасы ел экономикасын жаңа деңгейге көтеретінін айта келе, министр бүгінгі таңда табиғи ресурстарды қатаң түрде үнемдеп игеру міндеті тұрғанын жеткізді. Өткен жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен орнықты даму жөніндегі дүниежүзілік саммитте Қазақстан тарапынан «Жасыл көпір» атты аймақаралық серіктестік бағдарламасы мен ғаламдық энергия-экологиялық стратегия ұсынылып, қолдау тапқан. Бұл серіктестік бағдарламасы орталық Азиядағы экожүйенің ең күрделі деген мәселелерін шешуге бағытталған.
Атышулы Арал мәселесін біржола шешу үшін көршілес елдердің ниетті болуы аса қажет екенін уақыт көрсетті. «Жасыл көпір» бағдарламасы осындай мәселелерде ауызбіршілік танытуға ықпал ететін салмақты институт та болмақ. Серіктестік аясында әлемдегі үздік технологияларды мұқтаж аймақтарға тарату көзделген. Ресурстардың өнімділігін, оны пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу мен бақылау үшін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіндегі жауапкершілікті арттыру, экономиканы неғұрлым тиімді технологияларды пайдалана отырып жаңғырту, ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі іс-шаралардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету сынды қағидаттарға сүйенетін тұжырымдама Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін бес өнеркәсіптік кластерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашпақ. Соның нәтижесінде 2030 жылға қарай құрылыс секторында – 150 мың, ауыл шаруашылығында – 400 мың жаңа жұмыс орындары пайда болуы тиіс.
Тұжырымдамаға сәйкес, 2050 жылға қарай тартылған инвестицияның 50 пайызы жасыл экономикаға бағытталуы керек. Қазақстанда әртүрлі қалдық түрлерін жинаумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құру арқылы 2030 жылға қарай 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы өңірлік теңгерімсіздікті жоюға мүмкіндік береді. Нақтылар болсақ, ауыл шаруашылығын дамытатын жобаларды да қамтитын бұл құжат шалғайдағы аудандарды жаңартылатын энергия көздері есебінен жабдықтау арқылы жылыжай шаруашылығы мен жайлауда мал бағу ісін жаңғыртып, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік туғызбақ.
Бұл тұжырымдаманың өмірге ене бастаған кезі Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дөп келетінін, соның арқасында Қазақ елінің жасыл экономикасы жаңа белеске көтерілетінін айтқан министр осы айтылған басым бағыттарды іске асыруға іскерлер мен кәсіпкерлердің жауапкершілікпен қарауы өте маңызды деген пікір айтты.
Аталмыш министрліктің жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары Керей Бекбергенов Қазақстанға «жасыл экономикаға» көшу не үшін қажет екенін түсіндірді. Бұрынғыдай қоршаған ортаны өндіріс қажеттігі үшін күзетудің орнына табиғатты экономиканың бір бөлігі ретінде қарастыруды ұсынған К.Бекбергенов экономикамызды «жасылдандыру» арқылы 2050 жылға қарай өндірістің радиоактивтілігін 40 пайызға дейін төмендетіп, көмірмен жылыту жүйесінің 32 пайызын газды жылу жүйесіне ауыстыру, қалдықтарды сақтау мен зиянды заттектерді атмосфераға шығарудың стандартын енгізу мүмкіндіктерін жүзеге асыруға болатынын қадап айтты. Бұл экономикалық үрдіс біртіндеп көшу әдісімен іске асырылады.
Қытай елшісі Чжоу Ли балама энергияны өмірге сыналай енгізу жөнінде екі ел арасында мемлекеттік деңгейінде келісім бар екенін тілге тиек етті. Бұл бағытта екі елдің ұстанымы үндес екенін ескерткен Чжоу Ли бүгінде осы мазмұндағы бірнеше бірлескен жоба жұмыс істеп жатқанына да тоқталды. Екі арада қауіпсіз әрі тиімді экономикалық байланыс қалыптастыру жөніндегі серіктестіктің болашағына сенім білдіре келе, елші мырза Қытай елі «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу барысында көршілеріне өз тәжірибелерін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Ал Корея Республикасының елшісі бүгін Алтайдың төсінде әлемдегі ең өзекті мәселе талқыланып жатқанын жеткізді. Ол өз елінде «жасыл экономикаға көшу» үрдісі 2004 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқанын айтады.
«Жасыл экономикаға» көшу барысында өңірлік саясаттың басымдықтары мен ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығы турасында облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев баяндады. Энергияны үнемдеу, атом энергетикасын дамыту, су көздерін тиімді пайдалану мәселелерін тарқатқан В.Кошелев энергия өндірушілердің алдыңғы жиырмалығына енетін Қазақстанның шығысында 40 түрлі энергия көзі бар екенін еске салды. Оның айтуынша, өңірдегі негізгі энергия көздерін өндіруші жүйенің 70 пайызы тозған. Шалғай жерлерді энергияның жаңа түрлерімен қамтамасыз етіп, суға қолын жеткізу арқылы аймақтың табиғи азық-түлік экспортына еркін енуіне мүмкіндік жасауға болады.
Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерғазы Кенжин елдегі атом энергетикасының даму келешегіне талдау жасады. Бүгінде атомдық эенергетика әлемдегі энергетика көзінің 15 пайызын құрап отыр. Әлемнің уран энергетикасынан бас тартқысы жоқ екенін алға тартқан ол уранға бай, білікті мамандары жеткілікті Қазақ елінің аталған энергияны өндіруші 31 елдің қатарынан ойып тұрып орын алуы тиіс екенін нақтылады. Бүгінде Қазақстанда тұтынылатын энергияның 87 пайызын көмірсутек энергиясы құрайтынын анықтаған ғалымдар отандық атом энергетика стансалары арқылы бұл қуат көзінің 20 пайызын өндіруге болатынын дәлелдеп отыр. Мұндай стансалар салуға Курчатов, Балқаш, Ақтау өңірлері қолайлы деп танылған.
Жергілікті ғалымдар ұлттық ядролық орталықтың бұл мәлімдемесіне кереғар пікірде екенін байқатты. Академик Ережеп Мәмбетқазиев атомдық стансаның ұлт саулығына тигізер залалынан сақтандырса, биофизика профессоры Виктор Юнишин қоршаған ортаның орасан зардап шегетініне алаңдайтынын жеткізді. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Шығыста АЭС салу жөнінде ешқандай шешім шықпағанын, бұл мәселе тек талқылану деңгейінде қалып келе жатқанын еске сала отырып, бұл жерде көтерілген мәселелер нақты шешім шығарған кезде ескерілетінін айтты.
Еуропалық қоршаған орта экономикасы институтының негізін қалаушы Кристин Штинглиц еуропалықтардың қалдықтарды реттеу саясаты мен оның жемісі туралы әңгіме өрбітті. ЕҚЫҰ сарапшысы Александр Мирошниченко жаңартылмалы энергетиканың әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне тоқталды.
– Жергілікті жаңашыл ғалымдардың да қандай құнды идеялары бар екенінен хабардармын. Алайда, бізде нақты жобаларды іске асырудан гөрі бағдарламалар құрумен шектелу басым, – деген «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы экологиялық форумның Өскеменде өтіп жатқанына ерекше мән берді.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы өңірдегі ең өзекті экологиялық аймақ болып саналатын Семей полигон алаңында атқарылып жатқан шаралардан хабар берді. Оның айтуынша, АҚШ мамандарымен бірлесе жүргізген зерттеулер полигон аумағындағы кейбір жерлердің пайдалы қазбаларын игеру мүмкіндігі бар екенін анықтаған.
– Бұл форум – Елбасы бекіткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы орындаудың алғашқы қадамы, – деді ол.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ та өз кезегінде бұл форумның маңыздылығын атай келіп, осынау күрделі әрі ұзаққа созылар көштің алғашқы қадамы Шығыста жасалуы тегін емес екенін жеткізді. Пленарлық отырыс соңында облыс әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» арасында жаңартылмалы энергия көздері төңірегінде, ал «Ертіс» ӘКК мен қытайлық серіктестер арасында құны 18 млрд. теңге тұратын жел электр стансасын салу жобасы жөнінде меморандумдарға қол қойылды.