Жас кәсіпкерлер жаңа экономикалық бағытты қолдайды
Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебінің кезекті тоғызыншы маусымының ашылуында «Атамекен» палатасына қарасты өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова студенттер мен жұмысшы жастар алдында сөз сөйлеп, Президент Жолдауының негізгі тұстарын түсіндірді.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, биыл жан-жақты өзгерістер мен шынайы жаңару жылы болды. Ел дамуының ең негізгі, маңызды бағыттары нақты айқындалды. Бірте-бірте басты мақсатымызға қарай жылжып келеміз, ол – халықтың әл-ауқатын сапалы арттыру, – деді ол.
Елена Березинская-Абилованың айтуынша, жаңа экономикалық бағыттың басымдықтары – жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан бас тарту, жалпыға бірдей мүмкіндіктер бере отырып, бәсекелестікті дамыту және ұлттық табысты әділ бөлу.
– Осы кезең ішінде ауқымды саяси жаңғыртулар басталып кетті. Мысалы, сайлауалды партиялық тізімдерде және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5%-ға дейін азайтылды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген графа пайда болды. Парламенттік оппозиция институты құрылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды, – деді қоғам белсендісі.
Осы кешенді реформалардың қисынды жалғасы ретінде 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл – саяси жүйені жаңартудың тағдыршешті кезеңі. Кезектен тыс президенттік, содан кейінгі парламенттік сайлаулар мемлекеттің саяси трансформациясын аяқтамақ.
– Алдағы айда барлығымыз маңызды таңдау жасауымыз керек. Бұл таңдау әрі қарайғы дамуымызды айқындап, қоғамдағы тұрақтылық пен билікке деген сенімді нығайтып, әр ел азаматының әл-ауқатын жақсартарына сенемін, – деп түйіндеді өз ойын өңірдегі іскер әйелдер жетекшісі.
Ержан Кеңесұлы