Денсаулық сақтау
Жас мамандарға көтермеақы берілді
Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев өткен жылдың соңында жас дәрігерлерге көтермеақының екінші бөлігін табыс етті.
2011 жылы арнайы шақыртумен облыс орталығына Семей медициналық университетінің қырықтан астам түлегі келген-ді. Келісім бойынша олардың әрқайсысына 300 мың теңгеден көтермеақы төленіп, баспанамен қамтылуы тиіс болған. Баспаналарына және 150 мың теңге алғашқы транштарына жас мамандар қол жеткізгенімен, қалған қаржыны алу уақыты созылып кеткен.
Өткен күзде бір топ белсенді жас дәрігерлер қала басшысына шығып, мәселені шешіп беруін сұраған. Нәтижесінде медицина саласының жас қызметкерлері Жаңа жыл қарсаңында қала әкімі мен қалалық мәслихат хатшысының қолынан өздеріне тиесілі көтермеақыларының қалған бөлігін алды.
Шығыс-Ақпарат