Балалар жылы

Жас буынды жаңаша тәрбиелеп жатыр

Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының ұйытқы болуымен облыстың қалалары мен аудандарының мектеп командалары арасында «Мәңгілік ел – болашаққа ұмтылған ел» атты аймақтық байқауы өтті.

Балалар жылына арналған шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриоттық сана-сезімді сіңіру, сол арқылы қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерінің жаңа буынын тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, оқушылардың мәдениетін, эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілетін дамытуды қолдау.

Аталмыш байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр команданың капитандары сайысқа түсті. Олар «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты  тақырыпта эссе жазды. Сонымен қатар қатысушылардың барлығы Қазақстан тарихы пәнінен тест тапсырды.

Ал екінші турда әр команда өзінің дайындаған театрландырылған сахналық қойылымын қазылар алқасының назарына ұсынды. Театрландырылған сахналық қойылым тақырыбы қазақ жазушыларының шығармаларынан ғана емес, сондай-ақ шетел әдебиетінен де алынды.

Байқау жеңімпаздарын облыстың жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, атқарушы билік пен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлерінен құралған білікті де әділ қазылар алқасы анықтады.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша, командалық есепте бас жүлдеге дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернаты ие болды. Ал Алтай ауданының командасы бірінші орынды, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернаты екінші орынды иеленді. Үшінші орынды дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейі, сондай-ақ Өскемен қаласы мен Самар ауданының командалары өзара бөлісті. Жүлдегерлердің барлығы арнайы дипломдармен марапатталды.

– Біз классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романынан көрініс қойдық.  Бұл  роман – әскери роман ғой. Романды оқушыларым оқып шығып, сценарийін өздері жазып, драмаға айналдырды. Осы әскери романнан жеті сюжет қойдық. Көркемдеуші музыканы да оқушыларым таңдады. Романның өзі идеологиялық тұрғыдан ескірген. Жалпы, қазіргі таңда екінші дүниежүзілік соғыс, оған қазақтардың қатысуы туралы әртүрлі пікір бар. Десе де сол соғыста негізгі жеңісті қамтамасыз еткен қазақтың солдаттары, қазақтың батырлары екені рас. Сондықтан да біз көбірек көркемдік детальдарды қостық. Неғұрлым қазақы реңк беруге тырыстық. Мысалы, романда Қайрош күй тартпайды. Бірақ біздің қойылымда Қайрош майдан даласында қазақтың домбырасын алып жүреді, сәл тыныстағанда Құрманғазының «Алатау» күйін шертіп отырады. Және сахнаға бірінші рет шығып тұрғандықтан балалар кішкене абдырап қалды, жүлдеге ілінбедік. Жалпы  алғанда балалар жақсы өнер көрсетті. Қатысқанымыздың өзі үлкен жеңіс, – дейді  Күршім ауданы, Қалжыр орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Ләйлә Кәкенқызы Жұмекенова.

Бір атап айтарлығы, осынау байқауға Самар, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарының оқушылары онлайн қатысты. Ал қалжырлық оқушылардың қыстың мынадай аязына қарамай, облыс орталығына келіп, байқауға қатысуын ерлік десек те болады.

Дәл осы Күршім ауданы, Қалжыр орта мектебінде «Тәж» атты драма үйірмесі жұмыс істеп келеді екен. Осыдан екі ай бұрын Ақсуатта өткен Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдығына арналған «Атымды кім атаса, соны желеп-жебеймін» атты байқауда қалжырлық оқушылар жүлделі екінші орынды қанжығасына байлапты. Сондай-ақ аудандық сайыстарда да үнемі бас жүлдені иеленіп жүрген көрінеді.

– Мен «Тәж» атты драма үйірмесінің көркемдік жетекшісімен.  Бұл – оқушыларым өнер жолын қуса, халықтан тәж кисін, Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешовалардың жолын берсе деген игі тілекпен құрылған үйірме еді. Сол оқушыларым үшін жиырма жыл бойы ақысыз жұмыс істеп келемін. Үнемі аудандық, облыстық сайыстарға қатысамыз. Оралхан Бөкейдің «Жылымық», Алаш ардақтыларының әйелдері туралы «Алжир» атты қойылым қойып, аудандық байқаудан бас жүлде алдық. «Томиристі», ақын Қасымхан Бегімановтың әнінің желісімен «Ол көктем оралмайды» атты қойылымды сахналап, тағы да жүлделі болдық. Бүгінде табыссыз емеспіз. Балалардың өнерін қолдап, қолпаштап отыратын мектеп басшылығына алғысым шексіз. Осы жолы да қойылымға қажетті пулеметтерді, автоматтарды да мектеп ұжымы жасап берді, – дейді Ләйлә Жұмекенова.

Мейрам Екпін

Back to top button