Жарқын болашақ балалық шағымыздан басталды
Әлі есімде, 1999 жылдың 10 қаңтары болатын. Табалдырықтан енді ғана аттаған Жаңа жылдың алғашқы ашық та, аязды таңдарының бірі еді. Әдеттегідей ерте тұрып, сабаққа дейінгі әдет бойынша әкеме мал жайласуға далаға шыққанмын. Мектеп жақта музыка ойнап, күндегіден бөлек бір қарбалас басталып кеткен. Адам қарасы да көп. Құдды бір, Жаңа жыл немесе Наурыз мерекесі өтіп жатқандай. Біз күн суық болса да үйге кірмей, қораның төбесінде, шөптің үстінде бәрін бақылап, тегін концерт көріп отырмыз.
Бұл еліміздегі кезекті Президент сайлауы тағайындалған күн болатын. Үйдегілер де барлық шаруаны ертерек тындырып, әкем мен анам елдің алды болып, мектепте орналасқан сайлау учаскесіне дауыс беруге кетті. Сегізінші сыныпта оқитын бала кезіміз ғой, ауылда жүрген біздерге бәрі де қызық. Әсіресе, «сайлауда кім жеңеді, үйдегілер кімге дауыс береді, неге оған дауыс береді?» деген сұрақтарға жауап алғымыз келіп, мазамыз қашқан. Жарты сағаттан соң ата-анамыз қайтып оралды. Көңілдері көтеріңкі, әлденені қызу талқылай кірді үйге. Қарындасымыз екеуіміз «Кімге дауыс бердіңіздер?» деп жан-жақтан бастырмалатып жатырмыз. «Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бердік», – деді екеуі де қатар жауап қатып. «Неліктен, ол кісіні таңдадыңыздар?», – дедім бағанағы сауалдарыма толыққанды жауап алғым келіп.
– Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының сайлауалды бағдарламасы осы жолы да көңілімізден шықты. Басқаларға қарағанда сенімді көрінді. Ауылға, ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, өзіміздей көпбалалы аналарға, апаңдай зейнеткерлерге, жастарға деген қамқорлығы ұнады. Енді білімді балалар мектеп бітірген соң өз күшімен таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсе алады екен, тіпті, шетелде тегін оқи алады. Әсіресе, осы жағы қатты ұнады. Әйтпесе, ауылда малға ғана қарап отырған, табысы жоқ отбасылар қалай балаларын ақылы оқыта алады? Сондықтан армандаған мамандықтарыңды оқимын десеңдер, қазірден бастап тек үздік оқып, өздеріңнің жарқын болашақтарың үшін сапалы білім алыңдар. Осының бәрі де біз дауыс берген кандидаттың сайлауалды бағдарламасында толық қамтылған екен, – деді анашым асықпай, баппен ғана сөйлеп.
Мұнан соң бәріміз отырып, отбасымызбен таңғы асымызды іштік. Шай үстінде де әкеміз анамыздың айтқандарын толықтырып отырды. Ата-анамыздың осы айтқандары сол сәттен бастап, құлағымызда қалып қойыпты.
Анамның сенім артқанындай, сол жолғы жалпыхалықтық сайлауда сайлаушылардың басым дауысына ие болған Нұрсұлтан Назарбаев тағы да айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Солайша, жылдар зулап өтіп жатты. Орта білім берген аяулы алтын ұямызды ойдағыдай жақсы тәмамдап, 2002 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне «журналистика» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түстік. Мұнда да төрт жылдық студенттік өмірдің емтихандарын үздік аяқтап, ұстаздардың батасын алып, үлкен өмірге жол тарттық. Ешқандай ақы-пұлсыз жұмысқа да кірдік. Бізді үлгі тұтқан қарындас-інілеріміз де мектепте сабақтарын жақсы оқып, әр жылдары бір-бір мемлекеттік грантты қанжығаларына байлап, мектептегі ұстаздарын да, ата-анамызды да қуантып жатты. Бүгінде әрбірі өз мамандығының иесі атанып, қызметке тұрып, жеке-жеке үй болып кетті. Тәуелсіз Қазақстанның ары қарай да гүлденіп дамуына мүмкіндігінше өз үлестерін қосып жатыр. Ата-анамыз әлі де сол бізді тәрбиелеп жеткізген ауылдарында, ағайынның ортасында, біздің қуаныштарымызға ортақтасып, тұрып жатыр.
Ал қазір өзіміз де ата-ана атанып, ұл мен қызды тәрбиелеп жатырмыз. Тіпті, мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз баспанамызға да қол жеткіздік. Білімді жастарымыздың көбі Қазақстанды былай қойғанда, бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен өзінің қалаған кез келген шет мемлекетінде тегін білім алып келіп, елімізді дамытуға үлестерін қосуда. Бір сөзбен айтқанда, баяғыда сайлау болған күні анамыздың айтқандары уақыт өткен сайын кезек-кезегімен, бірінен соң бірі орындалып жатқаны шындық.
Сонда осыдан жиырма бір жылдан астам уақыт бұрынғы сайлауда басқа үміткер Президент болғанда, бұл күнге жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін? Қазіргі Қазақстан қандай болар еді? Әлеуметтік-экономикалық дамуымыз ше? Ал ата-анамыздың дұрыс таңдау жасағанына еш күмәніміз жоқ. Содан бері Қазақстанымыз қарқынды дамудың жолында келеді, елімізді білмейтін ел жоқ әлемде. Сол кездегі Қазақстан мен қазіргі дамыған, қуатты Қазақстанның арасы жер мен көктей. Елбасының атын иеленген, Тұңғыш Президент тікелей бастамашы болып, іргетасын қалаған елордамыздың бір өзі ғана тәуелсіздігіміздің тамаша жемісі, тартуы емес пе!
Осының бәрі де сол Тұңғыш Президентіміз – Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салып берген даңғыл жолының, алыс болашақты көрегенділікпен болжаған сындарлы саясатының арқасында жүзеге асқаны шындық.
Дәурен Аллабергенұлы