Ауыл шаруашылығы

Жарық ауылы жарықтандырыла бастады

Қалба тауының қойнауында жатқан Жарық – Жарма ауданындағы тірек ауылдарының қатарына кірген үш елді мекеннің бірі. Соған орай биыл іске асырылмақ шаралар аз емес. Оның ішінде ауыл көшелерін жарықтандыру да бар.

Жарық ауылы жарықтандырыла бастадыАты Жарық болғанымен, бұл елді мекендегі көшелердің көбі кеш батса қараңғылық құшағына көмілетін. Мыңға жуық тұрғыны бар іргелі елді мекеннің тірек ауылдарының қатарына енуіне орай атқарылатын абаттандыру жұмыстары ең алдымен осы көшелердегі электр бағаналарын жаңартып, шамдар орнатып, жарық беруден басталып отыр. Осы мақсат үшін 20 миллион теңге қаржы бөлініп, тендерді жеңіп алған «Исабаев» ЖШС жұмысты бастап та кетті. Олар ең алдымен ауыл орталығындағы ең үлкен үш көшеге жарық беруді жоспарлап отыр. Ойға алған мақсат толық орындалғанда Жарық ауылы атына сай ауыл болатынына тұрғындар сенімді.

Бағдарламада Жарыққа жарық берумен бірге көшелерді абаттандыру, орта мектеп ғимаратына, ауыл клубына, спорт кешеніне күрделі, саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, дәріхана ашу, ауылдың бас жоспарын әзірлеу сияқты шаралар да қарастырылған. Осы жұмыстарға сегіз жоба жасалып, оған барлығы 305,8 миллион теңге қаржы жұмсау қарастырылып отыр. Одан басқа «Жұмыспен қамту –2020» бағдарламасы аясында аудан бойынша 59 миллион теңгеге жуық қаржы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңартуға бөлінген. Оның ішінде Жарықтағы жолдарды жөндеуге де 20 миллион теңге жұмсалмақ.

Тірек ауылдарды дамытудың ең басты жұмыстары ауыл шаруашылығы саласына қатысты болмақ. Соған орай ауылдық округ бойынша «Қалбатау асыл тұқымды мал зауытына» 111 миллион теңгеге жекеменшік қаражатқа ірі қара малын сатып алу, 86 миллион теңгенің несиелік қаражатына мың бас малға арналған бордақылау алаңын салу, жобалық қуаты екі мың дана жұмыртқа шығаруға жететін инкубатор ашу, мал қорымын салу, жекеменшік дәріхананы қайта жарақтау сияқты шаралар атқарылмақ. Оған қоса кәсіпкерлік саласында ауылда шаштараз, аяқкиім жөндейтін шеберхана және жиһаз шығаратын цех, дәмхана, азық-түлік дүкенін, наубайхана ашу да қарастырылуда. Осы жұмыстардың барлығына жекеменшіктің қаржысын қоса есептегенде барлығы 120 миллионның үстіндегі қаржы жұмсалмақ. Тұтас алғанда ауылдық округте бағдарламаға 246 миллион теңге арналып отыр.

– Жобалар толық іске асқанда Жарық ауылы нағыз атына сай елді мекенге айналып, келбеті көп өзгереді. Ауыл тұрғындары үшін жаңадан жұмыс орындары ашылып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шалтабаев. – Биыл негізгі жұмыстар Жарықта атқарылғанымен, келесі жылдан бастап Үшбиік және Шалабай ауылдарында да осы сияқты жобаларды іске асырмақпыз.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button