Тарих

Жардарбектің жігері мұқалмады

Жардарбектің жігері мұқалмады


Желтоқсан оқиғасының қаһармандарының бірі бүгінде Күршім ауылында тұрады. Ол – Ақши деген шағын ғана ауылдың тумасы Жандарбек Оралбаев. Кешегі қарапайым ауыл баласы – қазір кейінгі буынға ақыл айтып, жөн сілтеуге жарап қалған жігіт ағасы.

– Ол кезде 22 жастамын, астанадағы «Алма-атакультбытстрой» тресіне қарасты СМУ-7 құрылыс басқармасында бетоншы болып жұмыс істеп жүрген болатынмын, – деп еске алады сол шақтарды Жандарбек Қалибекұлы. – 16 желтоқсан күні сағат төрттердің шамасында біз халық шаруашылығы институтының жатақханасы алдында сонда оқитын бір ауылдас қызбен әңгімелесіп тұрдық. Кенет жанымыздан өтіп бара жатқан бір студент жігіт тоқтай қалды да: – Жігіттер, естідіңдер ме, Қонаевты басшылықтан алып тастап, орнына ешкімге белгісіз біреуді әкеліп отырғызды ғой, – деді. Басында біз бұл сөзге аса мән бере қойған жоқпыз. Кешке ауылдас досым Әбікенов Ержан екеуіміз елден келген бауырларымызды поезға салып жібердік те, жатақханамызға қайттық.

Ертеңінде, 17 желтоқсан күні аяңдап жұмысымызға бардық. Сол жерде алаңда болып жатқан жағдайды, жастардың шеруге шыққанын естіп, елеңдеп қалдық. Кешке дейін жұмыста болып, кешке асымызды ішіп алған соң, сол кезде Брежнев алаңы деп аталған орталық алаңды бетке алдық. Біз келгенде, мұнда адам аздау болатын. Сағат жетілер шамасында жан-жақтан топ-топ болып құйылған жастардың саны біртіндеп молая берді. Басында ешқандай жанжал, тәртіпсіздік деген болған жоқ, жастар сыпайы әзілдесіп, ән айтып, топ-топ болып тұрды. Бір топтың арасынан біз Қаратоғайда бірге оқыған кластасымыз Қабдыкешов Болатбекті көріп қалдық.

Үкімет үйін бастапқыда Ішкі істер жоғары оқу орындарының курсанттары қоршап тұрған болатын. Жастардың бір бөлігі Үкімет үйіне кіріп, жағдайды айқынырақ білуге талаптанды. Бірақ курсанттар қарсыласып, оларды кейін серпіді. Әлгі арада шу шығып, жастар курсанттармен кәдімгідей қақтығысып қалды. Дәл сол уақытта, қайдан шыққаны белгісіз, бес бірдей өрт сөндіретін машина келіп жетіп, онсыз да жаурап тұрған жастарға суық суды шаша жөнелді. Олар сумен ұрып, жиналған жұртты таратып жібермек болған-ды. Бірақ олардың бұл әрекеттерінен нәтиже шыға қоймады. Ары-бері жүйткіп, гүжілдеп жүргендерімен ақыры амалдары таусылып, өз беттеріне кете барды. Жан-жақтың бәрін прожектор жарығы тіміскілеп, әлдекімдердің жұртты рет-ретімен суретке, кинокамераға түсіріп жүргендері байқалды. Оған біз көңіл бөле қойған жоқпыз.

Сөйтіп, түн ортасы болды-ау деген шамада теңіздей толқып тұрған жұрт шу ете қалып, кейін қарай лықсыды. Бірін-бірі баса-көктеп қаша жөнелген жастарды көргенде, біз ештеңе түсінбей, аңырап қалдық. Кенет мұздай қаруланған, қолдарына қалқан мен резеңке сойыл ұстаған еңгезердей солдаттардың ұл-қыз, үлкен-кіші деместен жапыра ұрып, қиратып келе жатқанын көрдік. Жанталаса қашып, қалың адамның арасынан амалдап саңылау тауып шыққан он шақты жігіт Абай даңғылын өрлей отырып, біртіндеп жатақханаға жеттік. Жеткен соң әлгі жайды дабырласа әңгімелеп, біраздан соң қайта баруға бел байладық. Бірақ біз есікке таяй бергенде, жатақхана алдына бір автобус келіп тоқтады да, одан сау етіп арнайы жасақтың сарбаздары түсті. Өз қабатымызға жүгіре шығып, бөлмеміздің шамын өшіріп, тым-тырыс отыра қалдық. Бізге кірген жоқ, дегенмен солдаттар, ішінде әлгі Болатбек те бар, қолдарына ілінген бір топ жігітті тиеп алып кетті.

Жардарбектің жігері мұқалмады

18 желтоқсан күні топтанып алып алаңға қайта бардық. Алаң бос, тек шыр айнала солдаттар мен милиция қызметкерлері қоршап тұр екен. Айналып-айналып, Сәтбаев пен Фурманов көшелерінің қиылысына шыға келгенде, алдымыздан білектеріне қызыл шүберек байлап, қолдарына темір арматура ұстаған15-тей жасақшы жолықты. Біз отыздай жігіт едік, лап беріп, соққының астына алдық. Бір-екеуі қашып құтылды. Сөйтсек, жүз метрдей жерде арнайы жасақтың (спецназ) солдаттары тұр екен, әлгілер бізге қарай жапырлай жүгірді. Абырой болғанда, бұл жолы да ыңғайлы жол тауып, сытылып кеттік.

Келесі күні, 19 желтоқсанда «жығылған күреске тоймайды» дегендей, тағы да алаңға беттедік. Тақай бергенде, алдымызды кес-кестеп бір автобус тоқтай қалды да, одан түскен солдаттар шапшаң қоршап, қашар жолымызды кесіп тастады. Резеңке сойылмен тартып-тартып жіберген солдаттар ес жиғызбай, бізді үйдің қабырғасына қолымызды тіретіп, тізіп қойды.

Бізді әлгілер сол кездегі Совет аудандық ішкі істер бөліміне алып келіп, жаппай тергеу басталды. Одан соң Лобачевский көшесі, 10 үйге әкеліп, қамап тастады. Сөйтсек, бұл түрме екен. Осы қапаста әлгі он жігіт екі апта бойы сарылып жаттық.

Мойнымызға нақты ешқандай қылмысты іле алмаған соң, ақырында бізді босатты. Қанша тепкілеп, сабап, жаңылдырып сұрақ қойғанымен, біз «Ешқандай бөтен ойымыз болған жоқ, тек не болып жатқанын көру үшін бардық» – деген жауаптан танбай қойған болатынбыз.

Шыға сала жұмысымызға бардық. Шудың көкесі осында болды. Басшыларымыз бізді жерден алып, жерге салды. Қоқан-лоқының түр-түрін көрдік, алаңға барғандарды шетінен 33-баппен жұмыстан қуып жатты. Маған келгенде бұл бапты қолдана алмады, өйткені мен жұмыстан бір күн де қалып көрген жоқ едім. Дегенмен «өз ықтиярым бойынша» деп қол қойғызды да, тез арада маңайдан кетуімді талап етті.

Сол кезде қазақ азаматтарының көзіне қамшы тиген аттай болып, қатты жасып қалғаны рас еді. Жандарбек те осының барлығын басынан өткерді. Жұмыс іздеп көп сенделген олар қайда барса да, алдарынан шығатын «Бұзақы, өкіметке қарсы элемент» деген жаладан жапа шекті.

– Өз басым осы тәуелсіздіктің түбінде бір келетініне, біздің де күніміз туып, еңсеміз көтерілетініне сендім, – деп еске алады Жандарбек сол бір сұрқай кезеңдерді. – Ақыры ауылға қайттым. Мұнда да кейбір солақай көзқарастағы адамдардың салқын қабағы мен үдірейе қарсы алатын мінездерін аңғарып жүрдім. Қалай десек те, біртіндеп Желтоқсан көтерілісіне деген көзқарас өзгерді. Мұхтар Шаханов бастаған табанды азаматтар оның құрбандарын ақтап алып, олардың ешқандай да бүлікші емес, нағыз батырлар екендігін дәлелдеп шықты. Біз сияқты желтоқсанның суығына тоңып, соққысына ұшыраған жандарға деген шынайы құрмет пен қошемет күшейді. Қазіргі кезде аудан басшылығы бізді құрметті жиындардан, салтанатты шаралардан қалдырмайды. Өткен жылы, «Желтоқсанның 30 жылдығы» медалімен марапатталып, мерейім тағы бір мәрте өсіп қалды.

Иә, шынайы құрмет пен жұрт ықыласы кеш те болса, өзінің нағыз иесін тапты. Жандарбек бүгінде аудандағы қадірменді азаматтардың бірінен саналады. Құдай қосқан қосағы Гүлсім Қайсақызы байырғы ұстаз, №1 Күршім орта мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ береді. Өнегелі отбасында тәрбие алған талапты да табанды бойжеткен Назым қыздары ШҚМТУ-дың информатика факультетін бағдарламашы болып тәмамдап, қазір Өскеменде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал ұлдары Досхан Семейдегі «Еуразия» колледжін «Жол қатынастарын реттеу» мамандығы бойынша бітірген болатын, ол да қазір қызметке кірісуге әзірленіп жатыр.

«Бір аштықтың бір тоқтығы бар», дейді қазақ, сол айтқандай, кезінде қуғынға ұшырап, көзтүрткі болған, сөйтіп, бірнеше жыл бойы сенімсіз жан есебінде жұмысқа алынбай, жылы сөз естімей, жігері құм болған Жандарбек Қалибекұлы бүгінгі тірлігіне дән риза.

– Осының барлығы Тәңір жазған Тәуелсіздіктің арқасы ғой, – деп пікір бөліседі ол жарқылдай сөйлеп. – Қазіргі өмірімізді теріс бағалап жүргендердің пейілдері дұрыс емес деп білемін. Біздің елімізде бүгінгі таңда ерінбей еңбек етіп, жалықпай білім алған жанның жақсы тірлік кешіп, жарқын өмір сүруге толық мүмкіншілігі бар. Ең бастысы, халқымызда бейбіт өмір, берекелі жарасым бар. Сол татулық пен сыйластықтан айырмасын, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button