Президент тапсырмасы

Жастарға төмен пайызбен несие беріледі

 Ынтымақ ТОЛҚЫН

Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5%-дық несиеге өтініштерді қабылдау мамыр айында басталмақ. Бес жылға дейін мерзімге берілетін микрокредитті 21 жасқа толған кез кезген ел азаматы ала алады.

Облыс орталығында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жұмыстары барысында ашық отырыс өтті. «Жастар алаңы» деген атаумен өткен жиынға өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының, жоғары оқу орындарының өкілдері мен белсенділер қатысты. Басқосу еркін форматта өтіп, шараға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

– Бүгінгі шараның басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясаты Шығыста қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы толық ақпарат беру. Сонымен қатар жастарға арналған бағдарламалар мен қолдаулар туралы құлағдар ету. Жыл көлемінде жастарды қолдауға бағытталған түрлі шара ұйымдастырамыз және әр үш ай сайын атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, диалог алаңында жиналамыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Жүнісов.

Биыл да жастарды қолдауға арналған бірқатар ауқымды жоба әзірленген. Жұмыспен қамтуға бағытталған бастамалар аясында жыл соңына дейін субсидияланған жұмыс орындарында бес мың, ал «Жасыл ел» жобасы бойынша бір мың жасты жұмыспен қамту көзделген. Сонымен қатар NEET санатындағыларды да қоғам өміріне тартып, белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілмек. Алдағы уақытта оқуын енді бітірген және жұмыссыз жүрген жастарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Жиында көтерілген басты тақырыптың бірі жеңілдетілген несие болды. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін қомақты қаржыны алудың бірнеше шарты бар. Бизнесті дамытуға бағытталған бес миллион теңгені кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы алуға болады.

– Президент тапсырмасына сәйкес биылдан бастап жастардың тың бастамаларын қолдайтын жаңа механизм енгізілді. Яғни, кәсіпкерлікті қолдауға арналған 2,5%-дық несие. Оның негізгі шарты алушының жасы 21-35 жас аралығында және кәсіпкер ретінде тіркелген болуы керек. Жеңілдетілген несие бес жылға, ал ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін жастарға жеті жылға беріледі. Сонымен қатар микрокредитті алу үшін жастардың кепілдігі болуы шарт. Мысалға жылжымайтын мүлік. Егер жастарда ондай мүмкіндік болмаса, үшінші тарап та қарастырылған, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Альбина Уақбаева.

Қазір жеңілдетілген несие берудің алғышарт рәсімдері жүргізіліп жатыр. Несие қаржысы еліміздің екінші деңгейлі банктері арқылы берілетіндіктен басқарма тарапынан сенім білдірілген өкілді таңдау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл рәсімдер жоспар бойынша 20 сәуірде аяқталады. Ал 2,5%-дық несиеге өтініштерді қабылдау алдағы мамыр айында басталады.

 

Осы айдарда

Back to top button