ЖАНҒА ЖАЙЛЫ СТУДЕНТТЕР ҮЙІ
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Өскемендегі Студенттер қалашығы аумағы – бұрынғы атақты Өскемен құрылыс-жол институтының, қазіргі ШҚТУ-дың тарихы өрбіген қасиетті мекен. Осы қалашықтағы Серікбаев, 35/1 көшесінде студенттер үшін тағы бір жатақхана – студенттер үйі салынып, пайдалануға берілді.
ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА БАРЛЫҚ БӨЛМЕДЕ БАР
Жайлы жатақхана ел Президентінің «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты бастамасы бойынша студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептер, интернаттар құрылысын жүргізу мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып отыр.
Постельное белье Алматы Zugo Home. Заказать можно онлайн с доставкой на дом или для общежитие.
«Бәрі енгізілген» қағидаты бойынша тұрғызылған заманауи студенттер үйін өскемендік кәсіпкер Назым Сейтқазина салған.
– Біз студенттер үйін студенттік жатақханалар мен жекеменшік мектептер құрылысын жүргізуге арналған мемлекеттік бағдарламаға қатыса отырып салдық. Жүзеге асырыла бастаған төрт жылдан бері бұл бағдарлама өзін тек оңды жағынан көрсетіп отыр. Сондықтан біз шығысқазақстандық инвесторларды аталған бағдарламаға қатысып, табыс табуға, студенттердің жатақхана жетіспеушілігі мәселесін шешуге шақырамыз.
Студенттер үйі барлық талаптарға сай болуымен қатар мұнда студенттерге арналған көптеген қосымша мүмкіндіктер бар. Бірінші қабатта асхана, азық-түлік дүкені, шаштараз, спорт залы, типография, Makeup қызметтеріне дейін бар. Бөлмелердің бәрінде санитарлық торап, душ, ас дайындау аумағы, сабаққа дайындалу, жатын бөлме бар. Барлық бөлмелер тұрмыстық техникалармен жабдықталған, тоңазытқыш, шыны керамикалық плита, автоматты кір жуу машиналары, жаңа жиһаздар бар. Әр қабатқа сымсыз лимитсіз интернет тартылған, – дейді Назым Сейтқазина.
Бүгінде Астана мен облыс орталықтарында Президент тапсырмасына сәйкес студенттерге осындай жаңа жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Студенттер тұратын жатақханалардың жетіспеушілігі біздің өңірде де өзекті мәселе болып отыр. Ауылдан келген жастар өзбетінше баспана іздеп, қиналып, оған қомақты ақша төлеуге мәжбүр. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда жатақханаға мұқтаж студенттер саны 63 мыңнан асады. Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысында – 488 студентке, көршілес Абай облысында 2612 студентке жатақхана қажет.
МЕКТЕП, ИНТЕРНАТ САЛСАМ ДЕУШІЛЕРДІ ШАҚЫРАДЫ
Мәселені шешудің тиімді әдістерінің бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігін жетілдіру. Құрылыс жүргізушілерді тарту үшін қазір бір орынға мемлекеттік тапсырыс нормативі едәуір ұлғайтылған: алты жыл ішінде мемлекет өңірлердегі инвесторға 195 АЕК төлейтін болады, ғимаратты жатақханаға бейімдеп қайта салғанға 47 АЕК төлейді (2023 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңге). Осы мақсатта заңнамада жатақхана салу үшін жер телімін алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар көзделген.
Мемлекет тарапынан ақшалай төлемдер түріндегі қолдау және жоғары қажеттікті ескере отырып, қазір кәсіпкерлерге қонақ үй немесе кампусқа қарағанда студенттік жатақхана, интернаттар мен мектептер салу әлдеқайда тиімді деуге болады. Бағдарламаның операторы – «Қаржы орталығы» АҚ. Бағдарламаға қатысу үшін жерге құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарымен, заңды тұлғаның болуы туралы құжаттармен алдын ала келісімшарт жасасуға өтінім беру қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесе аймақ кәсіпкерлерін мемлекеттік бағдарламаға қатысып жатақханалар салуға тартуда.
– Жыл басынан бері облыстағы студенттік жатақханаларда бес мыңнан астам төсек-орын тапшылығы жойылды. Қазіргі күні 488 студентке төсек-орын және 4 319 оқушыға оқу орны керек. Аталған мәселелерді шешу үшін біз жыл сайын «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен, өңірдегі әлеуетті инвесторлармен кездесулер өткізіп отырмыз. Жатақханалар мен мектептер, интернаттар салуға ниет білдірген, қызығушылық танытқан кәсіпкер бізге келіп, хабарласып, бағдарламаның мүмкіндіктерімен егжей-тегжейлі таныса алады, – деген өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Әділхан кәсіпкерлерге кез келген уақытта кеңес беруге әзір екендіктерін айтты.
Студенттерге жатақхана салуға, оқушыларға мектептер мен интернаттар салуға арналған мемлекеттік бағдарлама жайлы, құрылысты салушыға мемлекеттен төленетін төлемдер мен көрсетілетін қолдаулар, қаржылай қолдаудың тетіктері мен шарттары туралы толық ақпаратты Өскемендегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына мына телефондар арқылы хабарласып алуға болады: 8 (7232) 742-954, 742-102 немесе «Қаржы орталығының» fincenter.kz сайтынан немесе 8-800-080-28-28 нөмірі бойынша алуға болады.