Балалар жылы

Ғажайыптар әлемі

Айна Ескенқызы

Өскемен қаласында аутизмі бар балаларға арналған  «Страна чудес» орталығының еліміздегі тұңғыш жеке бастауыш түзету мектебі өз жұмысын бастады. Бұл дегеніміз аутист балалардың қоғамда әлеуметтенуі мен бейімделуінен бөлек білім алуға талпынуына ашылған жол. Қазіргі уақытта аутистік спектрдің бұзылуы бар 39 балақай алғаш рет партаға отырды. Бұдан басқа 72 аутист бүлдіршін орталықтың балабақша бөлімшесінде тәрбиеленуде.

Алғашында оңалту-дамыту орталығы болып ашылған мекеме 2019 жылдың қаңтарынан «Аутизм спектрі бұзылған  балаларға арналған “Страна чудес” мектепке дейінгі ұйымы» ЖШС болып қайта тіркелген. Енді биылғы оқу жылында мекемеде бастауыш түзету мектебі ашылды. Мекеменің директоры Лилия Мамбурова, бұл – осындай ерекшеліктері бар балғындарға арналған елімізде баламасы жоқ инновациялық жоба екенін айтады.

– Мемлекеттің қолдауымен осы мекеменің балабақшасында тәрбиеленген 39 балақай алғаш рет мектеп партасына отырды. Түзету мектебіне он жасқа дейін қабылданады. Мектеп бағдарламасы олардың ақыл-ес қабілеттеріне қарай бейімделген. Түзету мектебінің мақсаты – келешекте осындай балақайларды әлеуметтендіріп, инклюзивті сыныптарда оқуға даярлау. Балаларда бірнеше диагноз қабаттасып кездеседі, алайда олар талантты, тек дұрыс инновациялық әдістемелер керек. Олардың балалық шағын әлі де соза түсуге тырысамыз, себебі олар 6-7 жаста сабақ оқуға дайын емес, – дейді мекеме директоры.

Түзету мектебінің ашылу салтанатына қала басшылығы, ата-аналар, демеушілер, осы мәселеге немқұрайлы қарамайтын жұртшылық жиналды.

– Мен өскемендіктерді, облыс тұрғындарын өңірімізде осындай ерекше түзету мектебінің ашылуымен құттықтаймын. Қала әкімі Жақсылық Мұқашұлы орталықты ашылу сәтінен бастап қолдап келеді, өйткені осындай ауытқушылығы бар балақайлар үшін бұл мекеме өте маңызды. Сіздерге бөлінген ғимарат аз уақыттың ішінде адам танымастай қайта жөнделіп,  қызылды-жасылды түстерге боялып, балақайлардың игілігіне берілді. Педагогикалық ұжымға өркендеуді, ары қарай ілгерілеуді тілеймін.  «Страна чудес» қаладан жақсы мемлекеттік тапсырыс алды. Мектеп шынында да, келешекте ерекше балғындар үшін ғажайыптар әлеміне айналсын, – деді мекеменің ашылу салтанатында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Оның айтуынша, облыс орталығында мемлекеттік емес төрт арнаулы балабақша, арнайы қызмет түрлерін көрсететін төрт мектеп пен тағы екі балабақшадан бөлек тағы бір жекеменшік мектептің есігін айқара ашуы, әртүрлі қайырымдылық қорларының болуы – үлкен жетістік. Мемлекет мұндай мекемелерді барынша қолдап, мемлекеттік тапсырыстан қағыс қалдырмайды.

Еуропаның қайта құру және даму банкі мекемеге 45 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

– Сіздерге бүгінгі  мақсаттарыңызға жету үшін көп уақыт қажет болды. Еуропаның қайта құру және даму банкі өткен жылы сіздердің аутист балаларды қолдау жобаларыңызды қолдаған болатын. Банк қызметкерлері сегіз ай бойы 22 миллион теңгеден астам қаражат жинадық. Банк басшылығы бұл соманы екі есе үстемелеп, сіздерге 45 миллион теңгенің сертификатын табыстап отырмыз. Бұл қаражат қиын жағдайға тап болған отбасыларындағы аутист балақайлардың осы мекемеге бір жыл бойы тегін келуіне мүмкіндік береді. Өзім де осы жерде тәрбиеленетін  аутист баланың анасы ретінде айтарым, олардың аз уақытта қандай жетістіктерге жеткенін көріп жүрмін. Балаларымыз талапты. Мен біздің көмегіміз болашақта балаларға толыққанды өмір сүруге септігін тигізеді деп сенемін, – деді банктің өкілі.

– Бұл жердегі балғындардың әр жетістігі үшін екі есе қуанамыз. Ол сөйлеп үйренді ме, бұл ғажап емес пе?! Ол жаңа ортаға бейімделді ме, бұл да ғажап! Күнделікті жаңа дағдыларды меңгере бастаса, бұл да ғажап! Ең ақыры ата-анасының баласына алаңдамай жұмыс істеуінің өзі ғажап қой! Мен біздің тәжірибеміз қоғамға пайдалы, басқаларға үлгі болады деп сенемін. Осындай тамаша ғимаратқа көшуімізге қолдау танытқан барлық демеушілерге, қысқа мерзімде аяқтаған құрылыс компанияларына, мердігерлерге алғысымыз шексіз, – деп жалғастырды Лидия Мамбурова толқынысын жасыра алмай.

Бүгінгі таңда мекемеде 34 педагог жұмыс істейді, олардың 18-і түзету мамандары. Олар: психолог, дефектолог, сенсорлық интеграция мамандары, нейропсихология, нейро- логопед, жаттығу терапевт, жүзу нұсқаушысы, әлеуметтік қызметкерлер. Педагогтар халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді, олардың тәжірибесін енгізуге тырысады. Әдетте, сабақтар ойын түрінде өтеді. Бұл әдіс балғындардың шамадан тыс шаршамауына септігін тигізеді, сонымен қатар балаларға осындай жағдайда жаңа білім мен дағдыларды үйрену оңайырақ.

– Өз жұмысымызда біз ең жаңа және тиімді АВА-терапия, нейрокоррекция, сенсорлық интеграция, ерте араласу, PECS  баламалы коммуникациясы сияқты әдістерді қолданамыз. Біздің балабақшада сөйлемейтін балалар сөйлей бастайды, балаларды қоғамға бейімдейміз, бойларына әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды сіңіреміз, коммуникативтік дағдыларды дамытамыз. Балалардың табысқа жетудегі әрбір қадамы – біз үшін алтынмен пара-пар. Біздің балабақшадан балалар мектептердің инклюзивті сыныптарына баратын, бұл біздің басты жетістігіміз еді. Енді олар өзіміздің бастауыш түзету мектебінде оқиды. Кейін инклюзивті сыныптарда оқуға даярлаймыз. Бұл жекеменшік мекеме болғанымен шығындардың бір бөлігін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мемлекет өтейді, – деп қосты Лилия Мамбурова.

Бастауыш түзету мектебі

 Бір жылдың ішінде жөндеуден өткен ғимараттың бірінші қабатында түзету мектебі де, екінші қабатында балабақша орналасқан. Заманауи бассейн, екі сенсорлық зал, массаж кабинеті, кең, жарық сынып бөлмелері, тұз үңгірі, асхана,  барлығы да балалардың үйлесімді дамуы, қоғамға бейімделуі және әлеуметтенуі үшін жасалған. Бір сыныпқа кіргенімізде балақайлар шеңберге тұрып, ойнап жатыр екен. Сырт көзге он екі мүшесі сау балалардан түк айырмашылығы жоқ сияқты. Мектеп педагогтары үшін түзету сыныптарының ашылуы  үлкен қуаныш, керемет жетістік. Оларға тіпті арнайы бағдарламаның жоқтығы да кедергі бола алмаған. Мұндай түзету мектебі елімізде бұрын-соңды болмағандықтан педагогтар бағдарламаны өздері жазып шығыпты.

– Біздің шығармашыл ұжым мәскеулік әріптестердің бағдарламасын басшылыққа ала отырып, балақайларды мектепке бейімдеудің өз бағдарламасын әзірледі. Біз оларды алдымен бір-бірімен амандасуға, араласуға үйретеміз. Бұл балаларда коммуникация бұзылғандықтан, оларға қасындағы балаға «сәлем» деп амандасу да, қолын ұсыну оңай емес. Жаңа ортаға түскенде оларда қорқыныш басталады, бойларын үнемі үрей билеп тұрады. Балаларда аутистік спектрдің бұзылуынан басқа ақыл-естерінде де кемістік кездеседі.  Бір сыныпта он екі, кейде одан аз, не көп бала  бар, оларды ақыл-естерінің қабілетіне қарай топтаймыз. Үш сыныптың біреуінде психикалық дамуында тежеуі бар балалар оқиды, екіншісінде ақыл-ес кемістігінің жеңіл түрімен, үшінші сыныпта, бұл ең ауыр  топ – ақыл-ес кемістігі орташа білінетін  балғындар оқиды. Менің сыныбымда тоғыз бала бар, – деп түсіндірді мектептің дефектолог-мұғалімі Олеся Сыткина.

Олеся Анатольевнаның айтуынша, балалар мекемеде сағат 8.00-ден 17.00-ге сағатқа дейін болады. Түске дейін сабақ оқиды, түстен кейін түзету сабақтары өтеді, арасында міндетті түрде демалады.

Сыныпта бір мұғалім мен үш трьютер маман  жүреді. Кейбір балалар өз бетімен жұмыс істей алса, кейбіреуіне міндетті түрде көмек, бақылау керек.

– Мектеп бағдарламасы жеңілдетілгенімен оған жалпы білім беретін мектептегідей барлық пән кіреді. Математика да бар, жазуға да үйретеміз, түсінікті болу үшін барынша қарапайым әдістермен түсіндіреміз. Егер бала жаңа сабақты меңгермей қалса, ешқайда асықпаймыз, оны қайталап оқимыз, – деп жалғастырды дефектолог.

Өскемендік Раушан Ғабдуллинаның баласы орталықтың балабақшасына барады.

– Менің балам алты жаста, былтырдан бері осы мекемеде тәрбиеленеді. Келер жылы осы жерде мектепке беремін. Сол себепті мен осындай түзету кластарының ашылғанына өте қуаныштымын. Өйткені біздің балалар кейін инклюзив сыныптарда да оқи алмайды және ондай сыныптар өте аз. Ана ретінде айтарым, балақайларға осында келу өте ұнайды. Қызметкерлердің барлығы тәрбиеленушілерге өз баласындай жылы қабақпен қарайды. Қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру, дағдыларды үйрету ойын түрінде өткендіктен, бүлдіршіндер айналасына қорқыныш сезімімен емес, қуана қарайды, – дейді Раушан.

Раушанның баласына аутист диагнозы екі жасында қойылыпты. Бір қарағанда, қалыпты дамып келе жатқан бүлдіршін болатын. Бүкіл әлемде бұл диагноздың неден болатынын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Өкініштісі, соңғы кездері аутист балалардың көбінің ақыл-есінде ауытқушылық кездеседі. Раушан ата-аналармен араласып, балаларының қуаныштарына бірге қуанатынын, үнемі бір-біріне қолдау көрсететінін айтады.

Біз мекеменің қызметкерлері мен тәрбиеленушілеріне сәттілік тілейміз. Бірнеше жылдан кейін бұл кішкентай балабақша шынымен де, үлкен ғажайыптар еліне айналады деп үміттенеміз, ал тәрбиеленушілері нәзік балалардан физикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да күшті дамыған тұлғаларға айналуына тілектеспіз.

Back to top button