Денсаулық сақтау

«Жасанды бүйрекке» байлаулы жандар көп

Айна Ескенқызы

Шамиль Назыров облыстық мамандандырылған медициналық орталықта екінші жыл нефрологиялық (жасанды бүйрек бөлімі деп те атайды) бөлімді басқарады. Ол өзінің көптеген науқастарымен эмоционалды байланыс орнатқан, өйткені олар ұзақ жылдар бойы оның бөлімшесінде күнделікті бірнеше сағаттарын өткізеді, олар қанды аппараттық тазартусыз өмір сүре алмайды.

Дәрігер осындай пациенттермен қалай жұмыс істеу керектігі, оларды қазір өмір мүлдем басқаша деген ойға қалай үйрету керектігі, ауыр эмоциялардан қалай арылту керектігі жайлы және өңірімізде гемодиализ қызметі қалай құрылғаны туралы айтып берді.

Бүйректің қанды тазарту және дененің қалыпты гомеостазын сақтау функциясының төмендеуіне әртүрлі аурулар әкеліп соғады. Бүйрек енді өз функциясын орындай алмайды, демек, бүйрек жеткіліксіздігі мен жүрек-қан тамырлары асқынулары кезінде адамның өмірін сақтау үшін пациентке жасанды бүйрек қажет, ол гемодиализ  аппараты деп аталады.

Қазіргі уақытта елімізде жеті мыңнан астам пациент гемодиализ аппаратымен емделуге таңылған. Олардың бүйректері өз қызметін атқара алмағандықтан, қан жасанды бүйрек аппараты арқылы тазартылады. Науқастардың арасында балалар да бар. Облыстық мамандандырылған медициналық орталық – Өскемендегі диализ терапиясын жүргізетін үш ұйымның бірі, – деп түсіндірді  Шамиль Назыров.

Дәрігердің айтуынша, көптеген науқастар гемодиализ терапиясы бүйректерін қалпына келтіруге көмектеседі деп жаңсақ ойлайды. Өкінішке қарай, олай емес.

– Гемодиализ сау бүйрек жұмысының бір бөлігін орындайды. Сондықтан оны жиі бүйрек алмастыру терапиясы деп атайды. Алайда бұл терапия науқастың бүйрек ауруын емдемейді және бұл пациенттер өмір бойы диализ процедураларынан өтуге мәжбүр немесе бүйрегін алмастыратын операция жасатуы керек. Осы терапияның көмегімен пациент одан әрі өмір сүре алады, ал егер мұндай көмек көрсетілмесе, науқас, өкінішке қарай, қайтыс болады. Мен еліміздегі ресми статистикаға тоқталғым келеді. Мысалы, 2009 жылы диализдегі науқастардың орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі үш-бес жыл болды. Бүгінгі таңда  елімізде бұл процедураны 17 жылдан бері алып келе жатқан науқастар бар! Олар үйленген, қалыпты өмір сүреді, жұмыс істеуді жалғастыруда. Сонымен қатар бұрын  нефрологиялық қызмет бұл көмек түрін 35 пен 42 жас аралығындағы науқастарға ұсынатын. Қазір бізде бұл медициналық қызметті егде жастағы  адамдарға ұсынудың барлық мүмкіндіктері бар. Еуропа елдерінде диализбен ауыратын науқастардың 50%-ы  60-70 жастан асса, бізде осы жас санатындағы науқастар барлық пациенттердің  шамамен 25%-ын ғана құрайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бізге бұл қызметті әлі де жетілдіре түсу керек, – деп атап өтті Шамиль Владимирович.

Соңғы жылдары гемодиализ терапиясында пациенттерді басқару тактикасы барынша пысықталып, жолға қойылды. Нефрологтың диагнозы ешбір жағдайда үкім болып табылмайды. Диализдегі көптеген науқастар диализге үйренгеннен кейін әдеттегі өміріне оралады, жұмысын істейді немесе оқуын жалғастырады.

Терапия бөлімшеге аптасына бірнеше рет келуді көздейтініне қарамастан (біреуге екі рет, ал екіншісіне үш рет), науқас басқа қалаға немесе тіпті елден тыс жерлерге де бара алады, тек мұны өзінің емдеуші дәрігерімен алдын ала талқылауы керек, – дейді маман.

Қазақстанда   созылмалы бүйрек ауруымен сырқаттанушылық 12-15% құрайды.

Соңғы жылдары нефрологиялық қызмет дамыды, мамандар бүйрек жеткіліксіздігін тану, үздіксіз гемодиализ терапиясын жүргізу, анемияны түзету, минералды-сүйек бұзылыстарының, қан қысымының алдын алу әдістерін игерді. Ал қазір біздің алдымызда   ерте кезеңде түзету  үшін бүйрек ауруларын болжау және басқару сияқты  міндет тұр, – деп бөлісті Шамиль Владимирович  болашақтағы жоспарларымен.

Бүгінгі таңда облыста 200-ден астам пациент гемодиализ терапиясынан өтуде. Науқастар барлық емдеуді медициналық сақтандыру қорынан төленетін  медициналық көмектің кепілді көлемі аясында тегін алады.

Осы айдарда

Back to top button