Жармада мал саны артып отыр
Жарма ауданы осы жылды оң нәтижелермен аяқтап отыр. Мәселен, өңірдегі ірі қара саны 100 мың бастан асса, жылқы саны 50 мыңға тақады, тиісінше өндірілген ет пен сүтте де өсім бар.
Ауданында жыл басынан 32 миллиард 586 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, былтырғы 10 аймен салыстырғанда 119,1 пайызға артты.
Жыл басынан 13045 тонна ет сатылып, 51246 мың тонна сүт сауылған. Мал санына келсек, ірі қара 100030 басқа (+5165), жылқы 47502 басқа (+5656), ал қой-ешкі 217338 басқа (+1308) жеткен. 20 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіріп отыр.
– Саланы дамыту үшін 201 шаруашылыққа 570 миллион теңге көлемінде субсидия төленді, қаржы асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға, тұқымдық түрлендіру бағдарламасына қатысушы шаруашылықтарға берілді, – деп мәлімдейді Жарма ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Шаруа қожалықтары техникаларын жаңартып, 20 трактор, 2 комбайн мен 1 жүктиегіш сатып алды.
Аудандағы бес сүт қабылдау бекеті тұрғындардан 820 тонна сүт жинады, бұл былтырғыдан 40 тоннаға артық.
Бұдан бөлек, ауданда 35 мың гектардан астам егістік алқап бар. Биыл 8734 тонна дәнді дақыл мен 5339 тонна майлы дақыл орылды. Астық өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттен 40 миллион теңге субсидия төленді.
Атап өтерлігі, осы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен Шалабай округінің «Балжан», Қапанбұлақ округінің «Мирлан» және «Руслан» қожалықтарына электр желісі тартылды.
Ержан Кеңесұлы