Ауыл шаруашылығы

Жарманың шұбатына сұраныс көп

Жарманың шұбатына сұраныс көп

Былтыр «Даяна» шаруа қожалығында 1 200 литр шұбат өндірілді. Сусын Жарма ауданы мен Семей тұрғындарының көңілінен шыққанға ұқсайды.
Егер бұрын Шығыс Қазақстанда ойсылқара тұқымын негізінен хайуанаттар бағынан ғана көру мүмкін болса, соңғы жылдары оларды жайылымдардан да жиі кездестіруге болады. Қарлы алқаптарда жайылып жүрген түйе табыны Жарма ауданының жұртшылығы үшін үйреншікті көрініске айналғалы қашан… Десек те, осыдан бес жыл бұрын ойсылқара табынын бұл өңірде көру мүмкін емес-тін.
– Түйелер тек адамдарды ғана таңғалдырған жоқ, – дейді шаруа қожалығы жетекшісінің жолдасы Ерболат Әзімжанов. – Біз оларды осы жерге алып келгенде, мұнда құлынды биелер тұрған болатын. Түйелерді көріп шошыған биелер құлындарын тастай салып, жайлау жаққа қаша жөнелгенін көргенде, өзіміз де таңғалыстық.
«Даяна» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған-ды. Оның жетекшісі – Кәмшат Тектенова. Оған ағасы мен жары көмектеседі. Отбасының ерен еңбегі арқасында фермадағы мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Бүгінде шаруа қожалығында 200 бас жылқы, 600 қой және 60 шақты түйе бар. Ол кезде аудан үшін таңсық түлікті өсіру ағасының арманы болыпты. Алғашқы он түйені Тарбағатай ауданынан алдыртқан. Содан соң тағы 20-сын Алматы облысынан әкеліпті.
– Біз түйелерді бес жыл бұрын сатып алдық, – дейді Кәмшат Тектенова. – Алғашқы уақытта олар қаһарлы қысқа бейімделіп кете ала ма деп көп қобалжыдық. Қазір түйенің саны екі есеге дейін артып отыр. Бұл малдың біздің далада өздерін жақсы сезінетініне көзіміз әбден жетті. Олар жыл он екі ай жайылады. Тек сары аяздарда ғана біз оларды қораларға кіргіземіз.
Жаңа төрт түлік түрі пайда болғалы бері шаруалар олардың ерекшеліктері мен бағу тәсілдерін, мінез-құлықтарын әбден зерттеп алған көрінеді. Басты ерекшелігі – боталарын жан-тәнімен қызғанып қорғаштауы және қашу кезеңінде атан түйелердің қатты қаһарланып, құтырынуы екен.
– Түйелер ең бір тыныш, момын малдардың бірі деп айта аламын, – дейді Ерболат Әзімжанов, – Бірақ күйлеу кезеңінде, яғни, ақпанның соңғы күндерінен бастап сәуір айына дейін аталықтары өте агрессивті болып кетеді. Осы кезде олардың жанына жақындамаған абзал. Көктемде аналықтары боталай бастайды. Ол білдіртпей табыннан жырақ кетіп қалады да, боталарын ешкімге көрсетпейді және қасына ешкімді жолатпайды. Біз алыстан оларды бақылап қана жүреміз. Жақын бармаймыз, тек амандығын тексереміз. Жаңа туылған ботаға жақындауға, қолмен ұстауға, тиісуге әсте болмайды, өйткені, адам иісі шығып тұрса, анасы өлтіріп тастауы ықтимал. Боталаған соң, шамамен бір аптадан кейін аналық түйе ботасын ертіп келіп, табынға қосылады.
Түйеден алынатын өнімдер – сүт, жүн және ет. Шұбатты жергілікті жұрт талап алады екен. Бірақ қалған тауарларға сұраныс жоқтың қасы.
– Түйе еті ауданда әзірге үлкен сұранысқа ие емес. Ол жұртшылық үшін әлі де болсын таңсық, сондықтан сатып алушылардың қарасы да аз, – деп түсіндіреді Кәмшат Тектенова. – Жүнді біз өз қажетімізге жаратамыз. Тігін шеберханасына жүнді апарып, тапсырыспен көрпе тіктіртеміз, бір бөлігін атқарған жұмыстың ақысы ретінде шеберханаға береміз.
Былтыр «Даяна» шаруа қожалығы 1 200 литр шұбат өндірді, биыл олар бұл көрсеткішті арттырмақ ниетте. Дайын өнім негізінен Қалбатау мен Семейдегі жексенбілік жәрмеңкелерде саудаланған.

Ержан Әбіш

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button