Жарымжан балаларды жылқымен емдейді
Глубокое ауданы Винное ауылындағы «Титан» ат-спорты кешенінде мүгедек балаларды жылқымен емдеу тәсілі соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр. Мұндағы мамандарға тереңірек тәлім беру мақсатында Ресейдің Мәскеу қаласынан келген осы саланың шеберлері арнайы семинар өткізді.
– Иппотерапия емі балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екі жақты әсер етеді. Атқа мінудің, оны бағындырудың жарымжан бала үшін қандай жетістік екендігін білесіз бе? Жылқы жануарының температурасы адамнан екі градусқа артық, оның да пайдасы бар. Сал ауруымен ауратын бала өздігімен аяғын баса алмайды, ол өзін салт атты адам сезінгенде бейне бір өз аяғымен жүріп бара жатқандай психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады. Жылқы жүрісінің тербелісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне әсер етуге болады, – дейді Мәскеудегі жылқымен емдеу және мүгедектер ат спорты федерациясының президенті Александр Денисенков.
2009 жылдан бері «Титан» ат спорты кешенінде денсаулығында кемістігі бар балаларға арналған ем шаралар арнайы үйретілген аттардың көмегімен жүзеге асырылып келеді. Ал «Титан» ЖШС мен облыстық әкімдік арасында келісілген екі жақты ынтымақтастықтың арқасында бұл жерге төбесі жабылған арнайы манеж салынды, соның нәтижесінде қазір мекеме қысы-жазы жұмыс істеп тұр.
8 жасар емделуші Тимур Сәдуақасовтың анасы Мәриямнің айтуынша, ол мұнда баласын аптасына үш мәрте әкеледі екен.
– Балам осы жерде былтырғы жылдың қазан айынан бері емделіп келе жатыр. Тимурымыз көз алдымызда өзгеріп келе жатыр, айтқан сөзді жылдам түсініп, өз бетінше сөздер айта бастады, мұнда келген сайын көңіл-күйі де күрт өзгеріп, өзіне деген сенімділігі артады, – дейді Мәриям Шалысбаева.
Кешенде балалар еміне арналған арнайы аттар дайындалған. Әрбір аттың жанында инструктор және білікті иппотерапевт маман жүреді. Олардың айтуынша, мұндағы әрбір атқа күніне 6 баладан артық отырғызылмайды, себебі, белгіленген арнайы талаптар мен жылқы бабының ережелері бар. Ал «Ақ тай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Солтанованың айтуынша, биыл иппотерапияның тегін курстарынан 80-ге жуық бала өтпек.
Ресейден келген шеберлер мұндағы мамандарға бірнеше күн семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізіп, соңынан біліктілігі артқан мамандарға арнайы сертификаттар табыстайды.