Жарқын ШӘКЕРІМ: – Таласбек Әсемқұловты Шұбартауда жүрген жерінен \”Сазгенге\” шақырған мен едім
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, музыка зерттеуші, жерлесіміз Жарқын Шәкерiммен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Қырық жылғы серігім – қосбұрау домбыра
– Сіз халқымыздың көне аспаптарының бірі – үш ішекті домбыраны дәріптеп келесіз. Өзіңіздің осы аспапта орындап келе жатқан күйлеріңіз де бар. Үш ішекті домбыраны кімнен үйрендіңіз?
– Үш ішекті домбыраның үш ішегінің әрбірінен үш түрлі үн, үш түрлі дыбыс шығады. Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан бір дыбысы, бір үні артық. Осы артық дыбыс, артық үн құлаққа естілетін күйдің үнін әдемілейді, өзгешелейді. Үш ішекті домбыраны халық ішінде «қосбұрау домбыра» деп те атайды. Қосбұрау аталатын себебі, тағылатын ішектің санына қарай екі түрлі құлақ күйінің қатарлас естілуіне байланысты болса керек. Мiне, 40 жыл болды, үш iшектi домбырамды қолымнан бiр күн де тастаған емеспін. Осы жылдар iшiнде Шәкiр Әбенов, Байтөлеу Нұрғалиұлы, Ысқақ Ермекбайұлы, Тайтөлеу Кәдірбекұлы секілді халық композиторларынан кезінде үйренген, есiмде қалған сарындарды күйдiң формасына лайықтап жиырмадан астам күй шығардым. Өз жанымнан шығарған «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қаракерей Қабанбай», «Таскескен», «Абыралыдағы Ата зары», «Дүние-кезек», «Темір – Шеркеш», «Құртқа тәуіп» тәрiздi күйлерiммен қатар Нұрғали Қадырбекұлының «Көк қаршыға», тағы басқа да
күйлерін осы қосбұрау домбырамда орындап жүрмін. 1960 жылы Қытайдан елге оралған көрнекті домбырашы, күйші Сапаржан Торсықбай Таскескен ауылына келіп қоныстанған соң, мектебімізде домбыра үйірмесін ашты. Оқушы балаларға «Салкүрең аттың шабысы», «Ақ арал», «Маңғабыл», «Арнау», «Көктем шуағы», «Көктөбел», «Шағантоғай», «Жалқы жігіт» тәрізді және басқа да отыздан астам күйлерді үйретті. Сапаржаннан үйреніп алған күйлерімді 1964 жылы Қарағанды музыкалық училищесіне барып, тартып бердім, Төлеген Тоқтаров деген училище директоры таңданып, мұндай күйлер Қазақстанда бұрын-соңды болмағанын айтып, училищеге емтихансыз қабылдап жіберді. Оны 1968 жылы бітіріп, Алматыға консерваторияға келген соң, Нұрғиса Тілендиевке тыңдатып көріп едім, ол кісі де «керемет күй екен» деді. Ал Болат Сарыбаев болса асатаяқпен, оның ұлы Талғат Сарыбаев шаңқобызбен сүйемелдеп, Сапаржан Торсықбай үйреткен «Салкүрең аттың шабысы» күйін күйтабаққа және радиоға жаздырды. Сапаржан ағамыз бұл күйді Қытай еліндегі әйгілі Тайыр деген композитордың күйі деп айтып отырушы еді. Қырық жылғы серігім – қосбұрау домбыра. Абай, Шәкерім, Шәкір Әбенов аталарыма еліктеп күйлер шығардым. Қосбұрау домбырада 60-шы жылдарға дейін радио мен теледидарда ешбір адам күйлер орындап көрген жоқ. Сол жылдардан бастап Болат Сарыбаев зерттеуінің нәтежесінде қосбұрау домбыраны дамытуды қолға алдым.
– Парижде ән салып, Еуропаны тамсандырған Әміре Қашаубаевтың фонографта жазылған дауысының таспасын алғаш тауып, халқымен қауыштырған да өзіңіз екеніңізді білеміз.
– Мен Әміре атамыздың фонографқа жазып қалдырған «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағашаяқ», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Бесқарагер» әндерінің үнтаспасын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттың қырғыз бөлімінен таптым. Әміре фонографқа Парижге бара жатқан жолында Мәскеу қаласында жаздырған екен. Фонографқа жазып алған адам қазақтың әндері мен күйлерінің нотасын жазып, жинап жүрген Александр Затаевич көрінеді. Оның үстіне бұл керемет олжа жөнінде Мәскеуде жүріп Алматыға алғаш хабарлаған адамым «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы Сапар Байжанов еді. Қуанышымды бөлісіп, арнайы телефон соқтым. Сапар Байжанов қазақ журналистикасының ірі өкілі ғана емес, өнерге де құлағы түрік жүретін, реті келгенде, небір әндерді тамылжыта шырқай алатын қазақ өнерінің жанашыры еді. Жаңалыққа хабардар болған Сапекең кідіртпестен «Әміре Қашаубаевтың дауысы» деген мақаланы газеттің кезекті 12 наурыздағы санына жарқ еткізіп, шығарып кеп жіберді. Сөйтіп, бұл жаңалық менің авторлығыммен елімізге жетті. Сонымен қатар Мәскеу қаласында шығатын «Неделя» деген апталық газетте «Жаркын Шакаримов находит клад» деген мақала жарық көріп, жаңалық бүкіл Кеңес Одағына да тарап үлгерді. Көп кешікпей Әміренің фонографқа жазылған үнтаспасын күйтабаққа аударттық. Осылайша Әміре орындаған ән халқымыздың игілігіне айналды. Сол кездегі Қазақстан КП Орталық комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі М.Есенәлиев, Қазақ КСР Мәдениет министрі М.Базарбаев, министрдің орынбасары У.Садықова, Алматыдағы граммофонға жазу студиясының директоры С.Құсайынов Әміре күйтабағын жарыққа шығаруда айтарлықтай қолғабыс жасағанын айту парыз. Көп кешіктірмей әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігіндегі қалалық Қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің кезекті сабағында Қазақстанның Халық әртістері Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, жазушы Сапарғали Бегалиннің және менің қатысуыммен Әміреге арналып кеш өткізілді. Онда Әміре әндері тыңдатылды. Ал Әміре дауысын алғаш рет Қазақ теледидарынан халық назарына ұсынып, тыңдатуға қолғабыс жасаған белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Оразалинов болғанын осы орайда айта кетуді парыз санаймын.
«Сазген» ансамблінің құрылуына Өзбекәлі Жәнібековтің ықпалы зор болды
– Сіздің әйгілі «Сазген» ансамблін құрғаныңызды білеміз. Қазақ музыка әлеміне құбылыс болып енген осы ансамблді құруда қандай қиындықтар болды?
– «Сазген» фольклорлық ансамблін 1980 жылы сол кездегі Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексембек Еркімбековтің қолдауымен, сол кездегі Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің ұйытқы болуымен, ғұлама ғалым Болат Сарыбаев зерттеп тапқан көне музыкалық аспаптар негізінде ұйымдастырған – мен. Қазақтың көне музыкалық аспаптарын жаңғыртып, дәстүрлі музыкалық мұраларымызды дамытуда «Сазген» фольклорлық ансамблінің алатын орны ерекше. «Сазген» фольклорлық ансамблін «республикалық халық музыка аспаптары мұражайы» шаңырақ көтергенде, мұражай қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырған болатынмын. Сондықтан айтар әңгімемді мұражайдың құрылған жылынан бастағаным орынды болар.1980 жылдың 1 тамыз күні Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мұражайды ұйымдастыру жөніндегі №358 Жарлығы шықты. Осыған байланысты Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде арнайы шешім қабылданып, оның директорлығына лайықты маман іздегенде, көп ішінен директор болатын адам мен болып шығыппын. Мені қолымнан жетектегендей министрдің алдына апарып таныстырған министрдің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков пен белгілі музыка маманы, профессор Болат Сарыбаев болды.Көп кешікпей Қазақ КСР Мәдениет министрі, белгілі қоғам қайраткері Жексенбек Еркімбековтің қолымен бекітілген 1980 жылдың 4 қыркүйек күнгі № 556 бұйрығымен шаңырақ көтерген «Республикалық музыка аспаптары мұражайының» тұңғыш директоры болып тағайындалдым. (Жоғарыдағы суретте бірінші қатарда сол жақтан бірінші отырған Жарқын Шәкерім, осы қатарда төртінші отырған күйші Таласбек Әсемқұлов)
Үлкен сахналарда да арнайы концерттер бердік. Осындай концерттердің бірі жөнінде «Вечерняя Алма-Ата» газетінде: «Среди столичных концертно-театральных рекламных афиш появилась новая – ансамбля «Сазген». Она пригласила на днях в Казахконцерт всех любителей старинных казахских мелодий, древних народных кюев, песен и танцев. Организованный в Республиканском музее народных музыкальных инструментов ансамбль «Сазген» показал в премьерный вечер оригинальную, редкостную в музыкальном отношений программу, состоящую из давно забытых временем, никогда не звучавщих на современной сцене фольклорных пройзведений, исполненных в голосе, на старинных музыкальных инструментах, переданных в танцах. Новый музыкальный коллектив представляет художественный руководитель ансамбля директор Республиканского музея народных музыкалных инструментов Ж.Шакаримов» деп атап жазды («Вечерняя Алма-Ата» газеті, 1981 жыл, 18 қыркүйек). «Сазген» ансамблі шын мәнінде алғашқы қадамынан-ақ осылайша ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сол кездегі жарыққа шыққан мақалалар бұл ойымды дәлелдейді. Мәселен, «Казахстанская правда» газетінде: «За прошедшее время ансамбль «Сазген» творчески окреп, приобрел популярность. С его искусством познакомились тысячи алматинцев и гости столицы республики» деп жаза келе, ансамбль мүшелері есімдерін де атап көрсеткен («Казахстанская правда» газеті, 1982 жыл, 11 ақпан). Мұражайдың директоры және «Сазген» ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде Мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков пен оның орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің айтқан тапсырмаларын орындауға, ел сенімінен шығуға тырысып, бар күш-жігерімді аянғаным жоқ. Сондықтан да ансамбльді ұйымдастыру барысында күйлерді орындаудың қарапайым түрі – унисондық үлгісін таңдап алдық. Осы үндестікте көне музыкалық аспаптар үні көрермендерге тәп-тәуір ерекше әсер етті. Оның үстіне ат жалын тартып мінген, жалындаған жас, сирек кездесетін талант иесі, күйші Таласбек Әсемқұловты Шұбартаудан Өзбекәлі Жәнібековке айтып жүріп, арнайы шақырған болатынмын. Сонымен күйші Таласбек Әсемқұлов, қобызда әрі сазгенде орындаушы Ерлан Қуандықов, әнші Майра Ысқақова, сырнайшы Зәбира Жәкішева, жетіген мен тұяқтаста орындайтын Сәуле Боранбаева, биші Ботагөз Құспанова, дабыл мен сыбызғыда орындаушы һәм музыкалық аспаптар жасаудың шебері Оразғазы Бейсенбаев, жетіген мен сылдырмақта орындаушы Күләнда Аитова, әнші Қожахмет Мұсабеков, шаңқобызда орындайтын Зүлфия Молдағаринова, ансамбльдің алғашқы жүргізушісі Роза Кан тәрізді талантты қыз-жігіттерді мұражайдың тұңғыш директоры ретінде өз қолыммен бұйрық шығарып, жұмысқа қабылдадым. Мұражайдың уығын көтеріскен алғашқы қарлығаштар міне, осы аталған азаматтар.
Жүсіпбек Елебековтен үйренгенім көп
– Сіз өнеріңіздің арқасында қазақтың марқасқаларының бірсыпырасымен үзеңгілес болып, бірге жүріп, тәлім-тәрбие алдыңыз. Солардың бірі – Жүсіпбек Елебеков. Ол кісіден не үйрендіңіз?
– Жалындаған жастық шақта домбыра ұстап, күй орындағанымды көрген Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков: – Әй, бала, ер соңымнан, өнеріңді менің жанымда жүріп көрсет» деп нақтылап айтқан соң, соңынан ергенмін. Содан 5 жыл бойы бүкіл қазақ жерін аралап, гастрольдік сапарда жүрдік.
Жол жүргенде Жүсекең киім-кешек салған қоржыны мен домбырасын алып жүруді тек маған ғана тапсыратын. Барған жерімізде Жүсекеңнің концерт афишасын көше-көшеге желімдеймін. Кешкілікте Жүсекеңнің әнін тыңдаймыз, Жүсекеңді көреміз десіп ағылған жұртты есіктен кіргізіп, билеттерін тексеріп, оны жыртатын контролер да мен бола қаламын. Кезегім келгенде, жүгіріп барып сахнада күй орындауға да үлгеремін.
Жүсекең концерттен соң да жанынан мені бір елі қалдырмайды. Түнейтін сәтте аяқ-қолын, жонын, арқасын уқалатады. Өзі биіктеу, мамық төсекке жайғасады. Мен «Әй, бала!» дегенде атып тұруға ыңғайланып, жердегі киіз төсенішке жата кетемін.
Бір күні Шу стансасына жеткенде, консерваториядағы күзгі оқуым басталатын боп, қатты мазасыздандым. Осы күйімді оғаш көрген Жүсекең: «Кәне, айт, не болды?» деді. Оның абыздай даналығы былай тұрсын, көзі өткір болатын. Бет жүзіне тура қарай алмайтын әдетіме салып, төмен қарап кібіртіктеп, басымды сипай бердім. Аузыма сөз түспей, абдырап қалдым.
«Шыбындаған ат сияқты басыңды төмен салып изей бермей, айтсаңшы не болғанын. Тіл бар ма сенде?!» деді. Бұл жолы дауысы тіпті қатқыл естілді. «Жүсеке… консерватория… Алматы… оқу…» дедім. Әрең дегенде тұншыға кібіртіктегеніме «ертең» деген тағы бір сөз қоса ілінді. Шындығын айтсам, менде Жүсекеңе деген тікелей сөз болмайтын. Жүсекең өзі сөйлейтін. Мен басымды изеп, айтқанын әп-сәтте орындайтынмын. Сонымен іс бітті. Арамызда қалыптасқан осы қасиеттерді Жүсекеңнің тәрбие санап бағалайтыны білініп тұратын. Жүсекең бұл жолы да сөзге келмей, әкелік қамқорлықпен жанашырлық танытты.
Өзі вокзалға ертіп келіп, пойызға билет әперіп, қимастықпен Шудан Алматыға шығарып салды. Күміс қалта сағаты бар еді, соны төс қалтасынан алып. «Мынау өзіңе арнаған сыйлығым болсын» деді. Сахнада ән айтқанда маңдай терін сүртіп жүретін қалтасындағы қол орамалын алып және қолыма ұстатты. Пойыз жылжи берді. Көзіне жас ұялап, мұңайған қалпы Жүсекең қала берді. Ақырын-ақырын алыстай берді. Мен болсам консерваториядағы оқуыма кеттім. Жүсекеңмен бірге бес жыл бойы ел араладым. Жүсекең деген адамның асылы еді ғой.
– Жарқын аға, салиқалы сұхбатыңыз үшін рақмет! Деніңіз сау, шығармашылығыңыз үстем бола берсін!
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт